Суббота, 21.10.2017, 09:50
Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Скачать рефераты бесплатно на казахском и на русском языках | Регистрация | Вход
Меню сайта
Категории
Ағылшын тілі [5]
Ашық сабақ [41]
Биология, Валеология [54]
География [162]
Математика [11]
Информатика [55]
Экономика Бухгалтерия [132]
Қазақ халық әндері,тарихы [9]
Қалғандары [106]
Қазақ хандары, билері, батырлары [153]
Қазақ әдебиеті [367]
Қазақ тілі [79]
Құқық [81]
Қазақ мерекелер,салт-дәстүр [20]
Қазақстан тарих [178]
Химия Физика Астрономия [34]
Дін тану [26]
Тест сұрақтары [33]
Қазақша диплом [7]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [92]
Шағын көлемді шығармалар [7]
Ұлы ОТАН соғысы [18]
Психология, Философия [36]
Педагогика [127]
Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану [47]
Ғылыми жұмыс [93]
Экология [35]
Рефераты на русском [28]
Программы (Сборник Рефератов и т.д) [0]
Слайдтар [4]
Форма входа
Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Қазақ тілі

Қазақ–ұйғыр мақал-мәтелдерінің паремиологиялық жүйесі

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, негізгі мақсаты мен міндеттері, дереккөздері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы анықталып, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар мен зерттеу жұмысының құрылымы туралы мағлұмат беріледі.
Бірінші тарау «Қазақ-ұйғыр халықтарының мәдени-тарихи қарым-қатынасының мақал-мәтелдердегі көрінісі» деп аталды. Ол төрт тараушадан тұрады. Оның «Тарихи кезеңдерге сәйкес қазақ-ұйғыр мақал–мәтелдерінің қалыптасу сипаты» деп аталатын бірінші тараушасында қос халықтың әрбір басынан кешкен тарихи кезеңдеріне сәйкес ММ-дердің қалыптасып отырғандығы сөз болады.
Тіл білімін зерттеуде бір ғылымның құзырында кейде бірнеше ғылымның тоғысу процесін зерттеу мәселесі туындайды. Солардың біріне ММ-дер категориясы жатады. Оның басты себебі қатар, туыс, көрші-қолаң өмір сүріп келе жатқан, мәдениеті, өмір-тіршілігі ұқсас, тілі ортақ этностардың болмысында міндетті түрде бір-біріне әсерін тигізу, өз ықпалын жасау процесі байқалып отырады. Қазақ халқы мен ұйғыр халқының бір топ ММ-дің мағыналас, тұлғалас, қалыптасу уәждерінің, бейнелілігінің ұқсас болуына негіз бола алатын көптеген себептерінің бірі –бұл екі тіл иесінің ұзақ замандардан бері географиялық жағынан бір-біріне жақын кеңістікте, Орталық Азия ауқымында, Қытай елі мен оның Солтүстік батысын жайлаған Ғұн империясымен қарым-қатынаста өмір сүргендігіне байланысты болса, соған сәйкес ұзақ замандардан бергі өмір-тіршілігінің жіті араласуына, әдет-ғұрып, танымдарындағы ұқсастығына да байланысты болса керек.
Туыстас тілдердің сатылай байланысуы, алыстауы мен жақындауы сол қауымдағы әрбір халықтың тарихына тікелей қатысты. Бұл жөніндегі ойымызды ғалым Ә.Қайдардың «Түркітануға кіріспе» атты еңбегінде: «Алғашқы ру, тайпалар одағының қосылуы тарихи қоғамдық процесс болса, әрбір ру мен тайпалардың қалыптасуы да сондай процесс. Кейбір тайпалар жеке рулардың бірлестігі негізінде құралады да, олардан бірте-бірте қол үзіп кетеді.Осыған орай, тайпалар одағы қолданған жалпы тілде жеке рулар тіліндегі ерекшеліктерді сақтауы да, сақтамауы да мүмкін», - деп жазғаны одан әрі дәлелдей түседі ( 1:65).
Осындай түркі тектес туыс тілдер ішінен заманның даму барысына орай, бертін келе қазақ, ұйғыр, қырғыз, түркімен, қарақалпақ және т.б. тілдер, сол тілдерді тұтынатын, сол тілде сөйлейтін қауымдар, этностар өз алдына бөлініп шыққандығы бәрімізге белгілі. Солардан бөлініп шыққан қазақ және ұйғыр халқы қатар тұрып, біте қайнасып жатқан этнос болғандықтан, олардың өзара қарым-қатынас негізі ертеден-ақ дамыған.
Қыпшақтар ХІІІ ғасырға дейін өз үстемдігін Кавказ етектеріндегі халықтарға, оңтүстігінде Хорезм мемлекетіне дейінгі, Шығысында Талас өзенінің бойларына дейінгі өлкеге жүргізіп тұрды. ХV ғасырда жеке халық болып бөлініп шыққан қазақ, қарақалпақ, құмық, ноғай, қарачай, малқар, татар, башқұрт, өзбек халықтарының этникалық құрамына енді. Халық ретінде қыпшақтар монғол шапқыншылығында Алтын Орда үстемдігін де, орыстардың қыспағында да, өз билеушілерінің тақ таласын да көрді. Бірақ өз ерекшелігін сақтап қалды.
Қараханидтер этникалық құрамы жағынан аралас түркі тайпаларынан құралса да, олардың ұйытқысы қарлұқ, шығыл, яғма, тухси тайпалары болғандығы анық. Ал бұл тайпалар Ұйғыр қағанатының да негізгі ұйытқысы болып саналған.
