Суббота, 19.08.2017, 10:39
Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Скачать рефераты бесплатно на казахском и на русском языках | Регистрация | Вход
Меню сайта
Категории
Ағылшын тілі [5]
Ашық сабақ [41]
Биология, Валеология [54]
География [162]
Математика [11]
Информатика [55]
Экономика Бухгалтерия [132]
Қазақ халық әндері,тарихы [9]
Қалғандары [106]
Қазақ хандары, билері, батырлары [153]
Қазақ әдебиеті [367]
Қазақ тілі [79]
Құқық [81]
Қазақ мерекелер,салт-дәстүр [20]
Қазақстан тарих [178]
Химия Физика Астрономия [34]
Дін тану [26]
Тест сұрақтары [33]
Қазақша диплом [7]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [92]
Шағын көлемді шығармалар [7]
Ұлы ОТАН соғысы [18]
Психология, Философия [36]
Педагогика [127]
Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану [47]
Ғылыми жұмыс [93]
Экология [35]
Рефераты на русском [28]
Программы (Сборник Рефератов и т.д) [0]
Слайдтар [4]
Форма входа
Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Экономика Бухгалтерия

Президенттің халыққа Жолдауы 2007

Президенттің халыққа Жолдауы 2007

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2007 жыл
ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына
ЖОЛДАУЫ

І. “ҚАЗАҚСТАН-2030” СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ – ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКА МЕН ӨЗ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫН ҚҰРА ОТЫРЫП, ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ СЕНІМДІ ҚАДАМ БАСУДА

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап біз сіздермен бірге дәйектілікпен құрып жатқан Жаңа Қазақстан өзінің дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдік қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткізе отырып, алға қарай нық сеніммен ілгерілеп келеді.

Бүгінде экономика мен өз мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қамтамасыз етіп, біз қағидаттық жаңа кезеңге сенімді қадам бастық. Мұның өзі Қазақстанның одан әрі дамуын тұрлаулы, осы заманғы және болашағы зор экономикалық, әлеуметтік, саяси және әкімшілік негізге қоюға мүмкіндік береді.

Бүгін мен сіздерге еліміз бен қоғамымыздың одан әрі дамуы жайындағы өз пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнінде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкіндік туғызады.

Әңгіме еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің клубына қарай ілгерілеуі жөніндегі нақты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған еді.

1997 жылы сіздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясын қолдадыңыздар, онда біздің қоғамның келешек мүмкіндіктері мен біздің мемлекеттің ұлық мұратына деген көзқарас таныстырылған болатын.

Бұл әлі қанаты қатая қоймаған жас тәуелсіз мемлекеттің ұлы таңдауы еді. Сол кезде осы Стратегия турасында күмән аз бола қоймағанын білемін.

Сол уақытта, естеріңізде болар, біздің жинақтаған қорымыз негізінен зілбатпан әлеуметтік-экономикалық проблемалардан және егеменді даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжірибелерінен ғана тұратын.

Сол тұста, 10 жыл бұрын, біз өз таңдауымызда қателескен жоқпыз.

Нақ сол уақыттан Қазақстан нарықтық экономиканың теоремалары мен демократиялық дамудың аксиомаларын бірінен кейін бірін игере отырып, дәйектілікпен ілгері адымдай бастады.

Біз мүлдем жаңа экономикалық жүйенің, демокра¬тиялық құқықтық мемлекеттің іргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайттық, өмір сапасы мен ұстындарын елеулі түрде өзгерттік.

Біз ішкі тұрақтылыққа қол жеткіздік, дамудың әлеуметтік базасының сенімділігін қамтамасыз етіп, өңірдегі үздік экономиканы құрдық. Қазақстан өңірде геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндеттерді атқаратын халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшесі ретінде орнықты.

Біз үшінші дүниенің мемлекеті болуды қойдық. Бұл өткен 10 жылдағы жұмысымыздың басты қорытындысы.

Енді келесі онжылдықтағы одан арғы жұмысымызды белгілеп бергім келеді.

ІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМІР САПАСЫНЫҢ АРТУЫ

2000 жылға қарағанда ІЖӨ-ні еселеу жөніндегі біздің міндетімізге келесі жылы-ақ қол жеткізуге әбден болады. Бұл – тар өрісті мақсат емес, экономикалық өсудің жай нанымды көрсеткіші де емес, бұл – қазақстандықтардың өмірін жақсарта берудің біздегі нақты мүмкіндіктер.

Өткен жылдары біз көптеген аса маңызды әлеуметтік міндеттерді шеше алғанымызды сіздер білесіздер, олардың өмір сапасын жақсартқаны сөзсіз.

Біз оқып жатқандардың шәкіртақысын ұлғайттық, оларға білім алу гранттары мен несиелерін бердік. Бюджет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын дәйектілікпен өсіріп келеміз. Аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейінгі балалары үшін ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ көп балалы аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеудеміз. Балалар мен жасөспірімдердің белгілі бір санаттарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Жыл сайын зейнеткерлік жәрдемақылардың мөлшері индекстеліп, арттырылуда. Бұрынғы еңбек өтіліне байланысты зейнетақылық төлемдерді сараланған түрде ұлғайту жүзеге асырылды, бұл бір миллионнан астам адамды қамтыды. Сондай-ақ әлеуетті құрылымдар ардагерлерінің зейнетақылары өсті. Барлық зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер елімізде уақтылы – тиісті айында төленіп келеді.

Бұрын уәде бергеніміздей, экономиканың тұрақты дамуы бізге қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл – біздің саясатымыздың әлеуметтік қорытындылары.

Мен бүгін Үкіметке халқымыздың әл-ауқатын жақ¬сарту жөніндегі жұмысты жалғастыра беруді тапсырамын.

Бұл үшін:
Біріншіден, ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша маңыз бере отырып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 34740 теңгеге дейін немесе 2 есе арттырылсын.

Баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақы:
тұңғыш бала туғанда – 5790 теңгеге дейін, немесе 177%-ға;
екінші бала туғанда – 6369 теңгеге дейін, немесе 167%-ға;
үшінші бала туғанда – 6948 теңгеге дейін, немесе 159%-ға;
төртінші және одан көп бала туғанда – 7527 теңгеге дейін, немесе 153%-ға көбейтілсін.

Балалы отбасыларын қолдауға қажетті қосымша қаражат 9,5 миллиард теңгені құрайды.

Бұдан бұрын қабылданған шаралар еліміз халқының тұрақты өсуіне қол жеткізуге жағдай жасады. Мәселен, 2000 жылы 220 мың бала туса, 2006 жылы 290 мың бала туған. 2005 жылы ғана халықтың табиғи өсімі туу есебінен 121 мың адамды құрады.

Аталған шараларды енгізу бұдан да оң демографиялық өзгерістерге жеткізетініне сенімдімін.

Екіншіден, жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікті, босануды және аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілсін. Бұл ретте декреттік демалыста және бір жасқа толғанға дейін нәресте күтімі жөніндегі демалыста жүрген кезінде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүргізіле беруге тиіс.

Бұл жәрдемақыларды төлеу әлеуметтік салықты қайта бөлу есебінен құралған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан жүзеге асырылсын. Бұған мемлекеттік бюджеттен қосымша 9,2 миллиард теңге бөлу талап етіледі.

Үшіншіден, іргелік зейнетақының мөлшері ұлғайтылсын және таяудағы жылдары оның тұрмыстық ең төменгі қажеттіліктің 40% деңгейінде сақталуы қамтамасыз етілсін. Осылайша, біз алғаш рет Қазақстанның зейнетақымен қамтамасыз етуін халықаралық стандарттармен сәйкестендіреміз.

Мұның өзі 1 миллион 675 мың іргелік зейнетақы алушыларды қамтиды, әрі оның мөлшері 2008 жылы шамамен бір мың теңгеге немесе 35%-дан аса артады. Ең төменгі зейнетақылық төлемдер (іргелік қосу ең төменгі ынтымақшыл зейнетақы) 2008 жылы шамамен 1 500 теңгеге немесе 15%-ға көбейеді.

