Воскресенье, 23.04.2017, 10:24
Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Скачать рефераты бесплатно на казахском и на русском языках | Регистрация | Вход
Меню сайта
Категории
Ағылшын тілі [5]
Ашық сабақ [41]
Биология, Валеология [54]
География [162]
Математика [11]
Информатика [55]
Экономика Бухгалтерия [132]
Қазақ халық әндері,тарихы [9]
Қалғандары [106]
Қазақ хандары, билері, батырлары [153]
Қазақ әдебиеті [367]
Қазақ тілі [79]
Құқық [81]
Қазақ мерекелер,салт-дәстүр [20]
Қазақстан тарих [178]
Химия Физика Астрономия [34]
Дін тану [26]
Тест сұрақтары [33]
Қазақша диплом [7]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [92]
Шағын көлемді шығармалар [7]
Ұлы ОТАН соғысы [18]
Психология, Философия [36]
Педагогика [127]
Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану [47]
Ғылыми жұмыс [93]
Экология [35]
Рефераты на русском [28]
Программы (Сборник Рефератов и т.д) [0]
Слайдтар [4]
Форма входа
Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Қазақтың ас беру дәстүрі әлеуметтік-саяси қызметі.

ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделенеді, басты деректер көзі көрсетіліп, тарихнамалық шолу жасалады. Жұмыстың мақсаты мен міндеттері, территориялық және хронологиялық ауқымы, теориялық және методологиялық негіздері, ғылыми құндылығы мен практикалық маңызы және сыннан өтіп талқылануы, құрылымы беріледі.
Жұмыстың «Ас беру дәстүрінің шығу тегі» деп аталатын бірінші тарауында қоғамдық өмірді әлеуметтік организм ретінде жалпылама талдауды емес, оның өміршеңдігінің кепілі болған кейбір элементтерін қарастыруды мақсат еттік.
Қай халықта болмасын өлген адамды соңғы сапарға шығаруға байланысты атқарылатын салт-дәстүрлері ғасырлар бойына ешқандай тарихи катаклизмдерге қарамастан көп өзгеріске ұшырай қоймайтын ең бір консервативті түрі. Өйткені ол осы салт-дәстүрлерді туындатып қалыптастырған халықтардың мыңдаған жылдық белгілі бір экологиялық-географиялық кеңістік аясында қалыптасқан экономикалық-шаруашылық, діни-идеологиялық, әлеуметтік-саяси және мәдени қатынастарды реттеп отыратын салт-дәстүрлерге негізделген әдет-ғұрып заңдары мен идеологиялық тұғырнамасы, рухани құндылықтары жиынтығының ең бастысы болып табылады. Бұл жер діни тәртіптер мен ұлттық заңдылықтар, этикалық-эстетикалық саналық қалыптары қордалана тоғысатын бірден-бір құбылыс. Басқа да халықтар сияқты қазақ халқының да өте ерте замандарда қалыптасқан өлген адамға байланысты ырым-жоралар жосыны аздаған өзгерістермен бірақ негізін сақтап бүгінгі күнге дейін келіп жеткен. Жазба немесе археологиялық, этнографиялық ескерткіштерді саралай келгенде айтарымыз, қазақ халқының рухани мәдениетінің қайнар көзі көне дәуірлер мен ортағасырларда даламызды мекендеген көптеген этникалық топтар мен тайпалар мәдениетінің қойнауында жатқанын айқын аңғарамыз.
Деректерге көз салсақ қазақтардың тұрмыс-салттық, діни ырым-жораларының рухани-дүниетанымдық көзқарастарының түп қайнары тым тереңде жатқанын көреміз әрі жазба ескерткіштер мен археологиялық деректер бір-бірін еш қайшылықсыз толықтырып отырады әсіресе кісіні жерлеуге байланысты салт-дәстүрлердің қазақтар мен ежелгі тайпалар арасындағы генетикалық сабақтастығын дәлелдейтін деректері көп-ақ. Қола дәуірінде Қазақстан аумағында қоғамның дамуында түбегейлі өзгерістер болды-тайпалық үстем тап және ең алдымен көсемдер оқшауланып бөлінді, ол әсіресе дәуірдің соңғы кезінде, Беғазы-Дәндібай мазарларынан және Түгіскен кесенелерінен айрықша көрінеді. Ерлер беделінің басым болуы, патриархалдық-үлкендерге құрмет көрсету, ру, тайпа көсемдерін пір тұту дәстүрін туғызды. Еркек-көсем, еркек-жауынгердің қоғамдық-әлеуметтік қатынастар иерархиясында жетекшілік мәртебеге ие болуы ежелден келе жатқан табиғат күштерін қастерлеумен бірге, ата-баба аруағына табынушылықтың пайда болуына ықпал етті, жерлеу дәстүріне байланысты орындалатын ырым-жоралар жүйесі күрделене түсіп, олардың тұтас регламенттік циклі қалыптасты. Осы дәуірден бастау алған наным-сенімдер, ата-баба аруағын қастерлеп, құрметтеу рәсімі дами түсті.