Ертеректе олардың, әсіресе, қазақ тайпаларының — үйсін, қаңлы, қыпшақ, арғын, найман, керей, таңғұт, алшын, қоңырат т.б. тайпалары ғұн әулетіне қатынасы жоқ деп келген зерттеушілер кейінгі кездері, көне қытай жазба ескерткіштерінің кең түрде айқындалып, қазақ, ұйғыр, орыс тілдеріне аударыла бастауына байланысты, олардың көпшілігі ғұн империясымен тығыз байланысты, солардың құзырында өсіп-өніп, өз алдына мемлекет болып дамыған тайпалар екендігін мойындай бастады. Мәселен, “Ғұн тарихынының жылнамасы” атты басылымда (Түркістан, 2004) Ғұнның құзырына үйсін, қаңлы тайпаларының кіші хандықтары қарайтыны сөз болады. Демек, сол бірлестік құзырында жасайтын ұйғыр, қазақ тайпаларының өзара бір-бірімен жіті араласып, ортақ дүниелерді тілдеріне тиек ететін жағдай болғандығын аңғартады. Осы тұстарда қазақ халқында:
Көкте күн жалғыз,
Жерде ғұн жалғыз, - деген мақал қалыптасты. Бұл мақалдың беретін мағынасы: Бүкіл Еуразиялық жазықтықта Ғұн империясы аспандағы Күн сияқты сонша елді жалғыз бір өзі билеп-төстеген еді. Осы мақалдың ұйғырша баламасына келетін болсақ, оның мағынасы мүлдем басқаша. Яғни «Көктә күн ялғуз, йәрдә - һун» деген бұл ғұндардың сымбатты келбеті, көріктілік сипаты туралы мәнге ие. Ұйғыр мақал-мәтелдерінің ішінде ғұндардың, Ғұн империясының соғысқұмарлығын, шапқыншылық саясатын паш ететін, қазақ тіліндегі осы мақалмен мағыналас, ұқсас балама мақал да қалыптасқан: Һұн йоқимиғунчә жаһан тинжимас (Ғұн жоғалмай жаһан тынышталмас).
Бұдан басқа түрік қағанаты тұсында, орта ғасыр дәуірінде және ХІХ ғасырлар кезеңдерінде қалыптасқан ҚҰММ-дер туралы баяндалады.
«Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің этномәдени сипаты» деген тақырыптағы тарауша аты айтып тұрғандай ҚҰММ-дерінің ұлттық-мәдени қырларын қамтиды. Сондықтан ғылымда «этникалық мәдениет» және «этнос мәдениеті» деген түсініктер қалыптасқан. Осыған сәйкес әркімнің ұлттық-этникалық көзқарасын, салт-санасын берік сақтап, атадан балаға мирас ретінде жеткізетін - халық ММ-дері.
Кез келген этнолингвистикалық және этномәдени тұрғыдан зерттеу — белгілі бір халыққа тән ерекшеліктерді жан-жақты қарастырады. Ал әр халықтың өзіндік өзгешелігін танытатын тарихы, өмір сүру ортасы, дүниені тану көзқарасы мен наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы сол халықтың тіліндегі тілдік бірліктерде, оның ішінде мақал мен мәтелдерінде ізін қалдырады. Мәселен, қазақ тілінде: Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар,
Бәрінен де қой бағып
... жеген озар.
Барымталап алған мал емес,
Қуып алған - құн емес.
Бірінші мақалды қарастырсақ, қазақ халқының ежелгі шаруашылығы мал бағу болғандықтан, балаларының күні ұзақ асық ойнап, доп теуіп өткізгенін қаламайды. Керісінше, пайдалы іс – қой бағып, тамағын тауып жегенді мақұл көреді. Соны бүкіл жас ұрпаққа уағыздай отырып, уақытты тиімді де пайдалы іске жұмсаңдар дегенді аңғартады.
Келесі мақал қазақ даласына кең тараған «барымташылықтан» хабар беріп тұр. Алайда бұл әрекеттің дұрыс қылық еместігін, барымтамен алған малдың иесіне мал болып жарытпайтындығын, біреуді шырылдатып жүріп, құн алғандық та нағыз құн болып есептелмейтіндігін тура мағынада түсіндіріп тұр. Бұл мақалмен танысқан адам қазақ жұртының сайын даласында ежелден қалыптасқан «барымтадан», «құн дауынан» дерек алары анық. Міне, талданған мақалдардың қай-қайсысын алмайық, бірі күн көріс әрекетінен, келесі бірі ел ішіндегі ұрылардың айналысқан ісінен хабардар етеді. Яғни бүкіл этностың мәдениетін, салт-санасын таныстырып тұр.
Ұйғыр халқы да ММ-ге бай. Бірнешеуін мысалға келтірелік:
Һүнири бар қол өлмәс
Тазға тағақ бәрсәң, йелим тіләйду
Алғашқы мақал қолөнерші кәсібіне арналған. Ұйғыр халқы ерте заманнан бері қолөнер кәсібін жетік меңгеріп, тоқымашылық, зергерлік, етікшілік, ұсталық кәсіпті жақсы дамытқан. Қалың бұқара ішінде ежелден «он саусағынан өнер тамған» адамдар өте қадірлі болған. Халық арасында үлкен беделге, сый-құрметке ие жандар болған. Сондықтан болар, өнерлі адам ешқашанда өлмейді деген дана сөз қалыптасқан.
Жиде ағаштарынан, әдетте, сұйықтық алынады. Бұл ағаштың сұйықтығын алып, оны кептіріп, қатырып алған соң жыл бойы керек кезінде жібітіп, шашқа жағады. Мұны ел ішінде «желім» деп атайды. Ұйғыр қыз-келіншектерінің шашына жағатын бұл желімінің қасиеті – шашты табиғи азықтандырады, шаштың ағару, түсу және оған қайызғақ түсірмеу, сондай-ақ шаштың тозып кету құбылыстарының алдын алады. Бағзы замандарда бұл сұйықтық қазіргі дәуірдегі лак, гельдің қызметін атқарған. Күні бүгінге дейін шашы ұзын қыз-келіншектер бұл затты әлі қолданады. Осыған орай ел аузында мысқыл, әжуа ретінде айтылған «Тазға тарақ берсең, шашына желім тілейді» деген нақыл пайда болған.
