Понедельник, 23.10.2017, 07:23
Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Скачать рефераты бесплатно на казахском и на русском языках | Регистрация | Вход
Меню сайта
Категории
Ағылшын тілі [5]
Ашық сабақ [41]
Биология, Валеология [54]
География [162]
Математика [11]
Информатика [55]
Экономика Бухгалтерия [132]
Қазақ халық әндері,тарихы [9]
Қалғандары [106]
Қазақ хандары, билері, батырлары [153]
Қазақ әдебиеті [367]
Қазақ тілі [79]
Құқық [81]
Қазақ мерекелер,салт-дәстүр [20]
Қазақстан тарих [178]
Химия Физика Астрономия [34]
Дін тану [26]
Тест сұрақтары [33]
Қазақша диплом [7]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [92]
Шағын көлемді шығармалар [7]
Ұлы ОТАН соғысы [18]
Психология, Философия [36]
Педагогика [127]
Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану [47]
Ғылыми жұмыс [93]
Экология [35]
Рефераты на русском [28]
Программы (Сборник Рефератов и т.д) [0]
Слайдтар [4]
Форма входа
Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде

Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан тарихына қатысты жазба деректерді назардан тыс қалдырмай қазақ тіліне аудару, сараптау, талдау, құндылығын көтеру, деректер ішіндегі орнын белгілеу өзекті. Аталған шаралардың өзектілігін Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2007 жылдың 13 ақпанында «Мәдени мұра» 2004-2006 жж. мемлекеттік бағдарламасының іске асуына байланысты Қоғамдық кеңестің тарих, археология, этнология және т.б. салаларындағы жетекші ғалымдармен бас қосқан отырысында айтқан болатын.
Осыған байланысты, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қызмет еткен, жергілікті оқымысты Құрбанғали Халидтың шағатай тілінде жазылған «Тауарих хамса» [1] атты еңбегі, 1992 жылы қазақ тіліне аударылып, жарық көрумен ғана шектелді. Еңбек мазмұнындағы қазақ тарихын беретін мәліметтерді іріктеп, тарих айналымына қосу уақыты жетті. Қ. Халид сынды шығыстану саласының өрбуімен қатар қызмет еткен жергілікті тарихшылардың есімдері мен еңбектері Отандық тарихнамада әртүрлі классификациялық топтар құрамында айтылып немесе мүлдем аталмай, дерек ретінде пайдаланылмай келді. Мұның себептері әртүрлі болды, біріншіден дәл ХІХ ғ. соңында Қ. Халид сынды, елден шыққан шығыстанушылар санаулы болды, екіншіден жергілікті тарихшылар еш зерттеу ұйымдарына тіркеусіз өз еріктерімен қызмет етті, үшіншіден жергілікті тарихшылардың еңбектері ескі тілде жазылды, төртіншіден тарихты жазуда еркін стиль пайдаланылды, бесіншіден жергілікті тарихшылар, оның ішінде Қ. Халид сол замандағы Ресей әкімшілігінің Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан территорияларына жүргізген саяси әрекеттерін еркін сынады. Осындай жағдайлар мен заман талаптары жергілікті шығыстанушылардың еңбектерінің дер уақытында аударылмай, ғылымдағы орнына ие болуына кедергі болды. «Тауарих хамсаны» бірең-сараң қолданушылар еңбекте кездесетін мәліметтерге салыстыру, сараптау, талдау жұмыстарын тиісті дәрежеде жүргізбеді.
Ендігі кезекте жергілікті авторлардың еңбектерін аударып қана қоймай, мәліметтер ретін деректанулық талдаулардан өткізіп, тарихты толықтыру «Тауарих хамсаны» зерттеу объектісіне айналдырудағы өзектіліктің мәнін аша түседі.