Еуразияның далалық белдеуінде орналасқан, табиғи-экологиялық заңдылықтарға сай шаруашылық-экономикалық жүйе классикалық көшпелілік өркениетінің қалыптасып, бағамдалуының аяқталған кезі-ежелгі көшпелілер дәуірінің-қазақ даласының этномәдени келбетінің бейнеленуін келесі мыңдаған жылдарға айқындалуында атқаратын рөлі өте зор. Қола дәуірінің соңғы кезеңдерінде негізгі белгілері қалыптасып, дами бастаған көшпелілік өркениетінің толық қалыптасып, дамуы нақ осы ежелгі көшпелілер дәуірінде аяқталады. Оның әлеуметтік-қоғамдық рухани үрдістерінің негізгі принциптері өз шешімін тапты, осы рухани үрдістердің көпшілігі еш өзгерместен күні бүгінге дейін келіп жетті, оларды тіпті ежелгі, орта ғасырлардағы қоғамдық-әлеуметтік, рухани сананың қалдықтары деп қарауға болмайды, өйткені осы түп-тамыры ежелгі замандар койнауында жатқан салт-жоралардың көпшілігі әлі күнге дейін халқымыздың әлеуметтік-рухани қатынастарының, ұлттық бет-бейненің тұтастығын, мызғымастығын қамтамасыз етуге қызмет етіп келеді. Ежелгі сақ, үйсін, ғұн, қаңлы және орта ғасырларда өмір сүрген оғыз, қыпшақ т.б көшпелі халықтардың ата-баба аруағына табынушылығы жайлы мәліметтерді археологиялық ескерткіштер мен көне жазба деректерден көптеп кездестіруге болады. Ә.Х. Марғұлан, К.А. Ақышев, М.Қ. Қадырбаев т.б пікірінше Бесшатыр, Есік, Берель, «мұртты обалар» т.б. көлемді ескерткіштерді тұрғызу, қазіргі қазақ халқының ас беру дәстүрі тәрізді аса үлкен қоғамдық-саяси мәні бар үлкен жиынсыз тұрғызылуы мүмкін емес. К.А. Ақышевтің есебі бойынша бір ғана үлкен Бесшатыр қорғанын салу үшін 65000 мыңға жуық адам-күші жұмсалған.
Тек қана қазақ халқының діни көзқарасы (исламға дейінгі) жөнінде ғана емес, қазақ халқының құрылуының қайнар көзі болып табылатын қазақ даласын мекендеген ежелгі тайпалардың да діни көзқарасы туралы хабар беретін әр түрлі дерек көздерін (археологиялық, жазба деректері, бүгінгі күнге дейінгі реликт түрінде жеткен ырым-жоралар жосыны, т.б) саралай келіп айтарымыз, оларды С. Ақатаев «синкреттік» деп атаған діни-мифологиялық дүниетанымдық көзқарас жүйелер иерархиясында табиғат тылсымдарына табынудан көрі ата-баба аруағына табыну қазақ даласы көшпелілер өркениеті иегерлерінің бірнеше мың жылдық ғұмырының өн бойында, олардың діни наным-сенімдік жүйесінде жетекші орын алғанына көзіміз жетеді. Қола дәуірінің соңғы кезеңінен, әсіресе, Беғазы-Дәндібай кезеңі қоғамдық-әлеуметтік қатынастар жүйесінде патриархалдық–рулық қатынастар үстемдігі орын алған кезден бастап ата-баба аруағының мекені–бейіт бірден–бір ғибадатханаға айналады. Қола дәуірі, ежелгі көшпелілер (сақтар) дәуірі кезеңдері ескерткіш-қоныстарының горизонталды кеңістікте орналасу жүйесін, олардың қоныстарын зерттеу кезінде қолға түскен деректермен (үй-жайлардың орналасу тәртібі, интерьері) салыстыра қарасақ, бұған көзіміз анық жетеді–осы дүниелік тіршілік иелерінің мекенінде «құдайларға» орын жоқ, ол толығымен өзінің мекені пантеонға- бейітке орналастырылған. Қоныстардың қасында олармен бір топографиялық кеңістікте орналасқан ешқандай діни-ғұрыптық жораларды орындайтын арнайы ғұрыптық құрылыстардың орны кездеспейді. Керісінше, қорымдардың архитектуралық-топографиялық жүйесі ғұрыптық салт-дәстүрге байланысты, семантикалық күрделі мазмұндағы әр түрлі құрылыстарға толы.
Беғазы некрополындағы мазарлардың, Түгіскен кесенелерінің ата-баба аруағына арналып орындалатын ырым-жоралардың атқарылатын арнайы құрбандық шалу орындары мен михрабтарымен толықтырылуы және қорым сыртындағы құрбандық шалатын жерлердің болуы, Бесшатыр патша қорғандарын айналасындағы қосымша құрбандық орындарының белгілері мен Тасмола мәдениеті ескерткіштерінің «мұртты обалары» құрылыстары мен түркі кезеңінің (VI-XII ғғ.) балбал тас мүсіндері және қазақтың аса көп малды, әсіресе жылқыны, құрбандыққа шалып өткізетін ас беру дәстүрі бір семантикалық кеңістіктегі құбылыстар.
Өлген адамның о дүниедегі хал-ахуалы жерлегендегі, жерлегеннен соңғы ырым-жоралардың салт-санаға тән, бұзылмай орындалуына байланысты еді. Егер өлгеннен кейінгі ырым-жоралар дұрыс орындалса, онда өлген адамның рухы жайбарақат, рақат күйге түсіп, өз үрім-бұтақтары мен туған-туысқандарына шапағатын тигізіп, жебеп жүреді, ал олай болмаған жағдайда жауығып, аруағы қарғап-сілейді. Өлгенді шығарып салудағы ырым-жораның бұзылуы, артынша бақытсыздық әкеледі, ал өлген адам болса, барлық жаза, бақытсыздықтан ада, азат рухы еркіндікте деп есептелінеді. Қазақтарда аруақты қастерлеу салты қазіргі күнге дейін өз күшінде.