Қарап отырсаңыздар, аз ғана сөзге не болмаса бір, бірер сөйлемге қаншама дерек сыйыстырылған. Аз сөзбен көп жайды аңғартатын ҚҰММ-дері бүкіл екі этностың болмысын көз алдыңа елестете алады екен. Демек, ҚҰММ-нің этномәдени сипаты олардың әрбір ММ-нің бойынан көрініс табады деп нық айтуға болады.
Үшінші тарауша «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің мағыналық және уәжділік ұқсастығы» деп аталды.
Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі ұқсас әрі ортақ ММ-дерді басқаларынан бөліп алып, салыстыра қарастыруымыздың мақсаты — бұл тілдердің туыстық жақындығынан ғана емес, мүмкін болғанынша сол тілдерде сөйлеуші Орта Азия халықтарының ең көнелерінен саналатын ұйғырлар мен қазақтардың рухани, мәдени, тарихи жақындығын да осы ММ негізінде анықтай түсу. Ал бұл мәселені анықтау деген сөз — аталмыш екі халықтың барша өткен тарихын шолып өтіп, рухани-мәдени өміріндегі қарым-қатынастармен, әсіресе, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт, күнделікті тірлік-тіршілік ыңғайында , алыс-беріс, сауда-саттық, егін, мал шаруашылық саласындағы елдердің арасында болатын қарым-қатынастарды шолып шығуды талап етеді.
Бұл мәселені біз кейінгі жылдары жарық көрген екі ғалымның — ұйғыр ММ-дері бойынша Аблез Әмәттың «Уйғур хәлқ мақал-тәмсиллири изаһлиқ луғити» сөздігін және қазақ ММ-дері бойынша академик Ә.Қайдардың «Халық даналығы» сөздігін өзара тең деңгейдегі еңбектерінің материалдары негізінде қарастырамыз.
Екі тіл бойынша салыстыра отырып, жинақтаған ұқсас ММ-дерді зерделей қарастырғанда ұқсастықтың үш түрлі деңгейі болатындығы байқалады.
Бірінші деңгей — ММ-дердің мағынасы мен құрам-құрылымы жағынан толық сәйкес болып келетін абсолютті (толық) ұқсастық.
Екінші деңгей – компоненттерінде азды-көпті өзгерістер бар, бірақ мазмұны ұқсас ММ-дер.
Үшінші деңгей — құрылымы толық сәйкес болмаса да, жалпы түрде ұқсастығын сақтаған, бірақ екі тілдің өз логикасы бойынша қалыптасқан, құрамы-құрылымы елеулі өзгеріске түскен ММ-дер.
Бірінші деңгейдегі мақалдарға мысал:
Адам адаммен адам (қазақша)
Адәм адәм билән адәм (ұйғырша)
Асы піспестің қазаны оттан түспес (қазақша)
Еши пишмасниң қазини оттин чүшмәс (ұйғырша). Бұл жерде екі тілдегі ММ-дер өзара, сөз жоқ, абсолютті ұқсас.
Екінші деңгейлі ММ-дер қазақ және ұйғыр халықтарында молынан кездеседі.
Ат айналып қазығын табар, Су айналып жазығын табар (қазақша)
Ат айлинип оқурини тапиду, Мусапир айлинип юртини тапиду (ұйғырша)
Ағайын тату болса — ат көп, Абысын тату болса — ас көп (қазақша)
Ағинә инақ болса — ат тола, Игичә-сиңил инақ болса - аш тола (ұйғырша)
Екінші деңгейге жатқызылған жұп ММ-дердің бәрі де мағына жағынан ұқсас, бір ғана ұғым-түсінікті білдіретін ММ-дер. Бірақ олардың құрам-құрылымы жағынан байқалатын айырмашылықтарына, мәселен, бірінші жұптағы қазақшасында қазығын, су, жазығын деген компоненттері ұйғыршасында оқурини, мусапир, юртини сөздерімен алмастырылғандығы жатады.
Тағы ескертеріміз, бұл өзгеріс олардың жалпы мағынасына әсер етпейді. Екінші жұпта қазақшасындағы тату, абысын компоненттері ұйғыршасында инақ және игичә-сиңил деген сөздермен ауыстырылған. Олар – ұйғыр тіліндегі балама сөздері. Сондықтан одан мақалдың жалпы мағынасы өзгеріп тұрған жоқ.
Үшінші деңгейдегі ММ-дер, әдетте, құрылымы, құрамы өзгеше, бірақ екі халықта да мазмұны өзара ұқсас келеді . Мысалы: қазақтың «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақалына ұйғырдың «Бир бекарчи миңни бекар қилур» мақалы мәндес келеді.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»-нің беретін мәні бір адамның істеген жаман қылығы көптің, ұжымның атына кір келтіреді.. «Бир бекарчи миңни бекар қилур» мақалының аудармасы — «бір жалқау мыңды жалқау етеді». Екі тілдегі мақалдың беретін ортақ мағынасы — бір нәрсенің көпке теріс әсер етуі. Бір қызығы, қазақ халқы өз мақалына негізгі шаруашылық кәсібінде пайдаланылатын «құмалақ», «қарын» сөзін қолдана отырып, қалыптастырған. Ал ұйғыр халқы үнемі еңбек етіп, терлеп-тепшіп жұмыс істеуді қалайтын болғандықтан, өз лексикасындағы «жалқау» сөзін мақалдың тірек сөзі етіп алған. Демек, осы мақалдардың да өн бойынан халықтың тіршілігінің исі аңқып тұр. Сыртқы құрылымы мүлдем бөлек, алайда мазмұндас. Бір түсінікті, бір ұғымды береді.
