Среда, 24.05.2017, 16:30
Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Скачать рефераты бесплатно на казахском и на русском языках | Регистрация | Вход
Меню сайта
Категории
Ағылшын тілі [5]
Ашық сабақ [41]
Биология, Валеология [54]
География [162]
Математика [11]
Информатика [55]
Экономика Бухгалтерия [132]
Қазақ халық әндері,тарихы [9]
Қалғандары [106]
Қазақ хандары, билері, батырлары [153]
Қазақ әдебиеті [367]
Қазақ тілі [79]
Құқық [81]
Қазақ мерекелер,салт-дәстүр [20]
Қазақстан тарих [178]
Химия Физика Астрономия [34]
Дін тану [26]
Тест сұрақтары [33]
Қазақша диплом [7]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [92]
Шағын көлемді шығармалар [7]
Ұлы ОТАН соғысы [18]
Психология, Философия [36]
Педагогика [127]
Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану [47]
Ғылыми жұмыс [93]
Экология [35]
Рефераты на русском [28]
Программы (Сборник Рефератов и т.д) [0]
Слайдтар [4]
Форма входа
Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу нысаны мен дерек көздері, теориялық-тәжірибелік маңызы, сарапталуы мен құрылымы жөнінде негізгі мәліметтер берілген.
Диссертациялық жұмыс үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім “Кененнің жыршылық өнері” деп аталады. Бұл бөлім “Кененнің репертуарындағы жырлар”, “Кененнің жырды орындау мәнері” деген екі тарауға бөлінеді.
“Кененнің репертуарындағы жырлар” атты бірінші тарауда тұңғыш рет Кенен Әзірбаев өнерінің жыршылық өнері қарастырылып, түрлі әдеби қорлардан алынған дәйек көздері мен ел аузынан жиналған мәліметтер негізінде Кененнің жыршылық шеберлігі зерттеледі.
Кенен – қазақтың бай эпикалық мұрасы мен импровизаторлық дәстүрін жалғаушы әрі дамытушы. Ол қазақ, қырғыз халықтарының төл жырларымен шығыс аңыздарының желісіне құрылған қисса-дастандарды рухани азық етіп, өмір бойы жырлап өткен. Алайда, ХІХ ғасырдың көп ақындары сияқты Кененнің де жыршылық қыры бүгінге дейін ашылмай келді. Шындығында ол “Ұлы жүз жайында аңыз”, “Жалғыз қаз”, “Қырғызбай”, “Әли батыр”, “Кенебай – Кербез”, “Жамбыл – жыр”, “Бұрынғы өткен батырлар”, т.б. жырлар мен “Сүйінбай мен Тезек төренің кездесуі”, “Тезек төре мен Бақтыбай ақын”, “Тезек төре – Түбек - Құлмамбет”, “Құлмамбет ақынның Шабдан батырға айтқаны” және өзінің айтыстарын жадында ұстап, ел арасына таратып келген.
Кененнің жыршылық репертуарында Орта Азия халықтарына ежелден әйгілі болған “Ер Төстік”, қырғыздың атақты эпосы “Манас” (“Төкетай мен Мәнікер”) жырлары болған. Біздің дәуірімізге ақын идеялық-көркемдік мәні күшті “Қырғызбай”, “Әли батыр”, “Кенебай – Кербез”, “Жамбыл – жыр” жырларын жеткізді. Кененнің бұлардан да басқа эпикалық аңыздарды айтып келгені де белгілі.
“Төкетай мен Мәнікер” (көлемі 1000 жолдай) мазмұны өзге қазақ жырларынан бөлек. Бұл тұста оның үш ерекшелігін атап көрсеткіміз келеді. Біріншіден, мұнда әрекет ететін қаһармандар қазақ пен қырғызға белгілі (Көкетай, Ер Қосай, Әлмембет, Ер Көкше т.б.), екіншіден, балаларына қыз іздеп “Күнбатыста Ақжелек, Күншығыста Көкжелек” елдерінің арасын кезетін Төкетайдың бағыты Ертістен Қырымға дейінгі жерлерді мекендеген бір замандағы Алтын Орда империясының аймағын қамтиды, үшіншіден, жырда ертегінің әйгілі қаһарманы Ер Төстік Қырым елінің батыры ретінде көрінеді. Жанрлық жағынан алып қарағанда мұнда батырлық эпостың да, тарихи жырдың да, ертегінің де элементтері араласып келіп отырады. Бір тараптан қарағанда “Төкетай мен Мәнікер” ертедегі бірнеше жырдың сарынынан құралған туынды секілді. Кітапта бұл жыр үзінді ретінде ғана берілгендігі оның генетикалық немесе жанрлық сипаты туралы тұжырым жасауды қиындатады. Өзге нұсқаларды кездестіре алмадық. Сондықтан әңгіме жырдың дәл кітаптағы нұсқасы және оның кейбір көңіл аударатын елеулі тұстары туралы болмақ.
Бұл – Кененнің ең көлемді эпикалық дастаны. Негізгі сюжеті қырғыздың “Манас” эпосы мен қазақтың “Ер Төстік” ертегісінен нәзира етілген. Кенен 1940 – 45 жылдары үзік-үзік жыр етіп жүріп, 1947 жылы басын біріктіріп, ұзақ дастан қалпына келтірген. Оны өзі “Көкетайдың асы” деп атаған. 1967, 1974 жылдардағы жинағында “Төкетай мен Мәнікер”, “Ер Төстік” деген тараулары жарияланды. Ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына бұл жолы екі дастанды біріктіріп, мазмұн желісіне қарай аты “Бұрынғы өткен батырлар” деп өзгертіліп, толық нұсқасы берілді.