Өлген адамның аруағына бағышталып орындалатын ғұрыптардың шығу тегін «мәңгілік ғұмыр» туралы түсініктерден іздейтін болсақ, сақ тайпаларының да діни көзқарасында осы идея анық көрінеді.Осы дүниенің көшірмесі «о дүниеге» өлген адамды шығарып салудың жүйеленген регламентациясы қалыптасқанын көреміз. Өлген адаммен бірге оның беделі мен қауымдағы орнына лайық мүліктің көмілуі, бейіттің сыртқы көлемінің де осы әлеуметтік иерархиялық басқыштағы дәрежесіне сай болып келуі ойымызды анық дәлелдейді. Осы ежелгі дәстүрдің мұрагерлері болып табылатын қазақтарда да ас–тек қана тіршілікте, қоғамдық өмірде әлеуметтік статусы өте жоғары, аса қадірлі, аруақты адамдарға ғана берілетінін білеміз. Әрі бұл ғұрыптық шараның орындалуы аса көлемділігіне орай тек өлген адамның тікелей ұрпақтарының емес, бүкіл ру, тайпа мүшелері бірігіп қана көтеріп ала алатын, аса қиын көлемді шығынды талап ететін, жалпы қоғамдық іс-әрекет негізінде ғана іске асырылуға мүмкін міндетті жиын. Астың мәні ежелгі көшпелілердің дәстүрі бойынша қай елдің, рудың, тайпаның қандай екені басқа рулардан неден күшті, неден әлсіз екені, сонымен қатар кімнің дос, кімнің қас екені осындай үлкен астарда білінетін. Көшпелі халық үшін дүние өлім мен өмір таласынан тұрған, тұрады, әліде тұра бермек. Шегі жоқ бұл таласқа өмір үшін көне замандарда ру болып қауымдасып қана қарсы тұра алған. Рудан тыс жерде өмір де, тіршілік те, қызық та, тұрмыс та болмаған. Рулық қатынастар жүйесі қажеттіліктен туды, ру сол қажеттілікке әрқашан қызмет етті де. Қауымдық қатынастар басты идеологиялық, салт-дәстүрлік, отбасылық, дүниетанымдық және бүкіл рухани мәдениетті толық қамтып отырды. Жалпы көшпелілердің ынтымақтастық идеясында ата-баба культі ерекше орын алады.
Ас беру дәстүрі әуел баста қазақ ұлттық-этникалық бірлестігі пайда болғанға дейінгі көшпелілік қоғамның пайда болуымен бірге дүниеге келіп, даму жолдарынан өткен тәңірлік, ата-баба рухына табынушылық тәрізді дәстүрлік-ғұрыптық көзқарастар негізінде қалыптасқан, бірте-бірте көшпелі қоғамның әлеуметтік-саяси құрылымының күрделене түсуіне байланысты (мемлекеттілік нышаны қалыптасқан кезде) қоғамдық өмірдің сан-салалы өмірін ретке келтіруде зор рөл атқарып отырған салт-дәстүрге негізделген құқықтық-ұйымдық институттарының бастыларының біріне айналған.
Екінші тарау «Ас беру дәстүрінің ғұрыптық мәні мен өткізілу тәртібі» деп аталады. Рулық қатынасқа негізделген дәстүрлі көшпелі қазақ қоғамының идеологиялық-коммуникативтік жүйесінің өмір сүру қалпына сай өлімді рудан шығу, кету деп есептеген, осындай өлім жайындағы ұғым-түсінігі жерлеудің күрделі ғұрыптық тәртібін қалыптастырған. Соған сәйкес өлікті «шығарып салу», «жолға дайындау» салтын туғызды. Қазақтың жерлеу дәстүрі «шығарып салуға» ұқсап, ол жеке-жеке ырым жораға тармақталып кететін, біртұтас циклді құрайды. Олар: естірту, көрісу, жоқтау, аза тұту, еске алу, «үші», «жетісі», «қырқы», «жылы» немесе «асы», белгі тұрғызу (құлпытас, сағана, күмбез) т.б. Әрі бұлардың көбісі тек қана өлік шыққан отбасына ғана емес, бүкіл ру, тіпті тайпаның да парызы болып саналған, дегенмен бұл жерде әлеуметтік жіктелу межесі сақталып отырған. Егер де жылын өткізу адамның жыныс, жас ерекшеліктеріне қарай барлық өлген адамдарға байланысты өткізілсе, ас кез-келген адамға беріле бермеген. Ас қоғамдық өмірде әлеуметтік ерекше статусқа ие, елге еңбегі сіңген, абыройлы, ел қамқоры, ел ағаларына арналып жасына шектеу қойылмай-ақ беріле беретін тәрізді. Кейбір деректерде жазылып жүргендей елге қадірлі адамға ас беру үшін оның жасының міндетті түрде 60-70-тен асқан болуы шарт емес. Мысалы, тарихта белгілі ас берілген тұлғалар Аттила 43 жасында (410-453), Күлтегін 47 жасында (684-731), Ерден Сандыбайұлы 56 жасында (1806-1862), Бөжей Ералыұлы 41 жасында (1812-1853) қайтыс болған. Біздің ойымызша, ас берілуге тиісті марқұмның әлеуметтік статусын айқындайтын критериялар ішінде жастық ерекшеліктің ескерілуі міндетті емес сияқты, бұл кейін ислам дінінің енуіне байланысты пайда болған «жамау» болса керек.
Ал, әйелдерге ерекше бір жағдайларда болмаса, жылын міндетті түрде өткізгенмен, ас бермейтін әдетте мұндай жылын беру шарасына тек қана жақын аймақтағы ағайын-туыстар, руластары ғана қатысатын. Жасы толғанымен тым жас өлген жасөспірім бозбалаларға жылын міндетті түрде бергенмен, ас берілмеген, ондағы аста атқарылатын әртүрлі ат бәйгесі, күрес, ән-жыр айту сияқты т.б. салтанатты ойын-сауық атқарылмайтын. Қазаның бір жылға толуына арналып берілетін ас осы ырым-жоралардың ең бастысы болған. Асқа жиналған халықпен оларға таратылар құрбандық дәмі үшін есепсіз көп мал сойылып, әртүрлі ұлттық ойындары, аламан бәйге, жамбы ату, сайыс сонымен қатар ақындар айтысы т.б. өткізіліп ұлттық салтанат немесе ұлттық мереке ретінде өткізілген. Ас беру дәстүрінің негізін құрайтын өзіндік шарттары мен өткізілу тәртібі, ережесі қалыптасқан (жоқтау, қаралы ту тігу, сеп жию, тұл ат, ақсақалдар кеңесі, сауын айту, ошақ қазу, мал сояр күн, асты басқару, қонақ күтер күн, табақ тарту, асқа салтанатпен келу, аза салу, ұлттық ойындары, тұл атты сою, сеп бұзу, қаралы туды жығу, т.б.).