Түркі халықтарының, оның ішінде түркі тектес халықтардың ММ-дері уәждік сәйкестік пен айырмашылықтар олардың ұлттық тілдерінің өзіндік айшықтарымен, белгілерімен тығыз байланысты.
Түсінік, таным, ұғым, ойлау, әдетте, тіл арқылы бейнеленіп, көрініс табады. Ұғым мен атаудың арасында табиғи байланыс міндетті түрде болады. Сондықтан атауларда олардың уәжділігі адам танымымен тығыз байланыста қарастырылады. Заттың белгілі бір бастапқы қасиетіне бағытталған сөз уақыт өте келе тілдік эволюция жолында алғашқы мағынасын жоғалтуы мүмкін. Кез келген сөздің атауы адам психологиясында қалай қабылданып, қай жағынан әсер ететіндігіне байланысты. Сондықтан кез келген сөз бен оны тудырған себеп арасындағы мағыналық байланыс үзіле береді. Жоғарыда келтірілген адам психикасының бітімі кейбір түсініксіз сөздерді қайта өңдеу арқылы оның басқа бір баламасын тауып, жаңа уәждеме жасай алады (4:69). Бұдан шығатын қорытынды балама құбылыстарға негізделген сөз бойындағы бейнелілік. ММ-дер бойында кездесетін уәждеме, бұл — семантикалық уәждеме. Аталмыш терминді қазақ тіл білімінде кезінде ғалым Ж.Манкеева қолданған болатын және өз еңбегінде уәжділікті үшке бөліп қарастырады және де атаулардың дәрежесін былай жіктеп көрсетеді: «1) Бірінші дәрежелі немесе алғашқы атау (первичная номинация). Ол – атаудың аталушы заттың қасиеттерімен уәжделуі немесе «шындық фактілерінің тілдік жүйенің фактісіне айналуы».
2) Екінші дәрежелі немесе кейінгі атау (вторичная номинация). Онда сөздің семантикалық дамуы нәтижесінде өзін тудырған түбірімен мағыналық байланысы үзіледі, яғни «жаңа атаулар үшін тілде бұрыннан бар атауыштық құралдарды пайдалану» (5:245). Ал уәждемені сөзжасамдық тұрғыда зерделеген Б.Қасым: «Уәждеме — шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға туынды атауға қажетті негіз болатын тілдік бірліктер», - дейді (6:110). Шынымен де адам заттар мен құбылыстарды танып білу нәтижесінде жаңа атаудың ұғымдық қасиетіне тән белгісін таңдауы оның дүниетанымына, тәжірибесіне байланысты айқындалады. Сол арқылы атауды белгілеудің танымдық қасиеті анықталады. Осы тіл қазыналарының бойында мотивтік құбылыстың бейнеленіп, қалыптасуын Г.Л.Пермяков та: «Мақал-Мәтелдердің ұзақ тарихи жасалу, қалыптасу жолы бар, өзіндік уәжділік негіздері бар, құрамдық-құрылымдық қалпы тұрақты, көркем де әуезді, поэтикалық заңдылық бойынша құрылып, негізгі мағынасы абстракцияланып, ауыс мағынасында қолданылатын, гомоцентристік принцип бойынша, негізінен, Адамға ғана қатысты жұмсалатын этнолингвистикалық күрделі құбылыс», —дей отырып (7:35), ММ-дердің мотивтік негізде қалыптасқанын растайды.
Енді осы пікірлерді басшылыққа ала отырып, қазақ және ұйғыр тілдеріндегі көненің көзі, ғасырлар жемісі ММ-дердің уәждік ұқсастықтарына тоқталып өтелік.
Этнолингвистік топтастыру принципі бойынша жіктелетін «Адам», «Қоғам», «Табиғат» топтарына қарай сараланатын ММ-дердің басым көпшілігі антропоцентристік принцип негізінде өзінің ауыс мағынасында болса да, адам болмысына қатысты болып келеді. ММ жоғарыда көрсетілгендей, әр тілдегі мақал-мәтелдердің баршасы антропоцентристік принцип бойынша қалыптасып, қалай жасалып айтылса да, адам баласының өзіне, яғни әрбір халықтың өкіліне бағышталып, соның бойындағы не жақсы, не жаман қасиеттерін сипаттауға арналады.
Сондықтан ММ-дердің уәждік ұқсастықтары мен өзгешеліктерін сараптар алдында «біз барлықтағы барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда көре аламыз. Оларды біз шартты түрде «Адам», «Қоғам» және «Табиғат» деп атауды ұсынамыз», — деп академик Ә.Қайдар көрсеткендей (3:134), жұмыста осы ғалым еңбегінің ізімен ММ-дер үш топқа бөлініп қарастырылды.
Барлық түркі тілдеріндегі ММ-дердің тақырыптық топтары әр халықтың өмір-тіршілігіне, дүниетанымдық қасиеттері мен рухани болмысына байланысты. Бұл топтардың мазмұны мен уәждік негіздері де әр түрлі.
Еңбекте «Адам» бөліміне әке-шеше, бала тақырыбына қатысты, Адам болмысына қатысты, туған-туысқа қатысты, Ас, тамақ тақырыбына қатысты, туған жер тақырыбына қатысты, т.б. тақырыптарға қатысты ММ-дер топтастырылды. Ал «Қоғам» тобы өзіне мал шаруашылығы, аңшылық кәсіп, егін шаруашылығы тақырыптарын қамтыды. «Табиғат» деп аталатын салаға табиғи түр-түске, жыл мезгілдеріне, табиғат құбылыстарына қатысты ММ-дер жатқызылды. Бұлардың әрқайсысын талдап көрсету мүмкін болмайтындықтан, кейбіреуін ғана беруге тура келді.
