| Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақ тарихи өлеңдері жекелей алынып, арнайы зерттеу нысанасына айналмауының объективті және субъективті себептері бар екендігі мәлім. Тарихи өлеңдер өз бастауын тым ертедегі түркі тектес халықтар бірлестігі, Алтын Орда, Ноғайлы кезеңі, Қазақ хандығының құрылуы, қалыптасуы жайындағы халық басына түскен аласапыран оқиғалардан алады. Сол тарихтың сыр-сипатын, шынайы болмыс-бітімін ашу тарихшы, әдебиетші қауымға оңай тимегені рас. Ал, XX ғасырдағы Кеңес үкіметінің идеологиясы, партияның пәрменшіл саясаты рухани құндылықтарды терең тануға түрлі қаулы-қарарлар тасқынымен тосқауылдар жасап, таптық тұрғыдан қатаң қараудың нәтижесінде тұралатып келді. Шағын өлеңдер түгіл, кең көлемді эпикалық жырлардың өзі көзден таса, халық назарынан бүркемеленіп мұрағаттарда, кейбір үлгілері аңыз болып ел аузында ғана сақталып қалды. Қазақ халқының басынан кешкен «Ақтабан шұбырынды...» заманы мен «азаттық жолындағы күрес» оқиғалары туралы ауыз әдебиеті шығармаларын ұрпақ санасынан өшіру мақсаты көзделіп, ұлт мұрасына кереғар саясат жүргізілді. Ақиқаттың дәлелі мен деректері көптің аузындағы аңыз-әңгіме, өлең-жырларда екендігі айтылса да, өктем саясат өз дегенімен қажеттісін қалқып, керек емесін көзден тасалай білді. Ғалымдар тарапынан тарихи өлеңдердің тек-тамыры көне түркі ескерткіштерінен табылатыны, оның кенже үлгілері Ұлы Отан соғысы кезеңінде де туындағандығы жөнінде ескертулер айтылып келді. Бүгінгі уақыт талабы тарихи өлеңдердің жанрлық мәселелерін, поэтикалық әлемін, ауыз әдебиетінің жанрлармен байланыс-бірлігі, тақырыптық топтасулары мен атқарған қызметін тексеру қажеттігіне ықпал етті. Түйіндей айтсақ, тарихи өлеңдерді тәуелсіздік рухына және Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына сай, қазіргі ұлттық жаңғыру үрдісімен үндес саралап, жан-жақты тексеру ісі тақырыптың өзектілігін танытады. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ халық поэзиясының бір саласы ретінде тарихи өлеңдер XX ғасырдың 20 жылдарынан кейін сөз болып, оған қатысты пайымдаулар жасала бастаған. Оның басты дәлелі А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) еңбегінде, М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбектерінде ауыз әдебиетінің тектері мен түрлеріне қатысты, тарихи кезеңдер шындығын берудегі халық поэзиясының рухани күш-қуаты тұрғысында бағаланады. Осы еңбектердің көпшілігінде қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың арасына шек қойылмай бірлікте алынып, ой-пікірлер айтылды. Бұдан кейін XX ғасырдың 40-50 жылдары және онан кейінгі кезеңдерде тарихи өлеңдерге қатысты мәселелер назарға ілікті. Мәселен Ә.Х.Марғұланның эпосқа қатысты еңбегі (1946), Н.С.Смирнованың XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі эпикалық және тарихилық мәселелеріне (1948; 1949; 1951) байланысты зерттеулері мен қазақ әдебиеті тарихына арналған көп томдықтың алғашқы томында (1948) сөз бола бастады. Бұл еңбектерде де тарихи өлеңдер мен тарихи жырлар арасы толық анықталмай, зерттеушілер «тарихи жырлардың ең кішігірім үлгілері» деген атау қалыптастырды. Бұл аталып отырған еңбектердегі талданғандар шын мәнінде тарихи өлеңдер болатын. Тарихи өлеңдердің бертіндегі туғандарына байланысты Б.Кенжебаевтың еңбегі 1916 жылғы көтеріліс жырларына арналды (1956). Осы тақырыпта Х.Ищановтың «1916 жыл және халық поэзиясы» (1958) еңбегі жарық көрді. Сөйтіп, тарихи өлеңдер туралы тарихи жырлармен қоса ғылыми тексерулер ісі басталды. Тарихи өлеңдердің ерте дәуірлерде туғандары туралы бұл кезеңдерде жинақтау ісі болса да, ғылыми тұрғыдан талдаулар шолу түрінде айтылған ой-пікірлермен шектеледі. 1960 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының 1-томы ауыз әдебиетіне арналып, мұнда XVIII ғасырдан бастап, тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың өткендегі тарихи оқиғаларды шын мәнінде жеткізе алатындығы айтылды. Кітапта XIX ғасырдағы және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты туған өлеңдер жөнінде түсініктер беріліп, біршама ғылыми салмақты пікірлер айтылды. Тарихи өлеңдерге қатысты ғылыми зерттеудің жаңаша бағыт-бағдар алуы өткен ғасырдың 60-80 жылдар аралығы деуге болады. Атап айтсақ, 1962 жылы М.Жармұхамедовтің «1916 жылғы көтеріліске қатысты қазақ халық поэзиясы» атты кандидаттық диссертациясы қорғалса, 1968 жылы орыс тілінде «Қазақ әдебиет тарихының» көп томдығының бірінші томы жарық көріп, онда қазақ фольклорының XVIII-XIX ғғ. тарихи шығармаларға арналған бөлімді С.Қасқабасов пен Е.Тұрсынов, XX ғасырға арналған бөлімді Е.