Аза тұтудың өлген күннен бастап ас берілген күнге дейін созылатын бір белгісі-жоқтау. Жоқтау айтудың ең кульминациялық шарықтау шегі астың соңғы күні өлген адамның «тұл» бейнесі жойылып, «тұл» атының сойылуы мен «қаралы тудың» сындырылуы кезінде көрінетін. Осы кезеңдерде оның әйелі өкіріп жылап, бетін тырнап, қан-жоса қылады. Жыл бойына созылатын аза тұту кезіндегі жоқтаудың негізгі міндеті – ол өлген адамның қоғамдағы алған орнын дәріптеу, көрсеткен еңбегін құр жалаң тізіп шығу деген жадағай ұғымнан анағұрлым тереңде жатыр. Адам өлсе де, оның жаны тірі, ол біздің не айтып, не ойлап отырғанымыздың бәрін біледі. Сондықтан оның аруағына тиестік ғайбат сөздер айтпау керек. Өйтсең-ақ болды, өлген адамның киесі атады, бір пәлеге душар етеді деп түсінген. Сондықтан, өлген адамды жоқтаудың мазмұны–бірыңғай мақтауға құрылатын себебі де сондықтан. Ас кезінде жоқтаудың көлемі де ұлғайып, мағынасы да мазмұнды бола түсетін. Қазақтар жоқтауды жоқтау үшін айтпаған. Оны биік дәрежелі көркем өнер сатысына көтеріп айтқан. Сол арқылы «о дүниеге» кеткен адамды өлтірмей, оның тарихы азаматтық болмысын көркем сөзбен бейнелеп берген.
Қазалы болып, аза тұтып отырған отбасында ас беруге әзірліктің бір белгісі–«қаралы ту» тігу. Әсте, қазақтарда қаралы ту да астың да кез-келген адамға байланысты беріле бермейтіні сияқты, өлген адамның әлеуметтік-қоғамдық, саяси қатынастар иерархиясындағы орнын айқындайтын да белгі болатын. Жай қатардағы қарапайым халықта өлген адам шыққан үйді қаралы ту тігіп, аза тұту белгісі болмаған тәрізді. Қаралы тудың да өлген адамның жасына қарай түрі де әртүрлі болып келетін.
XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі қырғыздар мен қазақтар жөніндегі жазба деректер мен тарихи-этнографиялық материалдарда өлген адамның символикалық бейнесі «тұл» жасау туралы деректер көптеп кездеседі. Өлген адамды «о дүниеге» шығарып салуға байланысты орындалатын ырым-жоралар рәсіміндегі «тұл» проблемасының шығу тегі мен функционалдық қызметі туралы зерттеушілер арасында әртүрлі ғылыми жорамалдар бар. Атты тұлдап, құйрығын кесіп, ат құйрығын қаралы үйдің шаңырағына жылына дейін бақанға іліп қойған. Тұл атты өлген адамның жанының өтеушісі деп есептеуге болады. Қалыптасқан дәстүр бойынша, тұлдау ер-азаматтарға қатысты ғана орындалады.
Бүгінгі қазақ мәдениетінің ежелгі қазақстандық тайпалардың мәдениетімен тоғыстыратын тағы бір белгі–уақыт өте келе белгілі бір тарихи фактілердің әсерінен өзгерістерге ұшырап, XIX ғасырдың аяғы–XX ғасырдың бас кезіне дейін келіп жеткен ежелгі тайпалардағы өлген адамды «о дүниеде» керекті заттармен бірге көму ғұрпы (өлген адамның жеке киім-кешегі, қару-жарағы, күнделікті тұрмыстағы қолданған заттары). Қазақтардағы «сеп» жинау рәсімі осы ежелгі рәсімнің өзгерген түрі болса керек. Бұл жерде біздің ойымызша өлген адамды жеке заттарымен бірге көму және қазақтардың «сеп» жинау рәсімі бір түсініктегі құбылыстар.
Асқа дайындық, оны өткізу мәселесі арнайы алқалы отырыста–«кеңесте» (ақсақалдар кеңесі) шешіледі. Кеңесте өлген адамның отбасымен, сүйектес-тұқымдастарының (руластары) асты өткізу кезіндегі міндеттері айқындалады. Асқа кететін малдай шығындары, тігілетін үйлерді кеңестің шешімі бойынша өз мойындарына алады. Әр үйдің иесіне сол үйге түсетін қонақтарды қарсы алу міндеті толық жүктеліп, ас өтетін жер белгілінеді. Ақсақалдар кеңесінің өзі құрамы жағынан өте көлемді алқалы жиын дәрежесінде өткізілсе керек. Мысалы, 1863 жылы Ұлытау өңірінде Дүзен Сандыбайұлына берілген ас берудің жобасын жасауға күллі Бағаналы елінің игі-жақсылары жиналып тек осы жиынның өзіне 50 жылқы, 100 қой сойылған.
Ал сауын айту өз кезегінде осы алқалы кеңестің асты қалай, қай жерде, қай мезгілде т.б. өткізілетіні туралы шешімін жұртқа жария етудің жолы. Сауын айту қазақтағы қай-қай ірілі-ұсақты астарға тән, әбден қалыптасқан дәстүр, төңіректегі және алыстағы ауылдарға ас берілетін күн туралы берілетін хабар. Сауын айтудың негізгі мақсаты-асқа шақырылатын елдің еш қайсы қалмай, асқа асқан ұйымшылдықпен келуін қамтамасыз ету.