“Төкетай мен Мәнікер” жырындағы қаһарманның бірі – Ер Төстік. Бұл ертегінің кейіпкері Ер Төстікпен негізі бір екені анық. Мұнда ол Елеместің (ертегідегі Естеместің емес) отыз ұлының кенжесі, мұның да жүйрік аты Шалқұйрық деп аталады. Жырдың аңғарына қарағанда Ер Төстік Қырым ханы Ақжелекке бағынғысы келмейтін, елді өзі билеуге ұмтылған адам. Жетісудан барған, Ақжелек ханмен тіл тапқан жалғыз жолаушы, жеке батыр – Төкетайды өлтіріп жіберуі Ер Төстіктің айбаты мен қайраты ханнан да жоғары екенін сездіреді. “Төкетай мен Мәнікер” жырында тарихи оқиғалардың жаңғырығы бар деп топшылауға болады. Алтын Орда дәуірінде сол ұлан-байтақ ұлысты жайлап жатқан елдердің жергілікті өз билеушілері болғаны, олар өзара дауласып, соқтығысып отырғаны белгілі. Кейде ондай билеушілер хандардың айтқанына көнбей азулы батырлар мен ру басылар болатын. Бұған тарихтан аты мәлім Ноғай, Мамай, Едігелерді мысалға келтірсек те болады. Эпоста жол жөнекей ескертілген жайлардың тасасында халықтың тарихи тәжірибесі мен естелігі, түрлі оқиғаларға көзқарасы мен бағасы жататынын мойындасақ, “Төкетай мен Мәнікердің” де өткен замандардың әлеуметтік қайшылығынан өз дәрежесіне көркемдік хабар бере алатындығын көреміз.
Жырдың тілдік кестесі көркем. Оның кейбір тұстары эпосымыздың ең таңдаулы жолдарын еске салады. “Төкетай мен Мәнікер” талай жыршының аузымен айтылғаны, табиғи екшелу, жеттігу жолынан өткені аңғарылады. Мұнда терең ойларды тұжырымдап, қанатты нақыл сөздер қалыптастырған шумақтар аз емес.
Бозторғайға бақ қонса
Бидайық, қыран бағынар.
Шымшық құсқа бақ қонса
Самырық келіп жағынар [27,152 б.], – деген жолдар осы ойымызды дәйектей алса керек.
Кенен Әзірбаев аңыз, ертегі негізінде “Ер Төстік” жырын да айтып келген. Бұл жырдың түрлі халықтар арасында тараған сюжетінде көне дәуірдің мифологиялық түсініктерін әйгілейтін деректер мол. Мәселен, үш қат әлем – жер, жердің асты, көк туралы ұғым бұл жырда анық байқалады. Жер бетінің тұрғыны Төстік жер астына түсіп, көп қатерлі оқиғаларға душар болады. Тағы да бір ескерерлігі – Ер Төстік жырда жер астына “ажалдан қашып” түскен болып суреттеледі. Бұл арадан Қорқытқа байланысты аңыздардың идеясы елес береді.
“Кененнің жырды орындау мәнері” атты екінші тарауда Кененнің орындаушылық өнері жөнінде ой-пікірлер қозғалады. Кенен жырларын, оның орындаушылық қабілетін аңғара қарасақ, онда жыршылықтың нышаны анық байқалады. Ол өзінен бұрынғы және өз замандастарының өлең, жырларын жатқа айта білетін “құйма құлақ” жыршы. “Сүйінбайдың Тезек төреге айтқаны”, “Сарбас пен Қуандық”, “Шөже мен Кемпірбай айтыстары” және қырғыз ақындары Қалмырза, Оспанқұл, Әлімқұлдың шертпе жырларын өз әуен, өз мақамымен жырлаған.
Импровизация процесінде өлеңді, сөзді барынша мол қамтып игеру жағына құрылған Кенен шығармалары көбіне орындаушылыққа бағына бірде таза ән, бірде терме секілді, бірде ән мен терменің қосыла өрілген сипатында жасалған. Шығармаларының жанрлық болмысына қарай ән саздары біресе толғау, біресе термелеген нақылды, дидактикалық әуенді түрде салмақты ырғақта жырланды. Кейбір шығармаларының әуезді сазды болмысы сызылған әнге жақындап кетеді де кең қайырымды сазбен аяқталады. Кейбір шығармаларының басы желдірмелетіп өзі және өмір туралы тақпақталып басталады да аяғы ән қайырымы мен өрілген түйінді ойлармен қорытындыланады. Демек, Кененнің импровизаторлық өнері - ән әуеніне, мақамға сүйене шығарылған дәстүрдің жалғасы. Бірақ, бұл жалғастық тек қайталау емес, Кенендік стильдің дара болмысын да айқындайды.
Кенен өз замандастарының суырып салма дарыны, жыршылық даралығы, айтылатын сөз бен әуен, сарын, әуез, мақамдарды үйлестіре, сіңістіре білетін сазгерлік қабілетімен ерекшеленеді. Кенен айтыстарының әуендеріне қарағанда, үні асқақ, лирикалық сезім басым болып келеді. Бұл – Жетісу ақын, жыршыларының бәріне тән ерекшелік.
Кененді халық ақын, әнші-композитор, жыршы ретінде жақсы біледі. Ақындық, жыршылық дәстүрді дамытқан Кенен ерте кезде домбырамен күй тартатын өнері де болыпты. Жыр сарындарын күйге айналдырып немесе күй ырғақтарын жыр сарындарына ұластыруға шеберлігі көбінше эпикалық жырларды орындау үстінде көрінген. Халық әдебиетін зерттегендегі олқылықтарымыздың бастысы – сөз өнері мен саз өнерін біртұтас қарастырмай, жеке бөліп кететінімізде. Мүмкін, бұл синкреттіліктен арылғанның белгісі де болар. Ә.Қоңыратбаев былай деп жазады: “Жыраулар мен ескі айтыс ақындарында импровизацияның төрт түрлі өнері бірлесіп, ол синкретизм аңғарында көрінген: 1) Олар асқан импровизатор болған, мұны сөз өнері дейміз; 2) Теңдесі жоқ күйші [домбыра, қобыз] болған, мұны музыкалық импровизация дейміз; 3) Олар ғажап орындаушы [солист, артист] болды; 4) Заман, ел жайын терең толғайтын үлкен ойшыл, ұстаз болды. Бүгінгі ақындарда алдыңғы үш белгі өзінің өрнегін жоя бастаған” [28,25-26 бб.]. Ал, Ә.Қоңыратбаев атаған осы өнер түрлерінің Кенен бойында жымдасып, үндестігін тапқаны айқын көрінеді: Кенен айтысқанда, өлең, толғау, жыр-дастандарды жырлағанда тыңдаушыларды үйіріп әкететін қасиеттері аз болмаған. Бұл ерекшеліктері туралы Т.Кененқызының естеліктерінде біраз мәліметтер бар [29]. Кенен ақынның күйшілік қыры туралы әр қилы пікірлер сараптала келіп, әр түрлі жинақтар мен зерттеулерге сүйене отырып, бірінші бөлім аяқталған.