Ас, тамақ тақырыбына қатысты ММ-дер. Әр ұлт қауымында сан қилы тағамдардың барлығы, яғни өздері үнемі дайындап қолданатын астардың ұлттық тағамдар деп аталатыны белгілі. Осы ұлттық тағамдардың жасалу технологиясы мен сан алуан табиғатын білдіретін, оларға қатысты неше түрлі ұғымдарды сипаттайтын мыңдаған атаулар мен жүздеген тұрақты тіркестердің қатарында ММ-дердің баршасы тілдің ежелгі де байырғы және құнарлы қорына еніп, ұлттық менталитеттің тілдегі бейнелі бір көрінісі болып есептеледі. Яғни олар екі тілде де мотивтік мәні ұқсас, бір-біріне жақын болып келеді.
Ас иесімен тәтті, табағымен сәнді (қазақша)
Аш игиси билән татлиқ (ұйғырша)
Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын (қазақша)
Йахши аш ешип қалғучә, йаман қосақ йерилип кәтсун (ұйғырша)
Қазақ және ұйғыр халықтары — қонақ күтіп, тамақ әзірлеуге алдына жан салмайтын халық. Сондықтан болар кімге болсын тамақ бергенде жанында үй иесі қоса отыруы шарт. Онсыз астың дәмі де кірмейді. Яғни асты алдына қойып, үй иесі кетіп қалса, келген қонағы «мені жақтырмай отыр ма» деп ойлары әбден мүмкін. Сондықтан ас берген үй иелері дәммен қоса отырып, қонақты сыйлау, күту дәстүрі — қазақ, ұйғыр халықтарында ежелден келе жатқан дәстүр.
Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын (қазақша)
Йахши аш ешип қалғучә, йаман қосақ йерилип кәтсун (ұйғырша)
мақалы тамақты, оған қаншалықты еңбек сіңірілетіндігін бағалау мақсатында қалыптасса керек. Шынымен де, ас даярлау оңай жұмыс емес. Егер тағам тәтті болса, босқа төгіліп, ысырап болмау үшін айтылған нақыл сөз. Бұның астарында қос халықтың жастарды асты қадірлеуге, босқа төгіп-шашпауға, ананың не болмаса ас дайындаушы адамның еңбегін бағалауға деген тәрбиесі жатыр.
«Қоғам» саласына жататын аңшылық кәсіпке қатысты ММ-дер.
Әрбір сала бойынша қатысқан жүздеген, тіпті маңыздаған тілдік факторлардың қалыптасуына ұйытқы болған дерек сөздерді теріп алып, жүйелеп, мағынасына зерделеп қарайтын болсақ, олардың кейбіреулері тіліміздегі гомоцентристік принцип бойынша жасалған ММ-дерге негіз болып келеді. Тіл факторларының когнативтік дамуының екінші жағы, міне, осы жерден басталады. Аңшылық кәсіпке байланысты қалыптасқан ММ-дер де осындай.
Ерді намыс өлтіреді
Қоянды қамыс өлтіреді. (қазақша)
Әрни номус өлтүрәр,
Тошқанни — қомуш. (ұйғырша)
Қазақ, ұйғыр халықтары қоянды таршылық кезеңдерде тамақ үшін, жай уақытта еті мен сорпасы, өті емшілікке (сары ауруға), терісі жаға, тымаққа қажеттігіне байланысты аулап келген. Жабайы қоянды қазақтар, әдетте, жүйрік ит қосып, не жайылып жүрген жерінен садақпен, не мылтықпен атып алатын болған.
Қазақ, ұйғыр халықтары арасында кең тараған қоянды аулаудың тағы бір түрі — қиылған қамыс ұшына қоянды арандатып аулау. Аңшылар бұл әдісті, әдетте, қыстың жерді қар басқан күндері қолданған. ол үшін өзен-көл бойында қалың болып өсетін қамыс, қоғаларды мұзбен бірге қатып қалған түбірлерін бір қарыстай қалдырып, өткір орақ, не шалғымен қиғаштап орып алып, түбірлердің ұш жағын өткір де үшкір істік етіп тастайды. Сыртқа жайылуға шыққан жабайы қояндар аңшылардың иттері қуып бергенде бар пәрменімен аттап-бұттап қамыс ішіне қайта қойып-қойып кеткенде қамыстың істік түбірлеріне еріксіз арандап, үсті-басып қан-қан болып, соған малтып, шалажансар болып, қолға түседі. Міне, осы тәсілге қатысты халық аузында
Ерді намыс өлтіреді,
Қоянды қамыс өлтіреді (қазақша).
Әрни номус өлтүрәр,
Тошқанни — қомуш (ұйғырша), — деген мақал қалыптасқан.
Көріп отырғанымыздай, жоғарыда келтірілген этнографиялық, этнолингвистикалық факторлардың ішінде жалпы қоян хайуанатына, оның қажеттілігіне, аулау тәсілдеріне, т.б. ерекшеліктеріне байланысты факторлардың кездескені мәлім. Міне, осы мәліметті біз көп ММ-дердің арасынан «Қоянды қамыс өлтірер» деген түрінен кездестіріп отырмыз. Онда: Қоянның ажалы қамыстан, ер-азамат өлімінің намыс үшін болатынын аңғартып отыр. Осы мақалдың о бастағы шығу тарихын білудің бірден-бір дұрыс жолы да біз жоғарыда кездескен қоян аулаудың қамысты түбірін қияқтап шауып, істік теріне арандатып ұстау әдісін білу болып саналады. Яғни, тіл құзырында өмірдің әр саласының тоғысуы деп осыны айтады.