Ас беру мерзімі адамның өлгеніне артық кемі жоқ бір жыл толуына тікелей байланысты емес. Қайтыс болған адамның жағдайына байланысты не жыл уақытына байланысты жетпей, не біраз асып барып өткізіле береді. Бұл әрине әдет-ғұрыптың бұзылғандығы болып есептелмейтін. Мәселен, Мұса Шормановтың асы оның қайтыс болғанына 7 айға жуық уақыт өткен соң берілген. Жалпы астың мерзімі 3-4 күннен бір жетіге дейін, ертеректе тіпті одан да ұзаққа созылатын болған: бірінші күні ошақ қазып, үйлер тігіледі; екінші күні мал сойылып, ет асылса, үшінші күні табақ тартылып, ел арасындағы дау-жанжал қаралады, төртінші күні ойын-сауық өткізіліп, ат шабады, асқа алыстан келгендердің көпшілігі осы күні тарай бастайды.
Ас өткізілетін жерге ең алдымен қаралы үй асқа 10-15 күн қалғанда аса салтанатпен көшіріліп келінеді. Қаралы үй оқшау тігулі тұрады. Осы күннен бастап ас өткізетін отбасының рулас-туыстары киіз үйлерін тігіп, малдай, қымыз, т.б. көмектерін көрсете бастайды. Қонақтарға тігілген үйлер ошақтан кемінде 50-100 метр қашықтықта, кейде одан да алыс орнастырылады. Қонақтарға тігілген үйлерге кілемдер төселіп, көрпелер жайылады, шақырылған адамдардың бәрі осы үйлерге келіп орналасады. Үй саны әртүрлі, мысалы, Қарқаралы өңірінде өткен Қорысбайдың асына 500 үй, Ұлытаудағы Ерден Сандыбайұлының асына 500 үй тігілген, XIX ғасырдың 90-жылдарында Қуаңдария өңірінде өткен Кәрібай асына 200 үй, Талдықорған өңірінде Ақсу өзенінің бойында Тастөбеде өткен Сеңгірбай асына 300 үй тігіліп оның 100 үйін туған-туысқандары, қалған 200 үйді руластары тіккен.
Әдетте астың бастауына бір күн қалғанда, мал сойылмай тұрып, асқа тігілетін үйлерден аулағырақ арнайы бөлінген жерде ет асылуға тиісті арнайы ошақтар қазылатын. Олардың басына арналып ас үйлер тігіліп, бұл іспен негізінен өлген адамның жақындары, ағайын-туыстары айналысатын. Ошақтардың саны да шақырылған қонақтар көлеміне сәйкес болып келеді. Мәселен, Ақмола өңірінде (қазіргі Анар станциясының қасындағы) Ақтасты деген жерде өткен Байдалы бидің асына 200 ошақ , Өскенбай асына 300 ошақ қазылған. Осы оқиғаға арналып «ошақ қазу» немесе «ошақ майлар» (қырғыздарда «кемеге бәйге») деп аталатын алғашқы күнгі ас салтанатын ашу үшін кішігірім бәйге өткізілетін.
Ошақ қазылғаннан кейін мал сойыла бастайды. Асқа сойылатын малдардың мөлшері жайлы көптеген тарихи деректер кездеседі. Кіші жүздегі атақты Сырым Датұлының асында 2500-дей қой, 200 жылқы, Кіші жүз шөмекей руында өткізілген Кәрібай асында 200 қой, 40 жылқы сойылғандығы белгілі.
Асқа аса көп мөлшерде елдің жиылып, ас беруші елге, оның басшыларына үлкен сын болғандықтан, асты ешбір сөз келмейтіндей, өте жоғары ұйымдасқан түрде өткізуге асқа жиналғандардың талап-тілегін толық қанағаттандырып, ата-баба дәстүріне сай жол-жобасын сақтап, қонақтарға қалтқысыз қызмет етуге тырысқан. Ол үшін ең әуелі ас басқарушы арнайы топ тағайындалатын. Асты басқарушылар ақсақалдар кеңесінің шешімімен бекітіледі. Асты басқарушылардың атақ-абыройына астың тәртібінің сақталуы мен еш дау-дамайсыз өтуі тікелей байланысты болған.
Асқа арналып тігілген ауылға келудің де өзіндік белгіленген тәртібі болады. Әр рудан келген топты бастап келген сыйлы адамдар ең әуелі асқа тігілген «қара ту» ілінген марқұмның қаралы үйіне келген бетінде марқұмды жоқтау дәстүрін атқаруға тиіс, қысқа ғана бата қайырып, марқұмның аруағына мінажат етіп, құрмет көрсетуі керек. Содан кейін «азасына салғанымыз», «азасына қосқаным» - деп марқұмның үй-ішіне өздерімен алып келген тарту-таралғысын табыс ететін.
Ас-ас берушіге ғана емес келушілерге де үлкен сын, әр рудың тұрмыс-дәрежесін, білім-тәрбиесін, күш-қуатын көрсетер үлкен сынақ. Сауын айтылып, хабар алған елдер, асқа салтанатпен келуге үлкен мән берген. Асқа бару мәселесі, оған баратын топтың құрамы аса ыждағаттылықпен іріктеліп алынатын-ды. Асқа бару жайын талқылап, топ құрамын белгілеу үшін күллі рудың, аймақтық ел басылары бас қосқан мәжіліс шақырылатын.
Табақ тартуға әдетте ылғи сыпайы, ыңғайлы киінген жөн-жосықты білетін жігіттер тағайындалады. Тәртіп бойынша табаққа үйдегі қонақтардың дәрежесіне сай мүшелердің салынып, тартылуын басқаратын, табақ жасаушы жасы үлкендеу адамдар болатын. Табақ таратуға бір кісі басшы болады, оны «айдаушы»-деп атайды, ол табақтың өзге жаққа кетіп қалмауына жауапты.