Екінші бөлім “Кененнің ақындық шығармашылығы” деп аталып, “Айтыстары”, “Арнау өлеңдер”, “Лирикалық және тарихи өлеңдер”, “Толғаулар” атты төрт тарауға бөлінеді.
“Айтыстары” тарауында Кенен Әзірбаевтың ақындық өнерінің сабақтасу, даму жолдарын, өзіне тән ерекшеліктерін жан-жақты сараптап, зерттеу нәтижесінде оның бүгінгі кезге дейін белгісіз болып келген қырлары, қалыптасу бағыттары айқындалды. Ақынның халық әдебиеті үлгісіндегі толғау, арнаулары, импровизация дәстүрінде дүниеге келген айтыс-қағыстарының поэтикалық өрнегі, ірі жыр бәсекелеріндегі ақындық шеберлігі тақырыпты игеру барысында талданып қарастырылды. Қолда бар материалдардың негізінде алғаш рет шығармашылық өмірбаяны жазылып, тың мағлұматтар берілді. Ақын шығармашылығының халықтық сипаты, танымдық-тәрбиелік ролі поэтикалық дәстүр аясында сабақтастырыла сараланды. Кененнің өнерпаздық тәлімінің ақындық ортасына болған ықпалы, әсері анықталды.
Кенен жасынан халық әдебиетінің сан ғасырлар үзілмей келген асыл мұраларының үлгілері мен ақындық, жыршылық, шешендік мектептердің өнер-өнегесінен нәр алып, оны өз тарапынан жетілдіре, кемелдендіре отырып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұйытқы болды. ХІХ ғасыр қазақтың ақындық поэзиясын шырқау биікке көтерсе, сол дәрежеге жеткізген соқпақ жол – айтыс өнері екені даусыз. Ілкі замандардан жеткен көне сүрлеуді жалғап, өз тарапынан кемелдендіре отырып, тың межеге көтеруде ақынның атқарған еңбегі зор. Кенен – ең алдымен айтыс ақыны. Оның есімін ел есінде сақтаған да осы өнері. Бұл анықтама өнердің өзге саласындағы қырларын жоққа шығармаса керек. Шәлипа, Ләтипа, Бөдене және Шәйнек, Бопина, Халима, Жамбыл, Кенжеқожа, Әбдіғали, Шашубай, Есдәулетпен айтыстары бұл айтқанымыздың анық дәлелі.
Сонымен қатар, бұл тарауда Кененнің айтыстарда қолданатын тәсілдері, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері тиянақты қарастырылады. Өзінің сөздік қорын байыту үшін халық әдебиетінің мол мұрасын ауқымды түрде игерген, оның сан-салалы құбылыстарын жете түсінген, әр сөз тіркесінің мәні мен мағынасындағы ерекшеліктерді, құбылтулар мен құлпыртуларды жетік меңгерген, қазақ айтыс өнерін жалғастырушы әрі дамытушы Кенен Әзірбаев – дәстүрлі ақындық поэзия мен халық әдебиетінің озық үлгілерін өз шығармашылығына көркемдік құрал ретінде молынан пайдалана білген шебер ақын. Өзіне де, өзгеге де қатал сыншы бола білген суырып салма ақын, айтыс ақындарына:
Қытықтамай, шымшып айт,
Өткір жырмен қыршып айт [26,276 б.], - дейді. “Әсерлі, қызулы, тасқынды, екпінді жырларыңмен оттай шалқып, еркін көсіліп сөйлеңдер!” - деп үн тастайды. Асылы, ақынның бұл лебізінде өлең сөздің көркемдік болмысына, эстетикалық табиғатына қатысты құнды ойлар көрініс тапқан.
Кенен өзін жыр әлеміндегі желмен жарысқан сәйгүлікке балау (оза шапқан тұлпар, топ бастаған жүйрік т.б.) арқылы халық поэзиясындағы метафораларды, әсіресе, күрделі метафораларды туындыларына шебер пайдаланады. Шалқыған шабытын тұлпардың шабысына, арғымақтың қарышына, жорғаның шалысына салыстыра бейнелейді. Бұл Кененнің айтыстарында жүйелі сипатқа ие. Айтыстағы әр сөз, тіркес, тармақ кестелі орамдармен көмкеріліп отырады. “Тайымда атқа қосып елім мені”, “Жүйрік аттай замғаймын көсілгенде”, “Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс” – мұның бәрі метафоралық үзілістер. Егер өлең жолдарындағы метафоралық үзілістерді жеке қалдырар болсақ, онда ақынның жеткізбек ойы төмендегідей болып сүреңсіз шығар еді: “[Мені]-тайымда атқа қосып”, “[Мен]-жүйрік аттай самғаймын,” “[Мен]-жорға едім”.
Ақын күрделі метафораларды қосу арқылы өз ойына күшейтпелі мағына беріп, оларды жүйе-жүйесімен түрлендіре құлпыртуды мақсат тұтады. “Тайымда атқа қосып елім мені” деген түйінді сөз тіркесінде шынайылықтың белгісі жатыр. Жыр алыбы Жамбылдың ақындық мектебінен тәлім алған Кенен өнер аренасында ерте көрінді әрі өткірлігінің, дарындылығының арқасында қазақ даласына тез танылды. Ақын соны меңзеп отыр. “Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс” дегенде, бойына өнердің бар саласы тоғысқанын, мұндай қабілет екінің біріне қона бермейтінін паш етеді. Қазақта төрт аяғын бірдей шалыс басатын жорға жылқы тым аз кездеседі. Ал шала жорғаларды кез-келген үйірден табуға болады. Бұл орайда ақын халық поэзиясында сирек көрінетін көркем бейненің озық үлгісін ұсынады.
