| Қазақстанның жаңа тарихы Халықтың бiр бөлiгi Дештi Қыпшақтан бөлiнiп Жетiсудың батыс өңiрiне көшiп келдi (1456). Оны Жәнiбек пен Керей сұлтандар басқарды. Осы оқиға дербес қазақ мемлекетiнiң негiзiн қалады. Моғолстан ханы Есенбұға оларды өзiнiң солт. шекарасын, сондай-ақ, өзiнiң бауыры Темiр ұрпағы Абу Саид қолдап отырған Жүнiстiң шапқыншылығынан батыс шекарасын қорғату үшiн пайдаланбақ болды. Жәнiбек Ақ Орда ханы Барақтың ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы едi. Мырза Мұхамед Хайдар Дулат Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465 — 66) жатқызады. Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458 — 73). Одан кейiн қазақ ханы — Жәнiбек (1473 — 80). Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейiн (1462) ондағы тартыстың күшеюiне байланысты, Жетiсу халқы және Әбiлхайыр хандығынан көшiп келушiлер Керей мен Жәнiбек бастаған қазақ хандығының қуатын арттыра түстi. Керей мен Жәнiбек бастаған қазақтарды қайта бағындыру үшiн әскер жиып аттанған Әбiлхайыр хан жолда кенеттен қайтыс болды (1468). Едәуiр әскери күш жинаған және Жетiсуда берiк қорғаныс құрған Керей мен Жәнiбек Жошы әулетiнен шыққан сұлтандардың Шығ. Дештi Қыпшақты билеу жолындағы күресiне қосылды. Қазақ хандарының басты жаулары Әбiлхайырдың мұрагерлерi — ұлы Шайх-Хайдар мен немерелерi Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды. Керей мен Жәнiбек хандар сауда-экон. байланыстардың маңызды орталықтары және күштi бекiнiс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз билiктерiн орнатуға тырысты. Сондай-ақ, Сырдың төм. және орт. сағаларының жерлерi қазақтың көшпелi тайпалары үшiн қысқы жайылым да едi. 15 ғ-дың 70-жылдары Сауран, Созақ түбiнде үлкен шайқастар болды. Яссыны (Түркiстанды), Сығанақты бiресе қазақ хандары, бiресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Оңт. Қазақстан қалалары үшiн Шайбани әулетiмен арадағы соғыстар Жәнiбек ханнан кейiн қазақ мемлекетiн билеген Бұрындық хан (1480 — 1511) тұсында да толастамады. Дештi Қыпшақта қазақ хандарының билiгi орнықты, Мұхаммед Шайбани Дештi Қыпшақтағы тайпалардың кейбiр бөлiгiн соңына ертiп Мауераннахрға кетуге мәжбүр болды. Мұнда ол Темiр әулетi арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкiмет билiгiн басып алды. 16 — 17 ғ-ларда қазақ хандығы нығайып, шекарасы едәуiр ұлғайды. Өз тұсында “жердi бiрiктiру” үрдiсiн жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бiрi Жәнiбек ұлы Қасым едi. Қасым ханның (1511 — 23) тұсында қазақ хандығының саяси және экон. жағдайы нығая түстi. Ол билiк құрған жылдары қазақ халқының қазiргi мекен-тұрағы қалыптасты. Бiрсыпыра қалалар қосылды, солт-те Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңт.-шығыста оған Жетiсудың көп бөлiгi (Шу, Талас, Қаратал, Iле өңiрлерi) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Едiл бойы, Сiбiрмен сауда және елшiлiк байланыс жасалды. Орыс мемлекетiмен байланыс орнады. Мәскеудiң Ұлы князi III Василий (1505 — 33) билiк құрған кездегi Мәскеу мемлекетi, Батыс Еуропа қазақ хандығын осы кезде танып бiлдi. “Қасым ханның қасқа жолы” деген әдет-ғұрып ережелерi негiзiнде қазақ заңдары жасалды. Дегенмен, Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бiр орталыққа бағынған мемл. деңгейiне көтерiле алмады. Ол Қасым өлгеннен кейiн бiрден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушiлерiне қарсы одағы қалыптасты. Өзара тартыс кезiнде Қасым ханның ұлы және мұрагерi Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере iнiсi Таһир (1523 — 32) хан болды. Маңғыт (Ноғай) және Моғол билеушiлерiмен қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшiн сәттi болмай, оңт-тегi және солт.-батыстағы жерiнiң бiраз бөлiгiнен айырылып, ықпалы Жетiсуда ғана сақталды. Таһир ханның iнiсi Бұйдаштың (1533 — 34) тұсында да өзара қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. 1538 — 80 ж. Қасым ханның баласы Ақназар (Хақназар) хандықты бiрiктiруге әрекет еттi. Ноғай ордасындағы алауыздықты сәттi пайдаланған ол, Жайық өз-нiң сол жағындағы жердi қосып алды. Жетiсу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд-Рашидке қарсы сәттi күрес жүргiздi. Өзбек ханы Абдолланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркiстан) өзiне бағындырды. Оның Абдолламен байланысынан қорыққан Ташкенттiң ұлыстық әмiршiсi Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у берiп өлтiрдi. Ақназардың мұрагерi Шығай (1580 — 82) болды. Ол өзiнiң баласы Тәуекелмен (1586 — 98) бiрге Баба сұлтанға қарсы күресiнде Бұхар ханы Абдоллаға барған. Абдолла Шығайға Ходжент қ-н сыйға тартып, онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шықты. Осы жорықта Шығай қаза тапты. Қазақ хандығының иелiгi ендi Тәуекелге көштi. Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу жолында күрестi. 1596 — 98 ж. Сыр бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Әндiжан, Акси, Самарқанд сияқты қ-ларды қазақ хандығына қаратты. Бұхара қ-н қоршауға алған кезде Тәуекел хан мерт болды. Ендi хандыққа Есiм хан Шығайұлы (1598 — 1628) билiк еттi. Ол 1598 ж. Бұхарамен бiтiм шартын жасасты. Өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойы қалалары мен Ташкент Қазақ хандығына берiлдi. Есiм хан елдi тыныштандыру саясатын жүргiздi. Сондықтан ол қанға — қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салу, әдеп-ғұрыптары, т.б. уағыздады. Халық Есiм хан заңдарын “Есiм хан салған ескi жол” деп атады. 16 ғ-да Қазақ хандығы солт-те Сiбiр хандығымен шектестi. Шайбани әулетi мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргiзiлген күрестен кейiн 1563 ж. Сiбiр хандығы Шайбани әулетi Көшiм ханның қолына көштi. Сiбiр хандығының халқы түркi тiлдес және угор тiлдес тайпаларының топтарынан құралды. Хандықтың негiзгi халқы түркi тiлдес “Сiбiр татарлары” деген атпен белгiлi болды. Сiбiр хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды. 1581 ж. казак-орыс атаманы Ермактың Сiбiрге жорығы басталды. Бұл жорық барысында Көшiм хан жеңiлгенiмен, Ермак жеңiстi баянды ете алмады. Ол 1585 ж. қаза тапты. Сiбiр хандығы 1598 ж. Ресейдiң құрамына ендi. Хандық құрамында болып келген кейбiр тайпалар (қыпшақ, керей, уақ, табын, жағалбайлы, т.б.) Қазақ хандығына қосылды. 17 ғ-дың орта тұсынан бастап Қазақ хандығының жағдайы нашарлай түстi. 