Ас салтанаттарының ішінде айтыс-астың алғашқы күнінен басталып соңғы күнге дейін жүргізіліп отыратын, ал аста орындалатын ұлттық ойындар түрі (бәйге, балуан күрес, сайыс, жамбы ату, теңге алу т.б) негізінен олардың әскери қолданбалылық мәніне байланысты іріктеліп, қалыптасқан тәрізді. Оның ішінде бәйге–асты жалпы халықтық мейрам, тойлардың ішіндегі «мерекелердің мерекесіне» айналдыратын ең дәстүрлі ұлттық ойын түрі. Ас салтанаты бәйгемен ашылып, бәйгемен жабылатын–астың алғашқы күнінен басталатын бәйгелер тізбегі (ошақ майлар, тай-құнан, дөнен бәйгелері) астың соңғы күні өткізілетін аламан бәйгемен аяқталатын. Аламан бәйгенің өтуімен астың сән-салтанат бағдарламасы аяқталады, астың ресми жабылуы жария етіліп, келген қонақтар тарай бастайтын.
Астың соңғы күні сеп бұзылып таратылады. Қаралы ту сындырылып, тұл ат сойылады және соңғы рет жоқтау айтылады. Осы ырым-жоралық жосындардың орындалуы жылға созылған аза тұту мерзімнің аяқталғанын паш етеді, бұл жосын-жоралар әдетте аламан бәйгемен бірге астың сән-салтанаттық бағдарламасы аяқталғаннан кейін марқұмның туған-туыстары мен асты өткізуге ерен еңбек сіңірген сыйлы, кәделі адамдар сияқты шағын топтың қатысуымен өтеді.
Қазақтың ас беру дәстүрінде Кіші жүз, Орта жүз, Ұлы жүз арасында ас беру тәртібінің ешқандай өзгешелігі мен ерекшелігі жоқ. Сөйтіп қазақ халқында ас беру дәстүрінің өзінің ғана біркелкі, бүтіндей, бір тұтас болып келетіндігімен қазақ ұлттық этномәдениетінің бірегейлігін анықтайды. «Ас беру дәстүрінің әлеуметтік-саяси реттеушілік мәні» атты үшінші тарауда дәстүрлі қазақ қоғамының саяси әлеуметтік қатынастар жүйесіндегі ас беру дәстүрінің институционалдық реттеушілік қызметі сараланады. Ас қоғамдық экономикалық, әлеуметтік-саяси тұтастықтың мызғымастығын, бірлігі мен өміршеңдігін қалыптастырып, қамтамасыз ететін салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық жосын-жоралар жүйесінде негізгі заңдық-құқықтық инструменттердің бірі ретінде қызмет атқарғанды. Сан ғасырлар бойғы өмір сүру тәжірибесінің нәтижесінде дүниеге келіп, екшеленіп, сұрыпталып шыққан халықтық заңдық-құқықтық шығармашылығының көптеген жүйелері қалыптасып, белгілі бір уақыттық-кеңістіктік өлшемде қоғамдық қатынастарды реттеп отырған, осы халықтық ұжымдық рухани-дүниетанымдық қоғамтанушылық шығармашылығының ішіндегі салт-дәстүр жосын-жораларының арасындағы ең бастысы өлген адамды шығарып салуға байланысты қалыптасқан ырым-жоралар жүйесі болып табылады, ал оның ішіндегі ас осы шаралардың ішіндегі көптеген вариацияларының арасындағы ең маңыздысы.
Ас берудің әлеуметтік идеялық негізі - тамыры терең тарихтар қойнауында жатқан ру көсемдері мен жетекшілерінің культі десек, ас осы қоғамдық ұжымдасудың әлеуметтік сатылық моделін бейнелейді, аруақ рухының осы қалыптасқан жағдайды оның (аруақтың) абстрактылы қатыстылық (діни жарнамалық) тұрғысынан санкциялануын қамтамасыз етеді. Астың абыройлы өтуі өлген адамның артын күтуші қауымның күш-қуатына тікелей байланысты. Асты кез келген отбасы ғана емес, тіпті кішігірім рулардың да өткізе алуы екі талай болған. Бұл жерде біз келтіріп отырған материалдық шығындардың орасандығы ғана асты өткізуге қолбайлау болуы мүмкін емес, ол үшін асты өткізуші елдің (рудың) руаралық қарым-қатынастар барысындағы саяси бекемдігі, беделі астың тәртібінің салт-дәстүрге сай бұзылмай өтуінің басты кепілдіктің бірі болған. Сондықтан да кейбір аз рулар астың абыройлы, дау-дамайсыз өтуін қамтамасыз өтуі үшін, өзінен үлкен, күш-қуаты мол, ірі руларға арқа сүйеп отырған. Егер ас берудің осы тәртіптері сақталмаса ас бұзылып елдің іргесі шайқалады. Мәселен, «Айман-Шолпан» жырында Көтібар-Маман бай арасындағы даудың шығуына бір себеп, ас иесі шөмекейлердің мойынға алған міндетті ақырына дейін орындай алмауы да–дау шыққан кезде өздері ара ағайындық жағдайға жарамай, әлсіздік көрсетуі–осы дағдарыстық ситуациялық жағдайдың тууына себепші болады, тығырыққа тірелген жағдай пайда болады. Бұл жағдай–шөмекей руының жалпы руаралық қарым-қатынастар иерархиясында Көтібар бастап барған шекті, Маман байдың қолдаушысы тамалардан әлдеқайда төмен тұрғанын анықтап, ас осы ақиқатты тек ашып көрсетеді, тек осы жай анықталғаннан кейін-ақ дау-шар бітіп, (ас аяқталғаннан кейін) қоғамдық, әлеуметтік-саяси қатынастардағы гармониялық қалыпты тұтастық қалпына келеді–Айман, Арыстан, Әлібек сияқты тұлғалардың іс-қимылы нәтижесінде ел арасы бітісіп, табысады.