Ақынның шығармашылығын әсерлі айшықтармен ажарлай түсетін метафоралардың бір бөлігі қыран құстарға қатысты. Жан–дүниесінің сілкінісін, ақындық қиялдың серпілісін сипаттағанда, “көктұйғындай сілкінді”, “ақ сұңқардай түледі”, “тастүлектей таранды”, “тау бүркіттей шаңқылдап”, “ақиықтай таранды”, “қыран құстай қаранды”, “ақиықпен талпынды”, “ақбөкендей желейін”, “құстай ұшып”, “сұңқардайын қиялап” деген халықтық тіркестерді, бейнелі оралымдарды тапқырлықпен пайдаланады. Сөйтіп, бір ойдың өзін сан түрлі киіндіріп, өрнектеп, әдемілеп жеткізеді. Алуан түрлі, нешеме сырлы мән-мағынадағы сөздер немесе құс атаулары ой тиегін ағытуда, белгілі бір ой-пікірді білдіруде поэзиялық қызмет атқарады. Икемділікті, ептілікті, құштарлықты айтса, оған ақынның Бопинамен айтысындағы:
Көлдегі сен – аққу қаз, мен – лашын,
Қайырып қанатыңды ілмеймін бе? [26,266 б.] – дегені нақты дәлел. Кененнің Кенжеқожамен айтысындағы:
“Таудан аққан мен бұлақ, сен бір тамшы” – деуі өзін “бұлаққа”, қарсыласын “тамшыға” теңеуі – үлкен шеберліктің жемісі. Астарлы мағынаны айқындар болсақ, мұнда ақынның әріптесіне деген ауыр мысқыл, зілді кекесін жатқандай.
Қазақ поэзиясындағы айтыс жанрының бір бұтағы ақындардың өзара дидарласу кезіндегі сәлемдесу, қоштасу, көңіл айту мазмұнындағы сөз жарыстары. Мысалы: Жамбылдың “Майкөтпен дидарласу”, Нартайдың “Жамбылдың қазасына” т.б. Бұнда ақындардың төкпе ақындықтағы жырлау шеберлігі барынша ашылады. Осы жырлау шеберлігінің – замандас ақынның шығармашылық келбеті, оған арналған жырлаушы ақынның сезім пернелері шертіледі. Кененнің бұндай жыры Үмбетәлі қайтыс болғанда оның қазасына көңіл айту түрінде болады:
Сайраған Алатудың бұлбұлы едің,
Арыны басылмаған дүлдүл едің.
Сүрінген қапылыста, асыл Үмбет,
Ақынға әрбір сөзі үлгілі едің [26,277-278 бб.].
Өзге замандастары сықылды Кенен арнау, толғаулары мен айтыстарының жыр үлгісіне құрылған тұстары да кездеседі. Әсіресе, егіз, шалыс, ауыспалы ұйқастармен ауыз әдебиеті дәстүрін дамыта, өрістете жырлау әдісінен Кенен де сырт қала алмаған. Мұндай жымдасқан ұйқас, әуезді ырғақ, дыбыс үндестігін шебер үйлестіру Кенен сынды өрелі ақындардың қолынан келсе керек. Кенен мұраларында тау, тас, өзен-су, адам аттары, ру атаулары т.б. өте мол ұшырасады.
Кенен өзінің айтыстарында ұйқастың барлық түрлерін қолданған. Шәлипа, Ләтипа, Кенжеқожамен айтысы, Бөдене және Шәйнек деген жеңгелерімен әзіл-қағыстары 11-12 буынды қара өлең, кейде аралас, егіз ұйқастарға құрылған. Ал, Әбдіғалимен сөз сайысын да қара өлең, аракідік кезекті шалыс, аралас ұйқастармен өрнектеген. Негізінен 3 бунақты, 9-10 буынды, кейде 2 бунақты 7-8 буынды тармақ, шумақтар аралас ұйқасып та отырады. Кей айтыстарында өлеңнің әуезділігін арттырып, түрлендіре құбылтатын ішкі ұйқастар да кездеседі.
Кенен Әзірбаев шығармалары бейнелеу құралдарына мейлінше бай, олардың танымдық, тағылымдық, әсемдік әсері мен эстетикалық қызметі ерекше мәнді. Ол – дәстүрлі халық поэзиясына тән сөз өнерінің інжу-маржандарын айрықша сезіммен талғап-екшеп өз туындыларына шебер қолдана білген зергер ақын. Оның ақындық даралығы бейнелеу құралдарын шашыратпай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық қалпында игера алатын зор қабілетінде жатса керек. Тарихи шындық көркемдік шындықпен астасып, жымдасып жатады. Сөйтіп, айтысқа тың сипат беріп, тақырыпты жаңаша түрлендіру арқылы мазмұнын жаңғыртады. Кенен шығармаларының тілі көркем, әсем де айшықты нақыштармен астарланып, өрелі де тапқыр оймен әдіптеліп, ұйқас ұйытқысымен көмкеріліп жатады. Көркемдік-бейнелеу құралдары өзара қабысып, бір-бірімен тығыз байланысып отырады. Мазмұны мен пішіні, сөз өрнегі мен ұйқас үндестігі ақын даралығын, шеберлігін байқатады.
“Арнау өлеңдер” атты екінші тарауында Кененнің арнау өлеңдерінде келтірілген деректер негізінде ақынның шығармашылық тұлғасын, адами болмысын, дүниетанымын, жеке көзқарасын айқындадық.
Кенен ақындығының ендігі бір ерекшелігі – ол өлеңді көбінесе біреуге қарата, арнап айтады. Рас, бұл халық ақындарының бірталайына тән ерекшелік. Әйтсе де Кенен өлеңдерінің дені түр-тәсіл жағынан: “Ұсталарым, көрікті қыздыра соқ, басқармалар, басшылық ете білгін”, - деп келеді. Ақын арнаулары тақырыптық, идеялық мазмұны жақтарынан жарлай арнау және патриоттық арнау түрінде болып келеді, “Аттан!”, “Майданға сәлем”, “Мен сүйемін халқымды” деген арнау өлеңдерінде жанрды Кененнің публицистикалық көтеріңкі ақындық шабыт қуатымен өзіндік шеберлікпен дамытқаны көрінеді. Арнау жанрының табиғатына тән ақындық «меннің» көпшілікке қаратылуы азаматтық үнмен асқақ естіледі. Мысалы, “Мен сүйемін халқымды” арнауында:
Ән шырқап Алатауда арындадым,
Ағындай таудан аққан сарындадым [20,30 б.] - деп, өзіне қарата және бүкіл ақындар қауымын сөз өнерінің эстетикалық-тәлімдік, қоғамдық-әлеуметтік қуатын арттыруға шақырады. Қалың көпшілікке бағытталған арнауларында сол көпшіліктің қандай орта екендігі анықталады. Мысалы: “Жауынгер туыс, бауырлар” (“Майданға сәлем”), “О, халқым, ән мен күйді мендей сүйші” (“Композиторлар съезіне”), “Бірлесіп жатқан, халқым-ау!” (“Құттықтау”), “Шарықта, елім, шарықта” (“Тойға шашу”), “Әлеумет, көрдің, міне, жаңа заңды” (“Жаңа заң”), “О, халқым, осы айтқан сөз тура шығар” (“Әңгіме туралы”).