Сондай-ақ, Отан тарихын беретін жекелеген деректік еңбектерді бөліп алып, жан-жақты зерттеу, Қазақстан деректану саласы құрылымының нығайуына үлкен септігін тигізеді. Осы тұрғыдан «Тауарих хамса» ішінде берілген мәліметтерді қосалқы деректермен салыстыра отырып, біріншіден Қазақстан тарихын толықтыру болса, екіншіден деректану саласына құнды дерек ретінде енуіне жол ашу. Аталған шаралардың атқарылуы зерттеу жұмысының өзектілік аясын кеңейте түседі.
Сондай-ақ, Қ. Халидтың заманы мен қызмет еткен ортасын зерттеу өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл мәселені қарастыру бірнеше тарихнамалық сұрақтардың басын ашып берген болар еді, мысалы:
- Қ. Халид сынды түрік-татар тобынан шыққан, жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек тарихшыларының есімдері мен еңбектерін тану;
- түрік-татар тобынан шыққан жергілікті тарихшылардың зерттеулерінен жаңа мәліметтер алу;
- жергілікті тарихшылар мен Ресей шығыстанушылар арасындағы байланыстар мен айырмашылықтарды және өзара ықпалдарын көру.
«Тауарих хамса» түпнұсқа күйінен 1992 жылы аударылғаннан кейін, тиісті дәрежеде пайдаланылмай келуі, еңбектің сараптау жұмыстарына тәуелді болғанын айғақтайды. Еңбекті аудару бөлек атқарылған шара болса, оны талдау құндылығы мен қажеттілігі мәселесін шешкен болар еді. Еңбекте кездесетін мәліметтерді қосалқы деректермен талдап беру, пайдаланушыларға күдіктенбей қарауға жол ашады. Себебі, еңбек мазмұнында кездесетін кейбір мәліметтерге оң көзбен қарамау, оның авторынан күдіктену, бірең-сараң авторлар тарапынан байқалған. Ал, талдау жұмыстары осы сияқты ойларды сейілдірген болар еді.
Деректерді сараптау мәселесі, Елбасының нұсқауы бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасының алдағы үш жылға созылуына себеп болды. Ондағы негізгі мақсаттың бірі жиналып, аударылған жазба деректерді сараптап, талдап, пайдалану болып отыр. Осыған байланысты, Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Келешекте мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламаларын «Мәдени мұра» кітаптары негізінде қайта қарап, толықтыру мәселесі де ойластырылуы қажет» [2, 1б.] деп көрсетті. Ал, ғалымдар тіпті осы тарихи-жазба деректер негізінде Қазақстан тарихын қайта жазуды мақсат тұтып отыр, мысалы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, т.ғ.д., профессор: Меруерт Әбусейітова, жаңадан жарық көрген еңбектердегі барлық мәліметтерді жүйелеп, Қазақстанның толық тарихын жазып шығу міндеті тұр [2, 2б.] деген болатын.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі 1910 жылы Қазан қаласында, «Өрнек» [3] баспасында жарық көргеннен кейін, алғаш рет еңбекке деген пікір 1908-1917 жж. аралығында Орынборда екі айда бір рет шығып тұрған «Шуро» [4] журналының, 1913 жылғы 6 санында [5], редактор Ризаддин Фахрединовтың [7] мақаласында берілді. Р. Фахрединов автордың қайтыс болғанына жазған некрологында: «1910 жылы Қазан қаласында баспадан автордың «Шығыс түріктеріне» (еңбек мазмұнына дұрыс анықтама берілмеген) арналған екінші көлемді (себебі, Қ. Халидтың «Китаб тарихи жарида жэдида» атты 1889 жылы жарыққа шыққан бірінші еңбегі бар [6, 90б.]) тарихы «Тауарих хамса» (мақалада «Тауарих-и хамса-йи шарқи» деп берілген) деген атаумен шықты», деп хабарлаған. Еңбекке: «Книга, это если исключить отдельные элементы, относящиеся к области мифологии и суеверии, поистине прекрасный труд. В ней много весьма полезных и нигде больше не встречающихся сведений. Книга свидетельствует об учености и достоинствах автора, о чистоте и свободе его мысли и разума» [5, 104б.] деп баға берген.