1635 ж. бiр орталыққа бағынған Жоңғар хандығы Оңт. Сiбiр мен Шығ. Түркiстанды толық бағындырып Қазақ хандығының ең басты жауына айналды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетiсудың бiр бөлiгiн басып алып, осы аймақта көшiп-қонып жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұхара әскерлерi Ташкенттi алып, қазақтарды ығыстыра бастаған кезде, казақ ханы Жәңгiр хан Бұхар әмiршiсiн жоңғарларға қарсы күресу үшiн әскери одақ жасауға көндiрдi. 1644 ж. Жәңгiр хан Самарқанд қ-ның әмiрi алшын Жалаңтөс батырдың көмегiмен жоңғарларға күйрете соққы бердi (қ. Орбұлақ шайқасы). Жәңгiр жоңғарларға қарсы жорықта 1652(80) ж. қаза тапты. 17 ғ-дың 90-жылдарында жоңғарлардың қазақ жерiне шабуылы бәсеңдедi. Бұл кезде қа-зақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күштi қарқынмен жүрдi. 1680 ж. Жәңгiр ханның баласы Тәуке (1680 — 1718) хан болды. Оның тұсында “Жетi жарғы” заңдар жинағы құрастырылды. “Жетi жарғы” көшпелiлердiң ел билеу заңы болып табылады. Оның негiзгi баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни бiреудiң кiсiсi өлтiрiлсе, оған ердiң құнын төлеу. Малшыдан зекет, егiншiден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушылар — хандар болды. Олар тек Шыңғыс хан тұқымынан тағайындалды. Қазақстанның оңт. аудандарында, Сыр бойындағы қ-лар аймағында жерге меншiктiң тұрақты түрлерi қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлерi болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жердi иеленушiлер онда тұратын егiншiлерден, қолөнершiлерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеум.-таптық топтарға бөлу негiзiне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрi, әлеум. шығу тегi негiзге алынды. Жоғары топтағы ақсүйектерге Шыңғыс әулеттерi (хандар, сұлтандар, оғландар, төрелер) және қожалар жатты. Ал басқа халық, әл-ауқатына қарамастан, қара сүйекке жатқызылды. Еуразия құрлығындағы алып аумақта орын тепкен қазақ мемлекетiнде ел басқару жүйесiн жетiлдiру ниетiмен геогр.-аум. нышандары бойынша құрылымдық бөлiмдер ретiнде жекелеген ордалар (жүздер) құрылды. 18 ғ-да қазақтар тұратын аймағына қарай үш жүзге бөлiнiп өмiр сүрiп жатты. Әр жүздiң өз ханы болды. Бас ханның ықпалы төмендедi. Қазақ жерiнде бiр орталыққа бағынған мемлекеттiң болмауын көршiлерi өз пайдасына шешудi ойлады. Батыстан Жайық казактарының қолдауымен Едiл бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кiшi жүзге тынымсыз шабуыл жасады. Солт-тен Сiбiр казактары Орта жүзге тыным бермедi. Орта Азиядағы Бұхар мен Хиуа хандықтары да оңт-тегi Ұлы жүз қоныстанған қазақ жерiнен дәмелi едi. Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылымдық жер үшiн күрес 15 ғ-да-ақ басталған. 16 ғ-дың соңында ойраттардың шағын бөлiгi қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Батыр қонтайшы Жоңғар хандығын құрды. Жоңғар билеушiлерi (Сенге, Қалдан) Қазақ хандығына басқыншылық саясат ұстанды. Тәуке өлген соң орнына Болат хан болды. Оның кезiнде қалмақтардың қазақ жерiне жорығы күшейдi. Олар 1717 ж. жазда Аягөз өз. жағасында қазақтардың 30 мың сарбазы бар жасағын жеңдi. Келесi жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өз. бойында жеңiлiске ұшыратты. 