Ал Көкетайдың асында осы дисгармониялық ситуация басқаша сценариймен ойналады. Ел тұтқасы Көкетайдың жеке ақыл парасатына тәуелді болып тұрған ел бірлігі оның әлжуаз, саяз ойлы мұрагері Боқмұрынның тұсында түгелдей қожырауға ұшырайды.
Қауымдық бірлік, тұтастықтың, ынтымақтастықтың бұзылып, ас аяғы соғысқа ұласып Манастың өлімімен бітеді. «Көкетайдың асы–көк жанжалдың басы» деген сөз осыдан қалса керек. Қазақ қоғамының саяси қатынастар жүйесін сараптағанда осы әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесінің байланыстық, анықталу қағидасының өзгеше екеніне көз жеткіземіз. Әлеуметтік тұлғалану қазақ қауымында оның ерекше патриархалдық-рулық қатынастарға негізделген, таптық жіктелуден ада ұжымдық-ынтымақтастық психологиялық қағидалардан туындайтынын көреміз. Ру–оның әр мүшесінің әлеуметтік-саяси статусын жиынтық түрде бекітіп, тұлғаландырады. Мәселен, Орталық Қазақстанда XIX ғасырдың орта шеніне қарай берілген Алтай елінің Қорысбайға берген асында, қырқын беріп, асқа сауын айтылған кезде Тоқаның іргелі елге айналған үш ата баласы Барғана, Айтқожа, Сатыбалдылар тобына осы үш отаудың біріне кіретін шаруасы да, саны да шағын отыз үйлі Елгелді асқа шақырылмайды, тіпті ата жолын сақтап «ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды»-деп асқа өзі келген Елгелділерді, олардың бәйгеден екінші болып келген атына арнайы жүлде де берілмей қалады. Бірақ бәйге үшін дау болып, ас шырқы бұзылмайды. Ал осы аста астан бір жыл бұрынғы барымтада қолды болып кеткен Алтай руының кедей жігіті Жортықтың торқасқасына, асқа келмесе де (Торқасқаны ас беруші жақ барымталап алған) бәйгенің шаппай берілуін талап еткен Алтайлардан ас иелері аса алмайды олардың талабын қанағаттандырып, торқасқа атты тауып оны тынықтырғанша асқа жиналған тоғыз дуан ел (Көкшетау, Омбы, Кереку, Семей, Қарқаралы, Әулиеата, Атбасар, Ақмола) он жеті күн бойы асты таратпай бәйгені күтеді. Бұл жерде, әрине бірнеше мәселе қатар шешіледі, өткен даудың да мәселесі осымен бітіп, ел арасы бітіседі.
Тіпті, бәйге жүлдесін ала-алмаған Елгелді жұрты да «Білімнің ата-анасы-бірлік» деп, «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген принциппен, ата-баласының намысын жыртып, аруақ қасиетіне құрмет көрсетіп, ел намысын, бірлігін қуаттайды. Ас үстінде оның ішінде әсіресе аламан бәйге кезінде көптеген дау-дамайлардың орын алғаны жайында ел аузындағы аңыз-әңгімелер көп. Әрине, бұл аңыздардың шындықтан алшақтау жері болғанмен ақиқатқа жақын тұсы оның дәстүрлі қазақ қоғамының қалыпты тұрмыс-тіршілік ету формасы мен оның осы формалық бейнесінің сақталуын қамтамасыз ететін тетіктерін ашып көрсетуінде. Әрине, аңыз желісіне арқау болған оқиғаның ас үстінде орын алуы әбден мүмкін, бірақ оның қоғамдық-әлеуметтік мәндегі саяси қойылым ретіндегі сценариі ғана басқаша болуы мүмкін. Бірақ негізгі мақсаты біреу. Ол қоғамдық-саяси және әлеуметтік статустар межесін белгілеу, әрі осы қатынастарды бекітетін тетіктердің өміршеңдігін тексеру. Осы аңыздардың межесінен (финалынан) көріп отырғанымыздай әртүрлі ситуациялық (арнайы «қойылған») жағдайда қоғамдық-әлеуметтік, саяси бірлік пен осы бірлікті тұтастандырып тұрған тетіктерінің арасындағы гармониялық тепе-теңдік, сәйкестік көрініс табады, «қолдан жасалған» дағдарыстық (кризистік) ситуациялық «қойылымдар» сәтті аяқталып отырады.
Ас өткізетін рудың абырой-атағын асыратын ұлы астар ру аралық жиын, мәжіліс қызметін атқарған. Белгілі кісілердің аруағына бағышталған үлкен астарда құрылтай шақырылып қолбасшылар, батырлар сайланған. Ел қорғау жөнінде шаралар белгіленіп ру аралық талас-тартыс мәселері шешілген. Бұның бәрі тек қана практикалық мән бар есептерге байланысты ғана емес, көбінесе діни мағынада (аруақ басында) істелген шара болып табылады. Өйткені ас иесі аруақ, болып жатқан оқиғалардың қатысушысы әрі куәгері ретінде қабылданған шешімдердің бұлжымастығын бекітіп отырған. Аста қабылданған шешім мен берілген антты бүкіл халық болып жоғары бағалап, мүлтіксіз орындап отырған.
Ас беру тек қана өлген адамның туыстарына ғана тиесілі емес, жалпы сол рудың мүшелеріне, тіпті асқа арнайы келген бүкіл халықтың да мойнымен көтерер қасиетті әрі құрметті міндеті болған. Сөйтіп, осындай шаралар арқылы ел бірлігінің ұжымдық-ынтымақтастық дәрежесі айқындалған. Ас өте жоғары ұйымдасу дәстүрі бойынша өткен.