Төртіншіден, зейнетақының мөлшерін бұрынғы еңбек үлесіне сүйеніп анықтаған кезде әділдік орнату үшін зейнеттік заңнамада көзделген зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табысты шектеу өзгертілсін, ол 15 мәрте айлық есептік көрсеткіштен 25 мәртеге дейін арттырылсын.

Зейнетақыларды есептеу үшін қабылданған табыстарды заңнамалық шектеу есебінен бұрын зейнетақылары төмендетілген жарты миллионға жуық зейнеткер (483 мың адам) өздерінің зейнетақыларына әжептәуір үстеме алады.

Ынтымақшыл зейнетақының орташа мөлшері 13 604 теңгеге немесе 25%-ға дерлік артады. Ынтымақшыл зейнетақының ең жоғары мөлшері 2008 жылы 21 713 теңгеге дейін, немесе 76%-ға өседі.

Бесіншіден, зейнетақы төлемдерін сатып алу қабілетін тұрақтандыру үшін зейнетақы төлемдерін индекстеу сақталсын және ол тұтыну бағалары индексінің болжамды өсімінен екі пайыз арттырыла жүзеге асырылсын.

Аталған шараларды жүргізуге жұмсалатын қаражаттың жалпы қажеттілігі 55,3 миллиард теңгені құрайды.

Алтыншыдан, бюджет саласындағы жалақы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап 30% арттырылды. Бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыра беру қажет.

Жетіншіден, олардың мәртебесін арттыру, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салаларда кадрлар тарту мен кадрлық әлеуетті нығайту үшін 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арнап, бір лауазымдық оклады мөлшерінде жәрдемақы төлеу енгізілсін.

2008 жылы ғана бұл бюджетке 30,6 миллиард теңгеге түседі.

Сегізіншіден, бұрынғы жылдары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зиянды және ауыр еңбек жағдайында өтілін өткерген адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру туралы мәселе талай рет көтерілген еді.

Кәсіпорындар жұмысшыларымен кездесулерде бұл мәселе менің алдыма қойылды. Мен оларды түсінемін. Өзім бастан кешкен жағдай. Бұрын біз мәселені №1 Тізім бойынша шешіп келдік. Ендігі жерде № 2 Тізім бойынша шешу керек. Мұндай қазақстандықтар бізде шамамен 28 мыңдай адам. Қазіргі кезде осы проблеманы шешуге біздің қайтып оралуға нақты мүмкіндігіміз бар деп білемін.

Біз аталған санат үшін сегіз айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде арнайы жәрдемақылар енгізе аламыз. Бұған жыл сайын 3 миллиардтан аса теңге қажет болады. Осындай қаражат тауып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап №2 Тізім бойынша арнайы жәрдемақылардың төленуін қамтамасыз ету қажет.

Осылайша, мен атап берген барлық әлеуметтік төлемдерді көбейтуге жұмсалатын қаражатқа қажеттілік 2008 жылы шамамен 108 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда мемлекеттің қазақстандықтарды әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту үшін осындай үлкен қаражат жұмсау мүмкіндігі пайда болды. Ендеше біз бұл мүмкіндікті іске асырамыз.

Тоғызыншыдан, үш жылдың ішінде 100 мектеп пен 100 аурухана еліміздің нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған өңірлерінде салуды тапсырамын. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды біз стратегиялық міндет дәрежесіне көтеруге тиіспіз. Біз мемлекеттік-жеке меншік әріптестігінің көмегімен әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыру қажеттігіне жеттік деп білемін.

ІІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ – ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ

“Қазақстан-2030” Стратегиясын дәйектілікпен орындау өзіміздің алдағы ілгерілеуіміз үшін берік негізді қамтамасыз етті. Бізде бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшін барлық негіз бар, біз мұндай тарихи мүмкіндікті уысымыздан шығармайтын боламыз.