1723 ж. ерте көктемде жоңғарлар қазақ жерiне тағы да жойқын шапқыншылық жасады. Жоңғарлар Ұлы жүздi қырып-жойып, Орта жүз, Кiшi жүз жерлерiне жеттi. Халық басы ауған жаққа кеттi. Ұлы жүз бен Орта жүздiң қазақтары Самарқанд пен Ходжентке қарай шұбырды. Кiшi жүз қазағы Хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың бiразы Сырдың сол жағындағы Алқакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңдi “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп атады. “Елiм-ай” деген қасiреттi ән осы кезден қалған. Халық бiрiгудiң қажеттiгiн түсiндi. 1726 ж. Ордабасы құрылтайында қазақ әскерiнiң бас қолбасшысы болып Әбiлқайыр хан сайланды. 1728 ж. Әбiлқайыр хан, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастаған жасақтар Ырғыз өз-нiң оңт.-шығыс бетiндегi Бұланты өз-нiң жағасындағы “Қара сиыр” деген жерде қалмақтарға қарсы соққы бердi. 1730 ж. көктемде Балқаш к. маңында iрi шайқас өттi. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай сияқты батырлар бастаған қазақ жасақтары жоңғарларға шешушi соққы бердi. Бұл жер кейiн “Аңырақай” деп аталып кеттi. Қалмақтар Iле өз. бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Бiрақ қазақ жерiн азат ету жолындағы Отан соғысын жеңiспен аяқтау жорықтары аяғына дейiн жеткiзiлмедi. Тәуке ханның ұлы Болат хан (бас хан) кайтыс болып, Орта жүз ханы Сәмеке де, Кiшi жүз ханы Әбiлқайыр (бас қолбасшы) да тақтан дәмелендi. Алайда таңдаушылар аға хан етiп Болаттың үшiншi ұлы Әбiлмәмбеттi сайлады. Әбiлқайыр мен Сәмеке бұған наразы болып, майдан шебiнен әскерлерiн алып кеттi. Осы тұста әрбiр жүздiң өз iшiнде бытыраңқылық күшейдi. Кiшi жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбiлқайыр ұлы) өз алдына ел биледi. Сол сияқты Орта жүзде Күшiк пен Барақ сұлтандардың да өз иелiктерi бар едi. Қазақ хандығының Бұхара, Хиуамен қатынасы да нашар болды. Едiл өз. бойындағы қалмақтар мен башқұрттар Кiшi жүздiң жерiне шабуыл жасап, үнемi қауiп-қатер туғызып отырды. Қазақ даласын Ресей империясының отарлауы. Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының арасындағы саяси байланыстар Тәуекел хан елшiлiгiнен басталды. 1594 жылдың аяғында Ресеймен достық келiсiм жасау үшiн Мәскеуге қазақ елшiсi Құлмұхаммед жiберiлдi. Тәуекел орыс патшасымен “достық пен ынтымақ” жасауға асықты. Өйткенi Бұхара ханы Абдолламен уақытша бiтiм жасап, ноғайлармен арадағы қатынас шиеленiсiп тұрған болатын. Елшiлiк мақсаты Мәскеуде аманат ретiнде ұсталып отырған ханның iнiсi Оразмұхамедтi босату және орыс патшасы Борис Годуновтан “отты қару” алу болатын. Орыс патшасы тек уәдемен шектелдi. Кейiн Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының жақындасу қажеттiгi жоңғарлар шапқыншылығынан да туындады. Едiл өз. бойындағы қалмақтар, башқұрттар, казактар да маза бермедi. Осындай күрделi мәселелердi Ресеймен одақтасу арқылы шешуге болатын едi. Ал қазақ даласы Ресей үшiн Шығыс мемлекеттерiмен жалғастыратын көпiр iспеттi болатын. Орта Азия елдерiне, Қытайға жол ашатын қақпа деп бiлген Петр I (1682 — 1725) қазақ жерiне бiрнеше экспедиция жiбердi. 