Демек, ҚҰММ-дері уәждік жағынан да ұқсас келіп отырады екен.
Келесі тарауша «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің мағыналық және уәжділік өзгешеліктері» деп аталады.
Ұйғыр тіліндегі тосқа чүшкәнниң һәммиси тарих әмәс мақалын қарастырайық. Қазақша баламасы: тозға түспегенннің бәрі тарих емес. Осы мәтелдің беретін мағынасы хатқа түспегеннің бәрі шынайы тарих емес, яғни «шынайы тарих — хатқа түскен тарих». Сонда қазақ ұғымында тозға түсіп, жылнамалар арқылы жеткен оқиғалар тарих болып саналады да, ауызекі сөйлеу тілімен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дүниелерді, көбінесе, шындықтан алыстау аңыз-әңгімеге, ертегіге таңу бар.
Ал ұйғырша мағынасы керісінше түсіндіріледі: «хатқа түскеннің бәрін тарих деуге келмейді», өйткені тарих бұрмалануы мүмкін. Бұл сөздің мәнісі жазба тарихтың өзіне шүбәләнуінде, күмән келтіруінде жатыр. Демек, мұндай ұғым, түсінік осы халықтың ерекшелігіне, тарихқа көзқарасына байланысты болуы да мүмкін.
Ине өткен жерден жіп те өтеді (қазақша)
Йиңнә кәйәрдин өтсә, йип шу йәрдин өтиду (ұйғырша).
Қазақ тіліндегі баламасының беретін мағынасы, қысқаша айтқанда, мықтының да, нашардың да ісі не болмаса бастамасы олардың шамасына қарай, өз деңгейінде жүзеге асады. Ал ұйғыр тіліндегі ММ жинақтарында ол «отбасы, бала-шаға» тақырыбындағы ММ-дер тобына кірген. Демек, бұл жерде беретін мағынасы ерлі-зайыптылар жайында (әйелдің еркекке еруі туралы сөз болады) болып тұр. Мақалдық тіркестің екі тілде екі басқа мағына беруінің себебі сөйлемнің синтаксистік құрылымына да байланысты: 1). «Ине өткен жерден...» деп басталса, «жіп неге өтпесін» деген сауал өзінен-өзі берілетін сияқты. 2). «Ине қай жерден өтсе ...» — ұйғырша баламасында ауыс мағынада «не істесе, соны істейді» деген мәнді аңғартып тұр. Яғни «ер-азаматы қайда болса, не істесе, әйелі соны істейді» деген сөз.
Есік көргенді алма, бесік көргенді ал. Қазақ халқына әбден сіңісті болған, ер адам үйленер шағында берілетін кеңес. Негізінен қазақ бесікті өте қасиетті, киелі деп санаған. Яғни бесік — қазақ халқының ұғымында адалдықтың белгісі. Сондықтан әйел алар кезде әке-шеше баласына «есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деп ақыл айтады. Мұның мәнісі: біреудің әйелі болғанды емес, тұрмысқа шықпаған қызды ал. Өйткені бұрын отбасын құрып, өмір көрмеген жас қыз –адал, қулық-сұмдықтан ада болады.
Ұйғыр тіліндегі нұсқасы (ишик көргәнни алма, бөшүк көргәнни ал) оған қарама-қарсы мағынаға ие. Жақсы-жаман тұрмыстық өмірдің дәмін татқан келіншекті ал, ол тіршіліктің бағасын біледі. Халықтың пайымдауынша: «келіншек ал» деген кеңес «кері кеңес» болып табылғанымен оның жаны бар, өзіндік мәні бар ақыл. Яғни отбасылық, тұрмыстың бағасын білетін ақылды да қылықты әйел жас, пәк, сұлу қыздан артық болуы мүмкін дегенге саяды.
Бұл тұста бір ақиқатты айта кету керек. әркімнің, әр халықтың бір ММ-ді әр түрлі түсінуі, қабылдауы заңды құбылыс. Өйткені туыстас халық, түбі, тегі бір болғанымен, әр ұлттың өмір-болмысына, кәсібіне, шаруашылығына тереңдей үңіле келе олардың өзіндік ерекшелігі, бір-біріне ұқсамайтын өзгешелігі кездесетіні байқалады. Қатар отырған екі отбасының тұрмыс кешуі де түрліше болатыны сияқты, қос халықтың генеологиялық шығу тегі мен тарихы, географиялық, әлеуметтік ортасына қарай қалыптасқан психологиясы, тіпті мінез-құлқы да өзгеше болары сөзсіз.
Туыстыққа, шығу тегіне қатысты ММ-дер. Қазақ халқында көп елдерде бола қоймайтын өзіндік ерекшелік те бар. Жеті атасын білу деген ежелден қалыптасып, қазақ елінде сақталған дәстүр бойынша әрбір жасөспірім, ержеткен азамат өзінің жеті атасын, шыққан тегін білуге тиісті. Өйткені қазақ салты бойынша ұл бала ата-бабаларының ең кем дегенде жеті буынға дейінгі таралуын, өткен-кеткенін, жасаған ерлігін, жайлаған қонысын білуі борышы болып есептелген. Әрбір ата-ана өз баласына соны көзі тірісінде үйретуге тырысқан. Әке-шешесінен ерте қалған бала бұл тағлымды білмей кетуі де мүмкін. Ал жеті атасын білмеу «жетесіздіктің, тексіздіктің» белгісі деп саналған. Соған сәйкес тілде ММ-дер қалыптасқан.