Екінші рет, Қ. Халидқа және «Тауарих хамсаға» арнайы мақала жазған Кеңес шығыстанушысы Дж. Х. Кармышева болды. Мақала, 1971 жылы «Казахстанский историк-краевед и этнограф Курбангали Халиди» [5] деген атаумен жарық көрді. Дж. Х. Кармышеваның басты қозғаған мәселесі Э. Масановтың «Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР» [7] атты тарихнамалық еңбегінде «Тауарих хамсаның» назардан тыс қалуына байланысты болды.
Дж.Х. Кармышеваның мақаласы Қ. Халидтың шығармашылығы мен өміріне қатысты таныстырмалық тұрғыдан берілген алғашқы ғылыми еңбек болды. Автор, «Тауарих хамса» еңбегін түпнұсқа күйінде пайдаланып, мазмұнына қысқартылған түрде сипаттама берген. Сондай-ақ, Қ. Халидтың тікелей жеке өміріне қатысты біршама толық мәліметтер мен мақаланың бірінші бетінде фото суретін жариялаған. Мұндай деректердің алынған жеріне байланысты: «Ряд фактов, дополняющих и уточняющих биографию этого ученого, был любезно сообщен нам тестем его внука Масуда Халиди Мухамеджан Юсуповым. Он же подарил нам сохранившуюся у него фотографию К. Халиди» [5, 100б.] деп жазған.
Сондай-ақ, Кеңес заманында еңбекке және оның авторына деген, келесі оң пікірді Е. Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» [8] атты еңбегінде: «Қазақстан мен Орта Азия тарихы жөнінде шығыс тілдерінде жазылған әдебиетінің ішінен Кәрі [9] - Құрбан-Әли-Қажы-Халид-оғлының (ұлы деген мағына береді) түрік-татар тілдерінде жазылған қызғылықты еңбегін айту қажет. Автордың араб, түрік және парсы тілдерінде көп-көп деректер келтіруіне қарағанда, бұл кісі шығыс елдері тарихының білгірі болса керек» [9, 17б.] деп жазады. Автор, біріншіден «Тауарих хамса» жөнінде айтып отыр, екіншіден мазмұнымен тікелей таныс болғанға ұқсайды, себебі берілген сипаттама еңбектің қысқаша мазмұнын жеткізіп тұр.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары еңбек, өзінің құндылығын этнографиялық тұрғыдан танытып, яғни қазақ этнографиясына арналған алғашқы зерттеулердің бірі, Х. Арғынбаевтың 1973 жылы жарық көрген «Қазақ халқындағы семья және неке» [10] атты еңбегінде пайдаланылған. Тарихшы-этнограф «Тауарих хамсаны» түпнұсқа күйінде, оның ішінде қазақ халқының ас беру салтының шығу тегі мен атқарылуына, салыстырмалы дерек ретінде кеңінен қолданған. Автор: «Қ. Халид деректері бойынша, ас беру әдеті хиджраның 1300 жылынан (Х. Арғынбаев, шамамен ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басы деп көрсеткен; қазіргі жыл санау бойынша, нақты 1883 жыл) кейін арғын, алшын, найман тайпаларында жойылған көрінеді» [10, 141б.] деп, Қ. Халид ұсынған деректі тікелей ақиқат ретінде пайдаланған.