1718 ж. Семей қамалының, 1720 ж. Өскемен бекiнiсiнiң негiзi қаланды. 1730 ж. 8 қыркүйекте Уфаға Әбiлқайыр ханның Сейiтқүл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшiлiгi келдi. 1731 ж. 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна Әбiлқайыр ханға грамота жiбердi. 1731 ж. 30 сәуiрде Кiшi жүзге орыс тiлмашы, елшi А.И.Тевкелев бастаған елшiлiк келдi. Олармен бiрге Санкт-Петербургке жiберiлген қазақ елшiлерi де оралды. Сонымен, 1731 ж. 10 қазанда өткен қазақ құрылтайында Кiшi жүздiң Ресейге қосылуы туралы шешiм қабылданды. 1731 ж. 15 желтоқсанда Тевкелевпен келiссөз жүргiзген Орта жүз ханы Сәмеке Ресейге қосылу туралы ұсыныс жасады. Ол ұсыныс 1734 жылдан кейiн жүзеге асырыла бастады. 1734 ж. 10 маусымда Анна Иоановна Әбiлқайырға Ор өз. сағасынан бекiнiс салу қажеттiгi жөнiнде хат жолдап, қала салынатын жерге И.К. Кириллов пен А.И. Тевкелевтi жiбердi. Жайық бойына 14 қамал салынды. 1740 ж. Орынбор экспедициясы бастығы ген.-л. князь В.А. Урусов Орынборға елшiлiк басқарып келдi. 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Нұралы, Ерәлi сұлтандармен, Жәнiбек, Бөгенбай, Есет батырлармен, кейiнiрек Орта жүз ханы Әбiлмәмбет және Абылай сұлтанмен келiссөз жүргiздi. Оның барысында Кiшi жүз бен Орта жүздiң 399 өкiлi Ресейге қарайтындығы жөнiндегi шартқа қол қойды. Алайда осы шарттан кейiн де Ресейге Кiшi жүздiң бiраз бөлiгi, Орта жүздiң аз ғана бөлiгi қосылды. Ал Солт.-шығыс және Орт. Қазақстанның негiзгi аймақтарын Ресей өз құрамына тек 19 ғ-дың 20 — 40-жылдары әскери-саяси күш қолданып қосты. Жоңғарияда 1745 ж. Қалдан Серен өлгеннен кейiн, оның мұрагерлерi арасында таққа талас бастады. Абылай хан осы сәттi пайдаланып, қазақ жерiн азат етуге кiрiстi. Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қ-лары Әбiлмәмбет ханның қарамағына өттi. Абылай бастаған қазақ жасақтары 1750 ж. жауға жоңғар қақпасы маңында күйрете соққы бердi. 1755 ж. жоңғарлар бiрнеше ұсақ иелiктерге бөлiнiп кеттi. 1755 — 58 ж. Қытай әскерлерi жоңғар билеушiлерi арасындағы тақ таласын пайдалана отырып, оларды мүлдем жойып жiбердi. 1758 ж. Жоңғар мемлекетi құлады. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерiмен шектестi. Қытайлар қазақтарға дүркiн-дүркiн шабуыл жасап, тыным бермедi. Абылай келiсiмге келу туралы Пекинге елшiлер жiбердi. Сөйтiп, Қытаймен сауда, экон. қатынас орнай бастады. 1771 ж. Әбiлмәмбет хан өлгеннен кейiн, Түркiстанда Абылай үш жүздiң ханы (бас хан) болып сайланды. Бiр жылдан кейiн, 1772 ж. Ресей патшайымы Екатерина II-нiң жарлығымен, Абылайға арналып Есiл өз-не таяу жерде, Жаңғызтөбеде ағаш үй салынды. Абылай 1781 ж. қайтыс болды. Орнына ұлы Уәли хан сайланды. Бұл кезде Ресей үкiметi барынша күшейiп, қазақ даласымен шындап айналыса бастаған. Қазақ даласында патша үкiметiнiң отарлау саясаты үш бағытта: 1) гарнизондар мен күшейтiлген бекiнiстi әскери шептер құрылысын салу және тұрақты казак-орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сiбiр, кейiн Жетiсу) мекендерiн құру жолымен; 2) саяси әкiмш. реформалар енгiзу; 3) қазақ даласын өзiне қосу, ал Орта Азия мемлекеттерiмен сауда-саттықты кеңейту жолымен жүргiзiлдi. Отарлық билiкке қарсы қазақ халқы жиi-жиi көтерiлiстер жасап отырды. Алғашқы көтерiлiстер Ресейге алдымен бағынған Кiшi жүз жерiнде басталды. Сырым Датұлы бастаған көтерiлiс (1783 — 97). 