Ысмайылов жазады. Қазақтың тарихи жырлары мен аталған ғасырларға қатысты мұнда да бағалы пікірлер айтылған еді. М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968) атты монографиясының жарық көруі, диссертациялық еңбегінің қорғалуы да көне мұраны жаңғыртып, жаңаша көзқарас қалыптастыруға ықпал етті деуге болады. Себебі бұл еңбектерде тарихи өлеңдер туған дәуірлерге байланысты байыпты байлам, ғылыми жаңаша тұжырымдама қалыптасқаны аян. Белгілі ғалым Б.Уахатов «Қазақ халық өлеңдері» (1974) атты монографиялық еңбегінің бір тарауын тарихи өлеңдерге арнады. Бұдан бұрынғы тарихи жыр мен тарихи өлеңдерді бірге қарап, арасына шек қойылмай келген мәселелерге автордың бұлайша концепция ұсынуы тарихи өлеңдерге байланысты жаңаша бір бағыт әкелді деуге болады. Арада бес жыл өткеннен кейін, қазақтың тарихи жырларына арналған «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» (1979) атты Қазақ ССР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымдық монографиялық еңбегі жарық көреді. Тарихи жырлар мен тарихи өлеңдердің жанрлық ерекшеліктерін, поэтикалық табиғатын, тарихи негіздерін ашуда бұл еңбек өз кезінде лайықты бағасын алған еді. Еңбекке басшылық жасаған ғалым Р.Бердібай мақаласында да тарихи жырлар мен тарихи өлеңдерге қатысты мәселелер айтылып, ғылыми зерттеу мәселесіндегі кешеуілдеудің себеп-салдарына тоқталады. Осы іргелі еңбектегі С.А.Қасқабасовтың «Тарихи жырлардың зерттелуі мен жанрлық сипаты» атты мақаласында тарихи жырлардың қалыптасуына тарихи өлеңдердің циклденуі ықпал еткені аталып, екі жанрдың айырмашылықтарын ғылыми тұрғыдан жан-жақты түсіндірсе, Е.Тұрсыновтың «Тарихи жыр, өлеңдердің тегі мен дамуы» атты мақаласында тарихи жырлардың қалыптасу эволюциясы сөз болып, автор екі жанрды бірлікте қарайды. 1982 жылы жарық көрген Р.Бердібаевтың «Қазақ эпосы» атты еңбегінде тарихи жырларға арнайы тарау беріліп, осы тарауда «тарихи өлеңдердің іздеушісі керектігі» түбегейлі зерттелуі туралы мәселе қозғалған еді. Бұл пікірлер дамытылып, әсіресе, «ақтабан шұбырынды» дәуіріне қатысты «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңі туралы пікір талас туындап, тәуелсіздік алғаннан кейін де осы мәселе турасында көптеген мақалалар дүниеге келді. 1993 жылы «Қазақтың XVIII ғасырындағы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар» жөнінде кандидаттық диссертация қорғаған Б.С.Рахымов еңбегінде тарихи жырлардың өз бастауы тарихи өлеңдерден тамыр тартатыны, тарихи өлеңдердің тақырыптық топтасулары туралы мәселелер көтерілді. Зерттеудің мақсаты – ең алдымен, қазақ халық поэзиясының осы уақыт аясындағы зерттеулер арқылы жанрлық жіктелісіне назар аударып, оның ішінде тақырыпқа қатысты тарихи өлеңдердің алатын орнын анықтау. Сөйтіп, тарихи өлеңдердің жиналуы мен зерттелуі, жанрлық ерекшеліктері және поэтикалық мәселелеріне тиянақты жауап беру. Зерттеудің міндеттері: ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорларындағы сақталған, фольклорлық экспедициялар кезінде табылған тарихи өлеңдерді екшеп, кейінгі кезеңде жарыққа шыққан үлгілерін зерттеу ісіне пайдалану; туыстас халықтар поэзиясына назар аударып, қазақ тарихи өлеңдерін психологиялық жағынан түрік, қырғыз, қарақалпақ, татар, өзбек т.б. халықтар мұраларымен салыстыра тексеріп, жаңаша пайымдаулар жасау; тарихи өлеңдердің бастауы, қалыптасуы мен дамуы, жанрлық сыр-сипаты жайындағы бізден бұрынғы зерттеу еңбектерді негізге алып, бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан халқымыздың көнеден келе жатқан рухани мұрасы ретінде жаңаша пайымдау; бүгінгі күнге дейін толық тексерілмегендігін ескеріп, тарихи өлеңдердің поэтикасына қатысты салыстырулар жүргізіп, өзіндік түйіндеулер мен тұжырымдар ұсыну; тарихи өлеңдердің ауыз әдебиетінің басқа жанрларымен байланысын жан-жақты зерттеу. Зерттеудің дерек көздері ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларындағы қолжазбалар пайдаланылды. Көне басылымдардан Т.А.Сейдалин мен С.А.Жантөрин құрастырған «Қырғыз (қазақ) поэзиясының үлгілері» (1872), И.Березиннің «Түрік хрестоматиясы» (1890), С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдеби нұсқалары» 1 жинақ (1931), «Он алтыншы жыл» (1940) жинақтары мен одан кейінгі әдеби мәліметтер, мұрағаттар деректері және Орталық Қазақстан облысы бойынша 1986-1997 жылдар аралығындағы фольклорлық практикалар мен 2002 жылғы фольклорлық-этнографиялық экспедиция материалдары, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысынан жинақталған рухани мұралар, оқулықтар мен ғылыми басылымдар қолданылды.
|