Кеңес үкіметі заманында «Тауарих хамса» тарихшы-зерттеушілер еңбектерінде түпнұсқа күйінде қолданылған. Еңбек алғаш рет қазақ тілінде 1992 жылы Б. Төтенаев және А. Жолдасовтардың [11] аударуларымен жарық көрді. «Тауарих хамсаның» қазақ тіліндегі көшірмесі еңбектің түпнұсқалық мазмұнын жойған жоқ, керісінше, өте түсінікті де, толық аударылған еңбектердің бірі болды (А.Н.). Алғашқыда, көшірме негізінен қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші филолог ғалымдардың зерттеулерінде жиі пайдаланылды. Мұндай еңбектерде «Тауарих хамса» мәліметтері салыстырмалы дерек ретінде пайдаланылып, еңбектің өзіне және авторына деген ақпараттық мәліметтер назардан тыс қалып отырды. Мысалы, 1992 ж. жарық көрген М. Мағауиннің «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» [12] атты еңбегінде, Асан Қайғы және қазақ хандығы дәуіріндегі Ақтамберді жырау, Бөгембай батыр, Бұхар жырау сынды тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты тұстарында «Тауарих хамсаны» пайдаланып, кейде Қ. Халид тұжырымдарына қарсы шығып отырған. Мысалы, Асан Қайғының шығу тегіне байланысты «Тауарих хамсаның авторының Асан Қайғыны кім деп білесіз деген сауалына Құдабай ақын мынадай жауап қайтарыпты ...» [12, 24б.] деп, немесе «Тауарих хамсаның авторы, өзі діндар Құрбанғали Асанның «Қайғы» аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл – халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды» [12, 34б.] деп жазған.
Сондай-ақ, екінші этнографиялық мазмұндағы, 1992 жылы жарық көрген Ш. Керімовтың «Күйеу келтір, қыз ұзат» [13] атты еңбегінің құда түсу, қалың мал, киіт кигізу және т.б. осы сияқты үйлену тойының атқарылуы керек элеметтеріне қатысты тұстарында «Тауарих хамса» кеңінен пайдаланылған. «Тауарих хамсаның» жоғарыда аталған этнографиялық еңбектерде жиі ұшырасуының себебі, еңбекте қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері біршама толық баяндалғанының белгісі. Сонымен қатар, осы мазмұндағы бірнеше әдеби еңбектерде [14] пайдаланылған.
1993 жылдардан бастап, яғни «Тауарих хамса» қазақ тіліне аударылғаннан кейін, көшірмесі көлемді зерттеулердің ішінде профессор Ж.О. Артықбаевтың 1993 жылы жарық көрген, ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік және шаруашылық-мәдени құрылымына арналған «Казахское общество: традиции и инновации»; 1995 жылы жарық көреген, ХVІІІ ғасырдағы қазақ елінің этникалық және әлеуметтік өмірін зерттеуге арналған «Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам, ХVІІІ ғ.» [15] атты монографиялық зерттеулерінде ішнара қолданылған.
ХХ ғ. 90-шы жылдарының орта шенінен бастап, «Тауарих хамса» бірнеше зерттеу жұмыстарында көрініс тапты. Көбінесе, диссертациялық зерттеу жұмыстарында пайдаланылып, дерек ретіндегі орны, нақты ашылмады. Мысалы, 90-шы жылдардың соңы қорғалған диссертациялық жұмыстарда [16] «Тауарих хамса» шежіренің жазба нұсқасын жеткізуші немесе шығыстық дәстүрде жазылған дерек ретінде көсетілген. Қ. Халидтың өзіндік тарихшы ретіндегі қызметі мен орны үстірт көрсетілген. Түптеп келгенде, мұндай кемшіліктер «Тауарих хамсаның» дерек ретіндегі орны мен Қ. Халидтың тарихшы ретіндегі қызметінің деректанулық талдаудан өтпеуінің салдарынан туды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты «Тауарих хамса» еңбегінің және оның авторының Қазақстан тарихы, деректануы, тарихнамасы салаларындағы алатын орнын анықтау. Сонымен қатар:
- ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы шығыстану, оны ішінде түріктану саласының батыста, негізінен Ресейде даму процессін анықтау;
- ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы түрік-татар тарихшыларының, оның ішінде Қ. Халидтың түріктану саласындағы орнын анықтау;
- «Тауарих хамса» Қазақстан тарихының алғашқы концептуалды нұсқасы ретіндегі орнын анықтау;
- «Тауарих хамсаның» Қазақстанның ежелгі және ерте ортағасырлар тарихына құнды дерек болып табылатынын;
- «Тауарих хамсаның» Алтын Орда және оның ыдырау салдарынан Орталық Азия аймағында қалыптасқан жағдайларға дерек болып табылатынын;
- «Тауарих хамсаның» қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ-қалмақ қатынастарына дерек болып табылатынын;
- «Тауарих хамсаның» отаршылдық дәуірге құнды деректер қорын ұсынатынын;
- «Тауарих хамсада» тарихи-этнографиялық деректердің орын алғанын, қазақ халқының күнтізбесіне байланысты мәліметтердің кездесетінін;
- қазақ халқының отбасы және неке мәселелеріне мәліметтердің кездесетінін;
- қазақ халқының өмір-тіршілігінде орын алған, кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге дерек болып табылатынын көрсету міндеттерінен тұрады.