Кененнің арнау өлеңдерінің бір тобы - өзі ұстаз тұтқан Абай, Балуан Шолақ, Жамбыл мен өзімен қатарлас халық таланттарының жаңа дәуір жыршыларына арналады. Мысалы, “Абай” (1934). Бұл ақынның шығармалар жинағына енбеген өлеңі қолжазба түрінде [32], “Балуан Шолақпен кездескенде” (1912), “Жүз жасаған Жамбылға” (1945). “Құрметті інім Жұмабайға” (1948). Бұл да ақынның шығармалар жинағына енбеген өлеңі қолжазба түрінде [32], сондай-ақ “Менің ұстаздарым” (1954), “Күләшқа” (1958), “Жақсыбай қайтыс болғанда” (1958), “Қырғыз достарыма” (1959), “Омар Шипинге” (1959), “Мұқаным” (1960), “Балтағұлға” (1961), “Қайран Тайыр” (1965) деген шығармаларын атауға болады. Бұл арнауларында автор ақындық өнер иелерінің әрқайсысының дара ерекшеліктеріне сәйкес олардың бейнелерін жасайды. Әсіресе, әділдікті, адамгершілікті жырлап, адамзатқа достық құшағын жайған Абайдың ақындық тұлғасын бейнелеуде Кенен оның ойшылдық-даналық өрісін, халыққа, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін кеңінен толғайды:
Ақынның таңдамасы аты шулы Абай,
Сынаған көп ақынның сөзін талай.
Қадірлі алтын сөзін жаттайды елім,
Жас-кәрі жаны жылып бірі қалмай [32].
103 тармақтан тұратын осы өлеңнің композициялық бітімі жүйелі ақындық ойдың тегеурінді шеберлік қуатын танытады. Өлеңнің әуелгі шумақтарында Абай ақындығы мен өмір сүрген заманы арасындағы байланыстары айтылады. Кейінгі шумақтарында Абай армандаған бостандық, әділдік, білім-өнер, шындық салтанат құрған кейінгі заман туралы жырланады. Демек, Абай ақындығына ден қою Кенен лирикаларына композициялық өлеңдік құрылыстың шеберлік сапаларын дарытқаны байқалады. “Қадірлі алтын сөзін” деген тіркес – Кенен ақынның өлең өнері туралы тың баламасы.
Кенен шығармаларының ішінде өз заманының тарихи оқиғалы кезеңдерінде ел тағдырына жанқиярлықпен аянбай ат салысқан жаңа заман кейіпкерлеріне арналған мадақтау өлеңдер де бар. Ежелгі грек поэзиясында батырларды мадақтайтын “панегирик” Еуропа поэзиясында ода түрлерінде, ал классикалық шығыс және қазақтың жыраулық-ақындық поэзиясында өріс алған осы жанрдың Кененде де болуы, әрине, заңды құбылыс. Ауызша және жазбаша поэзияда да тұрақты сақталған осы дәстүрлі жанрдағы Кененнің “Мұхтарға”, “Сәбитке”, “Ғабитке”, “Кішіпейіл келеді білімді адам” өлеңдерін атауға болады. Кененнің мадақтау жырларында объектіге алынған адамның портретінен бастап, оның рухани келбетін ашатын қоғамдық-әлеуметтік қызметі сараланады. Тарихи тұлғаның ерекше бітімін даралау үшін ақын фольклорлық суреттеу әдістерін мол қолданады. Бірақ, Кененнің мадақтау өлеңдерін таза панегирикаға жатқызуға келе бермейді. Мысалы, “Композиторлар съезіне” арнауы негізінен астана жұртшылығына, Мәскеу көрермендеріне қарата айтылғанмен қазақтың өнер қайраткерлерін даралап таныстыруға арналады:
Біржан сал, Ақан сері, Әсет, Майра,
Жаза алмай арманда өтті кең құлашты [26,91 б.].
Арнау жыр мақсатында туған бұл өлең осы жолдар арқылы мадақтау жырдың табиғатын да береді. Кененнің осы типтегі арнауларының тағы бір қасиеті – тұтас бір елдің, не облыстың, ауданның қол жеткен табыстарының қорытындысына арнап жырлау. Мұндай арнауларда ақын халық алдында есеп бергендей фактілі мәселелерді жыр өрнегіне айналдырады. Мысалы, “Тың желдірмесі” өлеңі Мырзашөл мен Мақтаарал аудандарының ақ алтын жинаудан табысын мадақтауға арналады. Кененнің арнаулары мен мадақтауларының ара жіктері ерекше білінбей араласып жатуы – ақын стилінің өзіндік ерекшелігі.
“Лирикалық және тарихи өлеңдер” атты үшінші тарауда Кененнің ақындық табиғатында лирикалық кейіпкер сезімінің алуан иірімдеріне құрылатын азаматтық-философиялық, көңіл-күй, махаббат, табиғат тақырыптарына арналған лирикалық өлеңдеріне талдау жасалды. Қазақтың жыршылық-ақындық поэзиясындағы ежелден келе жатқан дәстүрдің бірі — көңіл-күй әуеніндегі жырларда ақындардың өз тұлғаларын даралап, өзіндік өмір жолындағы асу-белестерін, қиындықтарын айтып, мақсат-мүдделерінің түпкі нәтижелерінің орындалуы туралы есеп бергендей жырлаушылық. Мұндай жырларды біз Жүсіп Баласағұнның “Құтты білігінен” [33], Қожа Ахмет Иассауидың “Ақыл кітабынан” [34], Ахмет Иүгінекидің “Ақиқат сыйынан” [35] кездестіреміз.