Әбілмәмбеттің асында Абылайдың, Абылайдың асында Уәлидің хан сайланып, қазақ мемлекетінің ішкі-сыртқы саяси жағдайына байланысты үлкен мәселелер шешімі тапқаны, ал Кенесарының әкесінің асы үлкен саяси шараға айналып, үш жүздің басын қосқан, қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіріп инвеституралық мәселенің шешілуін іске асырғаны тарихтан белгілі- бұл аста үш жүздің басы қосылып, Кенесарыны ақ киізге салып қазақ халқының ханы етіп көтерген.
Сондай-ақ астарда билер алдында шешуі қиын мәселелер жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы сияқты мәселелер астарда өз шешімін тапқан. Ас өткізілуі үстінде ел арасындағы шешілуі күтіліп қордаланып қалған көптеген саяси мәселелердің санында, түрінде шек болмайтын. Мәселен, 1749 жылдың 5 маусымында шекті-қырғыз батыры Бейімбеттің асында тама Есет Көкіұлы батыр, есімі жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы күресте шекті елінің ұранына айналған Төлесұлы Бақтыбай батырмен орыс отаршылдықтарына қарсы күрес ұйымдастыру мәселесін талқылаған көрінеді. Алайда осы жылдың күзінде Есеттің қайтыс болуынан Бақтыбай батыр аруақ алдындағы антына адалдықпен тек шектінің емес, күллі Жетірудың Еділ қалмақтары, түрікпен, орыстарға қарсы атамекен үшін күресін өмірінің майданда қаза болған соңғы күніне дейін басқарады.
1851 жылдың жаз айында Құнанбай әкесі Өскенбайдың асында Шу өзенінің бойынан Арғын, Үйсін елінің адамдары келіп жер дауы мәселсімен Құнанбайға жүгінген-нәтижесінде арғын, үйсін тайпаларының Шу өзені бойымен өтетін жайылым шекарасы бекітілген. Әрі осы аста Құнанбай мен Алшынбай бір-бірімен құда болысса керек.
Ақсу–Аюлы өңірінде өткен жапсар–қаракесек Есбайдың асында Бәйсеит би бастаған билер тобы Қаракесек пен Қуандық арасындағы жер дауын қарап, шекаралық белгі ата-бабадан қалған зираттар негізінде өткізілген, ағайынның араздығы біржола басылған. Бұл аста, екі үлкен ру арасында өз дәуірлерінде туындаған қақтығысулардың артын бейбітшілікке шақыру мақсатында өткізгендігін көруге болады.
1916 жылы Жетісуда Дулаттың Қасқарау руынан шыққан Сұлтан деген атқамінер белгілі кісісіне берілген аста, көп ел бас қосып, Шапырашты Дулаттың ақын, әншілері, атқа мінер ел билеушілері түгел бас қосады. Патшаның маусым жарлығынан кейін толқып тұрған ел ішінің азаматтары асқа қару-жарақтарын сайлап, ел бірлігін бекемдеп, атамекен азаттығы үшін күреске сөз байласады.
Аста кез-келген келісім аруақ алдындағы антпен, батамен бекіп, сол арқылы ол шешімдер екі жақты жасалған құқықтық акт мәніне ие болған, оны бұзу дала заңында аса зор қылмыс түрі болып саналған, әрі соған сай қоғамдық көзқарас қалыптастырып, салдары өте ауыр болған.
Ас–көшпелі қазақ елінің аса ірі руаралық ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі үйлестіру кеңесі болып табылды. Көшпелі қазақ мемлекетіне танымал беделді басшылары жиналатын құрылтайға айналды, ел үшін ынтымағы, бірлескен жауапкершілігі мол, міндетті түрде орталықтандырылған жиын болды. Ас ұлттық бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтап, ел басын біріктіруде, ішкі және сыртқы қуатын бекемдеуде орасан, зор рөл атқарды.
Жұмыстың қорытынды бөлімінде астың дәстүрлі қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси реттеушілік қызметінің ғұрыптық қасиетінен басымдық белгісі дәйектеледі.
Сонымен, ас–ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тәжірибесі мен белгілі бір экологиялық кеңістікті игеру барысындағы пайда болған экономикалық-идеологиялық жүйенің халықтық-құқықтық нормалар қалыптастыру шығармашылығының ең басты, ажырамас элементтерінің бірі болып табылады, тіпті осы нормалардың іске асуы мен өміршеңдігін қамтамасыз ететін ең басты инструменттерінің бірі ретінде жоғары инстанциялық қасиетке ие. Өйткені, өлген адамға құрмет үстіндегі берілген сөз, кесілген кесім бүкіл қоғам мүшелері үшін, олардың қандай әлеуметтік топқа жататындығына қарамастан қалтқысыз орындалуға тиісті болған. Демек ол тек қана өлген адамды шығарып салуға байланысты міндетті түрде орындалатын діни-ғұрыптық жосын-жоралар жиынтығы мен оның атқарылуы ғана емес, үлкен қоғамдық-әлеуметтік, саяси институционалдық статусы одан әлдеқайда жоғары жалпы ұлттық маңыздағы саяси форум дәрежесінде болған, дәстүрлі қазақ қоғамының құқықтық реттеу кодексі іспеттес. Негізгі қызметі қоғам өмірінің ішкі өміршеңдігін сақтаушы. Этникалық құндылықтарды жаңғыртып отыру мен нормалардың күш-қуатын арнайы ұйымдастырылатын шиеленісті ситуацияларды туғызу арқылы қоғамның қалыпты жағдайын сақтап, реттейтін тетіктерін тексеру арқылы этностың динамикасын қамтамасыз етеді. Осы қоғамдық-әлеуметтік қатынастарды реттеушілік қызметін XX ғасырдың 20-жылдарына дейін сақтады.

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Axi
Просмотров: 841 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

Хостинг от uCoz
Тегін қазақша рефераттар © 2017