Зерттеудің деректік негізі:
- біріншіден, ортағасырлық грек-рим, шығыс (араб, парсы, түрік, қытай) авторларының еңбектері;
- екіншіден, Патшалы Ресей империясының ғылыми зерттеу бөлімдерінің және экспедицияларының жинаған мәліметтері;
- мұрағат қорлары;
- жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек, қазақ авторларының еңбектері;
- жергілікті ақын-жырау шығармалары пайдаланылды.
Ерте ортағасырлық деректік шығармалар тобынан гот тарихшысы Иорданның ежелгі Шығыс Европа тарихынан готтар және оларға көршілес халықтар (ғұндар) жөнінде VІ ғ. жататын тарихи-географиялық, этнографиялық мәліметтері бар «О происхождении и деяниях гетов» [17] атты еңбегі «Тауарих хамсадағы» қазақ халқының ас беру рәсімінің шығу тегін көне ғұндардың ғұрыптарымен байланыстыру тұрғысынан, сондай-ақ «ғұн» атауына берген этимологиялық түсіндірмесін анықтау мақсатында римдік А. Марцеллиннің [18, 29б.] жазбалары салыстыру тұрғысынан пайдаланылды.
Византиялық тарихшы Менандрдың «Тарих» атты жазбасында, б.з. 558-582 жж. батыс түрік қағанатында болып қайтқан византиялық елшілердің [19, 416-417бб.], қағанат басында Тобо хан титулымен отырған Арслан хан резиденциясына барғанда көрген білгендері [20, 58б.], яғни түріктердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен саяси, экономикалық тарихы баяндалған. «Тауарих хамсада» Тобо хан - Тобық хан заманы [1, 223б.] деп орын алған. Осы замандағы тарихты анықтау тұрғысынан еңбектердегі мәліметтерге салыстыру жұмыстары жүргізілді.
Фирдоусидің «Шах-наме» [21] атты шығармасы көне түрік халықтарының тарихын баяндайтын еңбектердің бірі болып табылады. Еңбек парсы, кейін түрік тілдеріне көшіріліп [20, 83-84бб.], жалпы түрік топтарының шығу тегі мен қағанаттардың тарихын беретін бірнеше араб авторларының еңбектерімен салыстырылып [20, 83б], деректік құндылығы жағынан жоғары бағаланған. Сондай-ақ, еңбекке Л.Н. Гумилев: «Повествование Фирдоуси сверено со многими другими источниками: Табари, Саалиби, Балами, Мирхондом, Себесом, сирийским анонимом VІІ в. и персидским анонимом Х в., блогодаря чему установлено, что ... Фирдоуси есть детали. Упущенные другими авторами, но весьма для нас важные» [20, 83б.] деген баға берген. Фирдоусидің «Шах-намесімен» салыстырылған ат-Табари, Мирхонд еңбектері Қ. Халидтың «Тауарих хамсаны» жазуда пайдаланған деректері ретінде көрсетілген. Бірақ, Қ. Халид ат-Табаридің «Тарих-и-Табари», Қожа Ахмет Яссауидің «Дивани-и хикмен», Жүсіп Баласағұнның «Құдатқу білік», Ибн Халдунның «Усулы тауарих», Мирхондтың «Раузат ас-сафа», Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресін» және Ибн-Хордабек, ал-Масуди, ал-Макдиси, ал-Бируни сияқты авторлардың еңбектерін қолданғаннын айтып кеткенмен, нақты пайдаланған жерлеріне сілтеме жасамағанын ескеру керек. Аталған еңбектердің ішінде аударылып немесе жартылай аударылып, Отандық тарих айналымында пайдаланылып келгендері Қожа Ахмет Яссауидің «Дивани-и хикмен», Жүсіп Баласағұнның «Құдатқу білік» және соңғы ортағасырларда жазылған Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі». Көпшілігі В.