Кененнің осы дәстүрдегі өлеңдермен де үндесетін біраз шығармалары бар. Солардың ішіндегі ең көлемдісі – “Жас кезеңдері” деген өлеңі. Ақын мұнда өзінің жастық шағын, ержеткен кезеңін, елге танымал болған заманын сипаттап, ақындық өнерінің және азаматтық істерінің арқасында үлкен беделге, құрметке ие болғандығын жырлайды. Кәрілікке жеткенге дейінгі жиырма бестен басталатын аралықтағы кезеңдерді суреттеуде ол дәстүрлі ақындық әдебиетте қалыптасқан тұрақты образдау, айшықтау, сөз оралымдарын түйдек-түйдек қолданады. Мысалы, “лақтайсың”, “бұлақтайсың”, “қылыштайсың”, “пырақтайсың”, “садақтай” және т.б. Ақын өз өмірінің сұлу да өрнекті, мағыналы мазмұнын осындай бейнелі, терең ойлы сөздермен жырлай келіп, кәрілікке жеткен қалпына мұңдана сөз арнайды:
Сексенде селкілдектей ауру келіп,
Басыңа ие болмай былғақтайсың [36].
Кененнің осындай дәстүрлі тақырыпта жырлаумен үндес шығармаларды қазақ поэзиясының тарихындағы ақындар мұраларынан да кездестіре аламыз. Мысалы, Махамбеттің “Мен, мен едім, мен едім”, Тұрмағанбеттің “Назым”, “Кейінге нені тастап кетемін деп”, Кенен Әзірбаевтың “Өзіме арнау”, Нартайдың “Өздерің білер Нартаймын”, Қасым Аманжоловтың “Өзім туралы” және т.б. шығармалар. Бұл ғасырлардан жалғасып келе жатқан үзілмес дәстүр. Бұны ұлы ақындардың бәрі де тұтынады.
Біз қазақ даласының табиғат көркін, жыл мезгілін Абайдың қаншалықты айқын бояумен шебер суреттегендігіне сүйсінеміз, Абайдан кейінгі дәуірдегі қазақ поэзиясында осы дәстүр қалыптаса түскендігін Кенен поэзиясынан тағы сезінеміз. Жасарып гүлденген көктем (“Май мереке”, “Көктемде жан бола ма желікпеген”, “Көктем жыры”), тамылжып құлпырған ыстық лепті жаз (“Нұрлы жаз”), сарғайып сұры қашқан жауынды, дауылды күз (“Алтын күз”), сақылдаған аяз, дүлей боранды қыс (“Аяз ата”, “Жаңа жыл”) міне, ойымыздың тағы бір дәлелі.
Ақынның бір шоғыр өлеңдері тау туралы. Кенен үшін тау — сұлулық символдарының бірі. Тау ақын бойында талай ойлар тудырған. Тау бірде тәкаппарлықтың белгісі болса, бірде қол жеткізбес арман, бірде асқақ романтика, бірде биік қиялға жетелейтін көрініс. “Ой жайлау”, “Қордай”, “Алатау аспанменен тілдескендей”, “Тауға барсаң тамаша” сияқты өлеңдердің тақырыбы да, мазмұны да бір-біріне жалғас, бірін-бірі толықтырады. Туған жер топырағының ғажайып қасиеттері өзгеше бір тың өрнектермен, бояулармен кестеленіп, көркемделуі Есік көлінің Кенен суреттеуіндегі:
Айнасы Алатаудың Есіккөлі,
Атамның мекендеген бесік көлі.
Сұлу көл ұл-қызының көңіліндей,
Кәнеки жүзіңдерші, есіп көлді [27,179 б.], - дерліктей бейнесі шынымен-ақ қызықтырады, көз алдыңда бұрын көрмеген бір суреттер тұрады. Сондай-ақ Алатау тауларына арналған өлеңдердегі тал түсте шаншыла созылып жермен табысып жатқан сәулелердің күн жолындай, ал жоғарыға бой созған ақ таулардың жер қолындай, әр құз арасында сыңғырлап, сылқылдап ағып жатқан бұлақтардың шашылып қалған күлкідей көрінуінде ақынның тосыннан тапқан баламаларының әсерлі, тартымды күші бар. “Таудың суы тасқындап” өлеңінде жер, табиғат көріністері де осындай бір өзгеше бейнеленген сипатымен, ақынның өзіндік сөз өрнегімен көз аясында, көңіл дүниесінде көркем де жанды бір өмір болып тұрғандай.
Кенен шығармаларының тілі оқырманға түсінікті, қарапайым, шешен. Ол қазақ халқының тіл байлығын аса мол игерген ақын. Кенен халық поэзиясына еркін сусындай отырып, өзі де мақалдап;
Елдің көркі не болар?
Көкорай шалғын бел болар [27,124 б.], - деп өлеңдерінің дені ән ырғағына лайықты үйлесіп, үндесіп келеді.
Кененнің ендігі бір көсіле көтеріліп, шырқай тартқан тың тақырыбы бар. Ол – ақынның алабұртқан көңіл-күйіне, жан тебіренісіне байланысты туған лирикалары – тарихи өлеңдері. “Қаласын Ленин қорғаймыз”, “Жаурамасын батырлар”, “Біз жеңеміз”, “Тракторшы Елеусіз”, “Кек алу”, “Төрт батыр”, “Майданға сәлем”, “Жамбылға көңіл айту”, “Батыр болсаң Мәліктей бол”, “Қуанышты күн”, “Жерлес батырға”, “Жеңіс салтанаты”, “Күйгенім-ай, сүйгенім-ай!”, “Қайран Шөкем!”, “Сүйгенім-ай”, “Жалғыз қайным”, “Сағындым-ау, Жапарбек”, “Жеңіс жылғы шаттық ән” т.б. ән-өлеңдері ақындық үлкен тебіреністен туған шығармалар.