Жеті атасын білмеген жетесіз,
Арғы тегін білмеген тексіз (қазақша)
Жеті атасын білмеген — жетімдіктің белгісі (қазақша)
Жеті атаның жөнін біл,
Жеті рудың тілін біл (қазақша)
Қазақ елі жеті атаны білуді қатаң қадағалаған. Бұл жерде ел ақсақалдары, қадірлі адамдары қыз алысып, қыз берісуді сегізінші атада жүзеге асырған. Олар қан тазалығын, тек-тұқымның адалдығын қорыған. Осыған байланысты ХІХ ғасырда, тіпті одан да ертеректе сегізінші атаға дейінгі қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып, қосыла алмайтын болған. Ел ішінде кездескен ондай бірен-саран оқиғалар болса, қатаң жазаланып отырылған. Өйткені олардың ұрпақтары мүгедек, жарым-жан болып дүниеге келген. Қазіргі күнде де осы дәстүр қатаң сақталып, ел ішінде берік орын алған.
Сауда-саттыққа байланысты ММ-дер. Сауда-саттық тым ертеден-ақ ұйғырлардың қоғамдық және экономикалық өмір-тіршілігінің маңызды салаларының бірі болып келгендігі мәлім. Мұнда ең көне діни көзқарастармен бірге, бүгінде ислам діні қағидалары да сауда-саттық әдет-ғұрыптар ретінде сақтап келеді. Манихей дініне табынған замандарда ұйғырлар Маниді «керуендердің жол бастаушысы», «саудагерлердің қорғаушысы» деп қараған. Бұдда діні дәуірінде Бұдданың бір борышы керуендерге жол көрсетуші, оларды жебеп-желеуші деп есептеген.
Ислам дінін қабылдағаннан кейін ұйғырлар онымен бірге исламның сол дәуірдегі сауда және базар туралы көзқарастарын да қабылдады. Мысалы, сауда кәсібін жаңадан бастаған адам сауданың берекелі және қайырлы болуын тілеп, жұртшылықтың беделді адамдарын, атақты кәсіпкер, саудагерлерді, туған-туысқандарын жинап, қайыр-садақа береді, хатым-құран оқытады. Ұйғырлар ырымға да терең мән берген. Ерте келген алушыға малды арзан сатып, болса да риза қылып қайтарады. Мұны «ырым ету» деп атайды. Сондықтан да «Дәсләпки содидин қайтма» (алғашқы саудадан қайтпа) дейді. ҚХР ШУАР баспаларында шыққан ММ-дер жинақтарында бұл мақал астарлы түрде, ауыспалы мағынада берілген «Дәсләпки мұштин қайтма — алғашқы жұдырықтан қайтпа». Алғашқы саудадан түскен ақшаны «Бисмиллаһирәһмани рәхим!» деп топыраққа аунатып алады немесе жерге тастап, аяғымен таптап алады, одан ауаға қол көтереді «Сауда сақал сипағанша» деген осы. Өйткені ұйғырлар сауда-саттық кәсібін тіршілік жолы деп қараған. Бұл кәсіпке үнемі оң көзбен қараған. Саудагер жоғары мәртебеге ие болып келген. Тіршілікке бейімделмеген адам туралы «Бір жұмыртқаны бояп шығып сата алмайды» дейді. Бұл бірді екі қыла алмайды деген сөз. «Алтыға алып беске сат, атың шықсын, саудагер», «Шақпаққа атын айырбастаған ақымақ» деген мақалдар да сауда жасауды білмейтін адамдарға арналған.
Сауданы «мал сату», «малды қолдан шығару» деп ойлаған қате. Сату - бұл, малмен қатар, оның сапасын да, саудагердің алушыға болған мәдениетті мәмілесін де қоса сату. Сонымен бірге, саудада жарамсыз малды сату, алдамшылық, малдың айыбын жасыру қылмыс саналады. Ұйғыр саудагерлерінде тәуекелшіл рух басым. Осындай ойды беретін төмендегідей мақалдар бар: «Йә қайнамдин чиқсун, йә Сайрамдин» Сайрам мұнда көлдің аты. «Болса болар, болмиса из пули болар». Саудада пайда мен зиян бірге жүреді. Тек пайданы ғана ойлап, қауіп-қатерге қарамай, өз құлқынын ойлаған адам жеңіледі. Оларға арналған тілде «Ойшыл ойлағанша, тәуекелші судан өтіпті», «Мылжың ойлағанша, тәуекелші мақсатына жетіпті», «Жапсам жылдам пісер ме екен, көмсем жылдам пісер ме екен» сынды мақалдар ұшырасады. Бірақ жалғыз тәуекелшілдікпен сауда жасауға болмайтыны анық. «Суды көрмей, етік шешетін» соқыр тәуекелшілді базар өзі «жазалайды». Өйткені «Базар әқиллини бай қилар, әқилсизни хар қилар», «Тәлвини базар оңшайду».
Ас-тамаққа қатысты ММ-дер. Кез келген халықтың өзінің ұлттық тағамдары болары хақ. Соған орай ұйғыр халқының да жеміс-жидектен, көкөністен, дәнді дақылдардан дайындалатын тамақ түрлері қаншама. Оларды тек осы ұлт өкілдері ғана дайындайтын болғандықтан, қазақ халқының ММ-дерінен өзгешелігі де осында.
Чөчүрә йейиштики мәхсәт гөш йемәк. Қазақша баламасы чөчүрә тамағын жасау арқылы ет жейміз дегенді білдіреді. Яғни бұл тамақ етсіз жасалмайтын тағам, сондықтан бұл асты жегендер міндетті түрде ет жеп қарық болады.