В. Бартольдтың «Шығармаларынан» [22, 45-108 бб.] белгілі. В.В. Бартольдтың еңбегі бүгінгі күнге дейін Кеңес үкіметі заманында және Қазақстан тарихы ғылымындағы арап-парсы авторларының ежелгі түріктер жөніндегі еңбектерін біршама толық талдаған зерттеу болып есептеледі. Ал, Кеңес үкіметі заманы мен ТМД-дағы тарих ғылымынан кеңірек қарайтын болсақ, ортағасырлық араб-парсы деректерін түпнұсқа күйінде пайдаланғандар батыс тарихшылары Дегинь, К. Брокельман, К.Э. Захау, Н. Теодор [23] және т.б. Ал, В.В. Бартольд, өз кезегінде аталған батыс тарихшыларының араб-парсы авторларының еңбектерінің негізінде жазған зерттеулерін кеңінен пайдаланған. Сонымен, Фирдусидің «Шах-намесі» «Тауарих хамса» іші берілген ежелгі Тұран ханы Афрасияб және Татар хан ұрпағы Сүйініш хан замандарын анықтау тұрғысынан пайдаланылды.
Ерте ортағасырлық араб, парсы авторларының ішінде, Қ. Халид қандай еңбектерді пайдалануы мүмкін деген сұрақпен, авторларды өмір сүрген жылдарына қарай жүйелеп тоқталатын болсақ, араб ғылымының даму кезеңінде өмір сүріп, қызмет еткен шығу тегі ирандық, шамамен 820 ж. дүниеге келген Абу-л-Касим Убейдаллах ибн Абдаллах ибн Хордадбектің «Китаб ал-месалик ва-л-мемалик» атты жалғыз сақталған, географиялық еңбегін («Книга путей и государств») [19, 17б.] пайдалану мүмкін. Себебі, автор түріктерге қараған керуен жолдарының маршруттары және қыпшақ, қимақ тайпалары [19, 17б.; 24, 51б.] жөнінде құнды мәліметтер берген, ал «Тауарих хамсада» түріктер қағандарының жорық жүргізген аудандары мен қыпшақ тайпасының этногенездік тарихы біршама баяндалған. Аталған еңбекті Қ. Халид көрсеткен авторлардан ал-Макаддиси, ал-Масуди шығармаларына негіз болған.
Абу-Джафар Мухаммед ибн Джерир ат-Табари, 839 ж. Табаристанның Амул атты қаласында дүниеге келген (923 ж. қ.б.). Оның осы күнге келіп жеткен «Тарих ар-русул ва-л-мулук» («История пророков и царей») [25, 22б.] атты бүкіләлемдік тарихи мәні бар еңбегінде жер бетінде адамзаттың, ежелгі басты мәдени орталықтардың және інжілдік патриархтар мен пайғамбарлардың тарихын еврейлік және христиандық аңыз деректер негізінде жазған. Рим және византия императорларының тарихын христиандық деректер негізінде, ежелгі Иран тарихын ирандық эпикалық дәстүрде баяндалған. Орта Азия және Хорасан тарихын өзіне дейін өмір сүрген Мухаммед ибн Исак (768 ж. қ.б.), ал-Вакыди (823 ж. қ.б.), Абу-л-Хасан Али ибн Мухаммед ал-Мадаини (753 ж. д.к.) [24, 22б.] шығармалары негізінде жазған. Еңбек арабтық тарихнаманың алғаш дами бастаған кезеңдерінде жазылған, әрі өзінен кейінгі авторларға дерек болған. Әсіресі, жер бетінде адамзаттың пайда болуы жөніндегі мәліметтері, Рашид-ад-Диннің «Жами ат-Тауарих», кейін Әбілғазының «Түрік шежіресіне» және т.б. ортағасырлық шығыс авторларының еңбектеріне негіз болуы мүмкін, ал аталған шығармалардың «Тауарих хамсада» қолданылғаны белгілі. Жер бетінде адамзаттың пайда болуын жер қыртысынан жаратылған Адам Атадан тарату Ш. Құдайбердіұлының айтуынша «Таураттан» алған шығыс авторларының ұстанатын дәстүрі. Бұл, дәстүрдің ат-Табари арқылы қалыптасуы мүмкін деген жорамалын анықтайды.
