| М.Мақатаев БАБАЛАРЫМ, РАХМЕТ СЕНДЕРГЕ Бабаларым, Рахмет сендерге! Балаларым болмасын деп көр-кеуде, Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің, Өмірге мен мылқау болып енгенде. Бабаларым, Рахмет сендерге! Жыраулардың жазбай кеткен жырларын, Арулардың ашпай кеткен сырларын, Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын, Қобызыңның шанағынан тыңдадым. Құлазыған сенің құла түздерің, Не білмеген, не көрмеген, ізгі елім. Жазылмаған тарихымның жолдарын, Ауызекі аңызыңнан іздедім. Мен білмеймін. Басыңа әлде орнап бақ, ШәҺар салып, жасадың ба жаннат-бақ. ...Әлдеқалай тасқа түскен таңбаңа Табынамын, тарихымдай ардақтап. Сыр ашпайды сенің құла түздерің, Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің. Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын, Домбыраңның пернесінен іздедім. Іздедім де, сәттерімде түңілген, Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем. Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем; Тарихымды жазудамын бүгін мен, Бабаларым,сенің Ана тіліңмен! ...Менің мына қайта туған күнімде, Сөйле, оркестр,дүрілде бір,дүрілде! Сөйле, Моцарт,менің Ана тілімде, Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.
|