Сондай-ақ ұйғырлардың «көкчөчүриси» деген тағамы бар. Наурыз айы кезінде алғаш көктеп шығатын «бедә (жоңышқа)» деген шөп бар. Соның көгін жұлып алып, оны шанап, маймен араластырады, тұшпара сияқты дайындалатын тамақ. Оның ішті тазалайтын емдік қасиеті бар. Осы тамақ жылына бір-ақ рет істеледі және оны халық «жаңалық» деп ырымдап жейді. Осыған байланысты халық аузында қалыптасқан мақал бар: Қонақни дөңгә тери, бедини — ойға (тери).
Оңда йатқан гирдә йәпту, кәтмән чапқан жигдә (жұмыс жасамаған нан жер, еңбек еткен жиде жер). Осындағы «гирдә» сөзі нанның бір түрінің атауы. Бұл қазақ халқында кездесе қоймайды. Тандыр нанның бір түрі: қалың қамырдан жабылады. Тандырға пісіріледі.
Һалвини һеким йәр, таяқни йетим (халваны әкім, таяқты жетім жер). Мақал құрамындағы һалвини (қалва) — ұйғыр тағамы. Алайда бұл күнделікті жеп жүрген халваға мүлдем ұқсамайды. Алдымен су, қант, ұннан жасалады. Қою тамақ. Қонақтарға шайдың алдында береді, қасықпен алып жейді (8: 393).
Тақырыптық белгілері бойынша топтастырып келтірілген жоғарыдағы мысалдардан көрініп тұрғандай, ұйғыр халық ММ-дерінің мотивтік-уәждік бұл топтары халықтың рухани болмысының, өмір-тіршілігінің, дүниетанымының қасиеттері мен ерекшеліктерін көрсетіп тұр.
Екінші тарау «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің құрылымдық және бейнелілік сипаты» деп аталады. Осы тараудың бірінші тараушасында «Қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдерінің құрылымдық ұқсастықтары мен өзгешеліктері» талдауға түседі.
ММ-дердің құрамдық — құрылымдық ұқсастықтары мен өзгешеліктері тұрпаттық жағынан ғана емес, ММ-дер компоненттерінің байланысу тұрғысынан, мағыналық деңгейінен, құрамындағы таған, бөлшек сандарынан тұрғысынан қарастырылуы керек. Олардың құрылымдық ерекшеліктерін мағыналық құрылымының заңдылығына сәйкес зерттеген дұрыс. Мұндай зерттеу жолының теориялық та, практикалық та маңызы бар, себебі тілдерара мақалдық оралымдардың қолдану ерекшеліктерін анықтауға, олардың тұлғалық сипатын белгілеуге мүмкіндік береді.
Бір тағанды ММ-дер. Әуел баста ММ-дер халық аузынан қарапайым сөз түрінде таралса, келе-келе ұйқастырыла, қиыстырыла өлең сөзбен берілетін болды. Себебі заманның дамып, өзгеруіне байланысты ММ құрылымы да жетіле түседі. Кей жағдайда көпшілік құлағына жағымды да әсерлі естілуі үшін өлең түрінде қалыптасып дамыды. Сондықтан қара сөз ретінде өмірге келіп, бірте-бірте поэтикалық жанр түрінде үздіксіз толыға түсті.
Қара сөз түрінде пайда болған ММ-дер екі халықта да көптеп кездеседі.
Алма ағашынан алысқа құламайды (қазақша)
Пеләктин хәмәс жирақ чүшмәйду (ұйғырша)
Саяқ жүрген таяқ жер (қазақша)
Саяқ жүргән таяқ йер(ұйғырша)
Осы мысалдардан көрініп тұрғандай, бәрі бір жолдан тұратын ММ-дер. Яғни олардың барлығы қарапайым сөз түрінде қалыптасып қоймай, мағынасы да лексикалық құрамы да бір-бірінің көшірмесі іспетті. Демек, олар абсолютті ұқсастыққа ие.
Туыстас тілдерара балама ММ-дердің әр тіл ерекшелігіне байланысты тұлғалық, құрылымдық айырмашылықтары да аз емес және әр түрлі. Ең көп кездесетін өзгешелік ММ-дердің лексикасына ғана байланысты болып келеді: мақал құрамындағы кейбір сөздер мағыналас басқа сөздермен алмастырылады.
Ат тұяғын тай басар (қазақша)
Ат айиғини тай басар (ұйғырша)
Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк (қазақша)
Бир хотунниң һйилиси қириқ әрниң һйилисидин артуқ (ұйғырша)
Жаман дос көлеңке (қазақша)
Йаман дост сайигә охшаш (ұйғырша)
Бұл жерде салыстырыла берілген ММ-дерде тұяқ — айиғи, есекке жүк тіркесінің орнына әрниң һйилисидин артуқ тіркесі қолданылған. Қалғандарында көлеңке — сайигә сөзімен алмастырылған. Соңғы мақалда қазақша нұсқасында түсіріліп айтылатын «ұқсас» сөзі ұйғыршасында толық берілген. Сөйтіп, қара сөз түрінде қалыптасқан ММ-дердің мәні өзара бірдей болып келеді де, әр тілдік белгілеріне байланысты кейбір айырмашылықты олардың құрамындағы элементтерден ғана көреміз.
Өлең сөз түрінде қалыптасқан ММ-дер. Заман дамып, адамның ой-өрісі шыңдалған, жетілген сайын қара дүрсін ММ-дердің күрделі де ырғақты өлең түріне ауысуы — заңды құбылыс. Өлең талабына сәйкес олар екі, үш, төрт және одан да көп, сонымен қатар өзара жұптасып, қиюласып, жымдасып келетін жолдардан тұрады. Әрі мұндай халық даналығы екі тілде де молынан жұмсалады.

Категория: Қазақ тілі | Добавил: Axi
Просмотров: 989 | Загрузок: 1 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

Хостинг от uCoz
Тегін қазақша рефераттар © 2017