Тарихшы, әрі географ Абу-л-Хасан Али ибн ал-Хусейн ал-Масуди шығу тегі араб, Бағдатта дүниеге келген. «Мурудж аз-захаб ва маадин ал-джавахир» («Золотые луга и россыли самоцветов») атты жинағы және «Китаб ат-тенбих ва-л-шираф» («Книга наставления и убеждения») [24, 25б.] атты еңбектері келіп жеткен. Соңғысында түріктерге қатысты құнды тарихи-этнографиялық [19, 18б.] мәліметтер берілген. Автор еңбекті жазуда Ибн-Хордадбектің шығармасын пайдаланған [24, 25б.] деген мәлімет бар.
Аталған авторлардың ішінде Вали ад-дин Абд ар-Рахман Абу Зайда ал-Малик ал-Хадрами ибн Халдунның (1406 ж. қ.б.), кейін 1867-1868 жж. Булакта VІІІ том болып жарық көрген, жалпы тарихи «Китаб ал-ибар ва-диван ал-мубтада ва-л-хабар фи аййат ал-араб ва-л-аджам ва-л-барбар» («Книга назидательных примеров и сборник подлежащего и сказуемого по части истории Арабов, иноземцев и Берберов») [25, 268б.] атты еңбегінің V томының аудармасы пайдаланылды. Нақты, томда Алтын Орда жөнінде мәліметтер берілген. «Тауарих хамсаның» Алтын Орда және оның ыдырау заманына байланысты мәліметтері [25, 269-278бб.] ибн Халдунның жазған баяндауларымен сәйкес келеме, деген тұрғыдан еңбектер аралық тексеріс жұмыстары жүргізілді.
Шыңғыс хан және оның заманы мен ұрпақтарына қатысты құнды дерек болып табылатын Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») [26, 39б.] атты еңбегі, «Тауарих хамсаның» Алтын Орда заманы және оның ыдырауына байланысты тұстарында пайдаланылды.
Әбілғазы Бахадүр ханның «Түрік шежіресі» [27] Қ. Халид тарапынан ежелгі, ерте ортағасырлар және ортағасырларды жазу барысында жиі пайдаланылған еңбектің бірі. «Тауарих хамса» мен салыстыру жұмыстары сөзбе-сөз қайталауларды, сондай-ақ айырмашылықтарды да көрсетті.
Ортағасырлық қытай деректерінің ішінде «Юань ши» [28, 30-42бб.] атты деректің аудармасы, Алтын Орда хандарының генеологиялық тарихын анықтау тұрғысынан пайдаланылды. «Юань ши» Қытайдағы монғол билеушілерінің заманын сипаттайтын дерек. Еңбектің 1368 ж. Юань (монғол династиясы) орнына келген Минь династиясының басшысы Чжу Юань-Чжанның жарғысымен аз уақыт ішінде, яғни 1670 ж. жазылған. Еңбекте кеткен кемшіліктерді салыстыру жұмыстары негізінде көруге болады. Аудармадан үзінділер Алтын Орда хандарының генеологиясын салыстыру тұрғысынан пайдалы болды.
Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: erdeeen
Просмотров: 1236 | Загрузок: 296 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

Хостинг от uCoz
Тегін қазақша рефераттар © 2017