Соғыстың алғашқы жылдары шығарған Кенен Әзірбаевтың өлеңдерінің үгіт-насихаттық мәні басым болғанын көреміз. Бұл сөзімізге дәлел, 1941 жылы 6 шілдеде “Ленин жолы” газетінде жарияланған “Жауға қарсы шығыңдар!” өлеңі. Ақынның “Біздің Отан жеңеді” өлеңінде лирикалық кейіпкердің жан-тебіренісі, сезім күйлері арқылы бүкіл адамдардың Отанға деген ұлы махаббаты, сол сүйікті Отан үшін қандай қауіп – қатерге, қиындыққа болса да әрдайым әзір екендігі нанымды бейне тапқан.
“Толғаулар” атты төртінші тарауда ақынның ел арасына таратқан толғаулары жайлы сөз болады. Кененнің ақындық тұлғасын даралап көрсететін шығармашылық белгісі – оның азаматтық, ойшылдық, халықтық тәлім-тәрбиелік мазмұндағы толғаулары. Оның толғаулары арнау, шақыру мазмұнында және өсиет-өнеге, нақылдық сипаттарда көрінеді. Арнау, шақыру мазмұнындағы толғаулары, негізінен патриотизм, батырлық жайлы толғаныс түрінде келеді. Мысалы, “Біздің Отан жеңеді”, “Ел қуанышы”, “Кек алу”, “Майданға сәлем”, “Біз жеңеміз” - толғаулары осы жанрға тән классикалық белгілердің дәстүрінде шығарылған дүниелер. Атап айтқанда, бұл толғаулар азаматтық-патриоттық, дидактикалық мазмұнмен, 7-8 буындық жыр өлшемімен, түйдекті-шұбыртпалы ерікті, кейде егіз ұйқаспен, тирадалық-шумақтық құрылыспен шығарылған. Кененнің ерлікке, елдікке үндеген патриоттық мазмұнды толғаулары Ұлы Отан соғысы кезінде шығарылғандықтан тылдағы елді еңбекке жұмылдыруға арналып (“Біз жеңеміз”):
Ұл-қызым жауға аттанды,
Қаруланып, қырланып.
Тылда қалған еңбекші,
Біз де бейқам тұрмалық [26,80 б.] – десе, “Кек алу” толғауында жыраулық толғауға тән белгі қылаң береді:
Жігіт батыр бола ма,
Бастап шеру тартпаса [26,65 б.].
Кенен толғауларының екінші түрі – таза дидактикалық өсиет, нақылды терме түрінде болып келеді. Кененнің мұндай толғаулары өмірдегі ұсақ-түйектерді емес, адамдық тіршіліктегі бір ғана дәуірге емес, ғасырларға жетерлік жалпылық мәні бар ойлы болып келеді. Сондықтан Кененнің мұндай толғауларын қазіргі қазақ фольклортануында айтылып жүрген терме жанрымен сабақтастыра, біріктіре қараймыз. Профессор Р.Бердібаев айтқандай, “... терме талабына кез келген өлең емес, үлкен әлеуметтік астары бар, ұстаздық үлгі айтатын толғаулар неғұрлым сай... Терме-толғаулар... алуан мәселе ауызша ғибрат түрінде айтылатын кезінде көп міндетті атқарысқан... Тұрмыстық-салттық кодекс, норма, адамның жас кезінен қартайғанға дейінгі өмір белесінің сипаттамасы бәрі де толғау – термеден көрініс тапқан” [37,56-57 бб.].
Кененнің ақындық шабытынан туған толғау-термелері дидактикалық толғанысты ақылға, өсиетке, өнегелі ойларға толы болып келеді. Ақынның толғау-термелері Шығыстың жазба әдебиетіндегі нақыл өлеңдер үлгісімен араласқан өзгеше түр. Шығыс поэзиясы бойынша, “По форме терме – типичное рубаи, где, как известно, рифмуются между собою первая, вторая и четвертая строки” [38,105 б.]. Бұл жағынан алғанда толғау – терменің Кенендік стильмен нақыл өлеңдер формасына айналғанын көреміз.
“Бір өсиет жастарға”, “Ерлі-зайып” деген толғауларында “Мал аласы – сыртында, адам аласы - ішінде” деген халықтық даналық ойларға негізделген Адамтану мәселесін жырлайды. Көзіңе күле қарап жүрген кейбір пенделердің қаракөкірек, зұлым болатынын ашына айтады. Кенен дәстүрлі салыстыру әдісімен жағымсыз жандардың адымын ашырмай, өмірдің мөлдірлігі мен тазалығын сақтау жолында жүрген күрескер адамдардың парасат биігіндегі адамгершілік тұлғаларына баға береді. “Кішіпейіл келеді білімді адам” деген нақыл өлеңінде егіздеу әдісімен адамдық мінез сапаларындағы қасиеттер ақылдылық пен талаптылықты, ықылассыздық пен талапсыздықпен салыстыра келіп, заман тынысына, халық тағдырына араласа алатын биік арман, мақсаттарға құлаш ұратын сападағы адамдардың рухани болмысына, жаратылысына баға береді:
Кішіпейіл келеді білімді адам,
Дәні толық тарыдай басын иіп [27,180 б.].
Ақынның “Танисың” деген толғауында да дәстүрлі салыстыру әдісі мол қолданылады. Кененнің толғаулары – оның терең ойлы, өткір тілді ақындығының жарқын көрінісі.
“Кенен поэзиясындағы кейіпкерлер жүйесі” деп аталатын үшінші бөлім “Батыр мен оның достары, қарсыластары”, “Әйелдердің бейнеленуі”, “Халық бейнесі” атты үш тараудан тұрады. “Батыр мен оның достары, қарсыластары” деп аталатын бірінші тарау Кенен шығармашылығындағы батыр мен оның достары, қарсыластарына ортақ қасиеттерді әрі әрқайсысына тән ерекшеліктерді айқындауға құрылған. Бұрынғы эпосты шығарушылар ұлы шайқастарға өздері араласа жүріп, көзімен көріп, жойқын ерлікті жырлап, халық батырларын дәріптеген. Халық ақындары да дәл солай, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, кезеңді оқиғаның ізінше жұрттың көкейіндегі жырларды тудырған. Мұны Жамбыл, Өмірзақ, Кенен, Омар, Сәт, Қуат ақындардың шығармашылығы айқын дәлелдейді. Кенен ұлт-азаттық көтерілісі тақырыбына арнап «Аттан!», «Қайран елім», «Он алтыншы жыл», «Қырғыз бауырыма», «Кек» секілді ән-жырларын; «Қырғызбай», «Әли батыр» тәрізді тарихи дастандарын шығарды. Бұл екі дастан да импровизациядағы эпикалық дәстүрді сақтаған, жазба әдебиеттің дәрежесінде жасалған, тақырыбы, көркемдік құны, қуаты жағынан да тарихи шындықты сапалы сипаттау тұрғысынан да әдебиетіміздің биік әрі табысты шығармалары. Кененнің 1916 жыл ұлт-азаттық қозғалысына да ақындық, азаматтық үн қосқаны сөзсіз. Ақын осы азаттық қозғалыстың ізін суытпай 1916 жылға арналған көлемді дастан шығарып, оны ел арсында айта бастайды. Оның бұл дастанында халық күресі, елінің батыр ұлдары Әли мен Қырғызбайлардың жанқиярлық қимылдары нанымды суреттелген.