Сол үшін де Қазақстанды жеделдете жан-жақты жаңғырта жаңарту жолы таңдап алынды.

Бұл – біздің бұдан былайғы дамуымыздың бірден-бір дұрыс арнасы.

Біз осы заманғы әлемде Қазақстанға және қазақстандықтарға лайықты орын, бүкіл ел халқының әл-ауқатының өсуі мен тұрмыс деңгейінің елеулі жақсаруын қамтамасыз ету үшін сыртқы рыноктарға шығып, сенімді орнығуға міндеттіміз.

Бұл жолда Қазақстан мен өңірдің нақты жағдайын ескеріп, әрі әлемнің озық мемлекеттерінің жетістіктерін өзімізде іске асыра отырып, біздің:

Біріншіден, қандай да бір табыстарға қолымыз жетіп үлгерген секторларды жаңғырта жаңарту қарқынын жеделдете түсуіміз қажет;

Екіншіден, жаңғырта жаңартуды ешқандай алалаусыз Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік өмірінің барлық салаларына тарату керек.

ІV. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА МЕН ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КІРІГУІНІҢ КІЛТІ

Сондықтан да өткен жылдың өзінде біз жалпы қазақстандық жобамызды тұжырымдап, оны іске асыруды қолға алған болатынбыз. Бұл – біздің әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қоғамдастығына қарай жедел жылжуымыз және оның тұрақты мүшесі ретінде Қазақстанның тұғырнамасын нығайту.

Және мұның қажетті шарты – Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық халықаралық стандарттардың сапалық деңгейіне шығуы.

Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге экономиканың барлық деңгейінде – бүгінгі де, сол секілді ықтимал мүмкін болатын нақты да перспективалы бәсекелестік артықшылықтарымызды қажеттілікпен әрі сарабдалдықпен анықтауға және пайдалануға тура келеді.

Жүйелілік – біздің осы заманғы әлемде таяудағы онжылдықта алға жедел жылжуымыздың басты қағидасы, міне, осы.

Бұл үшін бізде барлық алғышарттар бар.

Біздің иелігімізде: орасан зор аумақ; ұтымды географиялық және коммуникациялық-көліктік орналасуымыз; елеулі табиғи ресурстарымыз бар.

Біз өңірлік экономикада көшбасшылық шептерге шықтық, халықаралық әріптестерімізбен сындарлы қатынастар орнаттық, саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қол жеткіздік.

V. ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ

Қазақстан әлемдік тауарлар, қызметтер, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар мен технологиялар рыногының шын мәнінде ажырағысыз да серпінді бөлігіне айналуы үшін біз он басты міндетті шешуге тиіспіз.

Бірінші міндет – экономиканың тұрлаулы дамуын жай қамтамасыз етіп, ұстап тұру емес, оның өсуін басқару.

Бізге экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің тұрлаулы сипатын қамтамасыз ету үшін толымды стратегия әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ оның орындалуына қатаң бақылау қажет болады.

Бұл стратегия біздің экономикамыздың жекелеген секторлары мен өндірістерінің нақтылы бәсекелестік артықшылықтарын негізге алып, әлемдік даму үрдістері мен сыртқы рыноктардағы сұранысты ескеруге тиіс.

Бізге ендігі жерде “жинақталған” экономикалық өсуді жай пайдалану емес, осы өсуді нақты басқаруды үйрену, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі экономикалық дамуға ұластыру керек.

Біз Қазақстанды индустрияландыруға халықаралық рыноктардың талаптары мен шарттарына сай келетіндей қағидаттық жаңа тұрғыдан келуді қамтамасыз етуге тиіспіз.

Аса ірі монополистерді қайта құрылымдау мен бәсекелестік қатынастарды дамыту есебінен біздің табиғи монополиялар аясын қысқартуымыз қажет.

Категория: Экономика Бухгалтерия | Добавил: erdeeen | Теги: Президенттің халыққа Жолдауы 2007
Просмотров: 818 | Загрузок: 92 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

Хостинг от uCoz
Тегін қазақша рефераттар © 2017