«Қырғызбай» дастанның бас кейіпкері Қырғызбай сергелдеңге түскен қалың елді бастап, патша әскеріне қарсы көтеріліске аттанады. Бірақ сол жерде қатты қырғын соғыс болып, Қырғызбай қапияда қолға түседі.
Кетті алып байлап, матап Қырғызбайды,
Еш жерге сусындатып тұрғызбайды.
Алайда, батырдың салы суға кетіп, қайғырып, қамығып қалмайды. Қайта елі-жұртын, үзеңгілес серіктерін жаудан кек алуға шақырады.
Тауға сіңген серіктер,
Белін бекем буынсын.
Кек шыңдаған ақ семсер,
Жау қанына жуылсын [26,298-299 бб.].
«Әли батыр» дастанның ең бір ерекшелігі сол – ақын сол қозғалыстың тікелей қатысушысы болып көрінеді. Халық кегі жайдары күндері теңіздей тыныш шымырлап жатса, дауылды күндері барлық құдіретті стихиясымен толқымақ! Ол кезде оған ешбір күш қарсы келе алмайды. Әли батырдың тобына халық үшін қабырғасы қайысқан ерлер қосылады. Соның бірі Нүсіпбай. Ол:
Кісі екен қошқар тұмсық, қара торы,
Ерліктің маңдайынан түскен жолы.
Оралған құлағына қара мұрты,
Қақпақ жаурын, қажымас дене зоры [39]
Қысқасы, бұл екі дастанның екеуі де 1916 жылдың азаттық көтерілісін қамтиды. «Әли батыр» дастаны «Қырғызбайдың» заңды жалғасы, алдыңғы оқиғаны шарықтау шегіне жетіп, шешілер жерін суреттейтін соңғы тарауы іспетті. Осы секілді шығарма қаһармандарының іс-әрекет, қылықтарында да бүтін бір тұтастық бар. Алдыңғы дастандағы Қырғызбай мен соңғы дастандағы Әли тұлғалары бірін-бірі толықтыру үшін алынған кейіпкерлер екендігі түсінікті. Сөйтіп Кененнің «Қырғызбай» мен «Әли батыр» атты дастандары, қай жағынан алып қарасақ та, оның шығармасы өсу жолындағы биік бір белесі екендігін көреміз.
Екінші тарау “Әйелдердің бейнеленуі” деп аталады. Кенен шығармашылығында сыр мен сымбаты келіскен, жүрек толқытарлық не бір сұлу кескінді бейнелер жасалған. Соның ішінде бекзат болмысымен ерекше елеулісі, көңілге де көзге де көрікті, қиял қозғап, ойды оятарлық сүйкімдісі - әйел бейнесі. Әрине, осынау тұтас, жалпы айтылған “әйел бейнесі” деген ұғымды жіктеп, жүйелеп, бөлшектеп айтар болсақ, онда жас ерекшелігіне, өмірдің қай баспалдағында екендігіне орай бірнеше түрлерге бөліп, бірнеше атаулармен атауға болады. Мысалы, қыз, қарындас, жар, келіншек, ана, бәйбіше т.б. Бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері, қасиеттері, көркемдік кестесі мен мәнері, суреттегіш-бейнелегіш құралдары болатынын айту қажет.
Әйелді біріншіден – қыз деп атар,
Қыз бала ер баламен жүрер қатар.
Бір кезде келіншек боп жаулық салып,
Бөтен жұрттық боп кетіп бір жылатар [27,82-83 бб.].
Кенен поэзиясындағы әйелдер бейнесі барынша көркемдік кемелдікпен суреттелген. Ақын Кененнің әдемілікке деген көзқарасы жоғары дәрежеде бейнеленген деуге толық негіз бар. Кенен тілінде жас аруды сипаттайтын “асыл тас”, “тау талындай”, “тоты құстай”, “маралдай”, “бұлбұлым”, “сандуғашым”, “болатым”, “гауһар тасым”, “таң жұлдыз”, “аттың жорғасындай”, “сұңқарлары”, “ұлар” сияқты сөздер мол. Осы бейнелі сөздер, ұғымдар ақын өлеңдерінде көркемдікпен қолданылған. Айрықша стилистикалық ерекшеліктерге ие. Бұлардың ұлттық поэзияда мейлінше мол әрі сүйкімді әуенмен жырлануы ақынның өзіне ұғымды, түсінікті, жанына жақын болғандықтан. Мәселен, былай болып келеді:
Тау талындай, ендеше, тау талындай,
Ашымаған сабаның саумалындай
(“Қыздар”) [27,42 б.].
Тал бойыңда тарыдай бір мінің жоқ,
Тоты құстай бұралып тұрасың ба?
(“Мөртай”) [20,11 б.].
Қандай сөз-образ болса да, көркем шығарма ішінде олар бір-бірімен тамырлас, өзектес болып келеді. Сондықтан да эстетикалық мәні терең сөз – көркем образ жасаудың маңызды құралы.
Ақын атаулының бәрінде нағыз шеберліктің шыңына жеткізетін қасиет – шығармаларын бейнелелікпен, көркем тіл өрнектерімен жырлау. Көркем де бейнелі өрнектелген поэзия тілі адам жанының иірімдеріне терең бойлап

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Axi
Просмотров: 1254 | Загрузок: 0 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 0.0/0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

Хостинг от uCoz
Тегін қазақша рефераттар © 2017