18 ғ-дың 30-жылдары Кiшi жүз Ресейге қосылғаннан кейiн патша үкiметi қазақтарға iшкi жаққа, Жайық сыртына өтуге тыйым салды. Кiшi жүз ханы Нұралының да қысымы көп болды. 1783 ж. көктемде қазақтардың Орал бекiнiсiне шабуылы басталды; қ. Сырым Датұлы қозғалысы. Ресей үкiметi жағдайды өзiнше шешпек оймен, хандық тәртiптi жою шарасын қолға алды. Сырым мұны мақұлдады. 1786 ж. хандық жойылып, Нұралы хан Жайық бойындағы орыс бекiнiстерiн паналады. Сырым он екi ата байұлының аға старшыны болды. Ұзақ жылдар бойы сүйенiшi болып келген хандық билiктi жойғаны қате болғанын Ресей үкiметi кейiн түсiндi. Сөйтiп, хандық билiктi қалпына келтiруге кiрiстi. 1790 ж. Нұралы өлгеннен кейiн осы оқиғаны желеу етiп, оның iнiсi Ерәлiнi хан еттi. Халық тағы да Сырым төңiрегiне топтасты. Сырымның Бұхара, Хиуа хандықтарымен келiсiм жасауынан қауiптенген патша үкiметi қазақтарға бiрқатар жеңiлдiктер жасауға мәжбүр болды. Жайық өз-нiң оң жағында мал жаюға, Жайық пен Едiл арасындағы Үлкен және Кiшi өзендердiң (Қара өзен, Сары өзен) бойындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат еттi. 1794 ж. Ерәлi хан өлiп, орнына Есiм хан болды. Ұлт-азаттық көтерiлiс қайтадан өршiдi. 1797 ж. 26 — 27 наурызда Есiм хан өлтiрiлдi. Көтерiлiсшiлердi жазалау үшiн 1797 ж. күзде полковник А.Скворкин Сырымды қудалауды қолға алды. Хиуа жерiне өтiп кеткен Сырым 1802 ж. Үргенiште мерт қылды. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемiсұлы бастаған шаруалар көтерiлiсi (1836 — 38). Едiл өз-нiң Каспийге құятын аймағына 1801 жылдан бастап патша рұқсатымен Кiшi жүздiң Бөкей сұлтан басқарған 5000 қазағы коныс аударды. Iшкi Бөкей ордасы құрылды. 19 ғ-дың 30 жылдарының соңында мұнда 20 мыңдай түтiн, 80 мың адам жайлады. Бөкей баласы Жәңгiр 1824 ж. хан тағына отырған соң, патша үкiметiнiң қолдауымен ел басқаруды өзгертуге кiрiстi. Ол отырықшылықты, елдi мекендер салуды, қырда пiшен шабуды, мектеп, уч-ще, мешiт ашуды, малды асылдандыруды қолға алып, сауданы жандандырмақ болды. 1827 ж. Жәңгiр хан Нарын құмындағы Жасқұс мекенiнде тұрақты хан ордасын орнатып, елдi орталықтан басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесi құрылды. Оның татар бөлiмi және жалпы бөлiмнен тұратын өз кеңсесi болды. Кеңсе жанында арнаулы тергеушi штат жұмыс iстедi. Наразылық жер дауынан басталды. Бiр ғана Жәңгiр хан 400 мың десятина жердi өз иелiгiне қаратқан. Жәңгiрдiң iнiсi Меңдiгерей Бөкейханұлы, би Балқы Құдайбергенұлы, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлы iрi меншiк иелерi болды. 1831 ж. Ресеймен шекаралас жерлерде сұлтандар мен Орынбор Шекара комиссиясына бағынатын әкiмшiлiктер құрылды. Ондағы әкiмдер мен старшындар жергiлiктi басқаруды өз қолдарына алды. Ал Жайық бойын иемденген Орал казак-орыстары қазақтарға Жайық өз-нен өтуге, оның жағасына көшiп-қонуға тыйым салды. Жәңгiрге наразы болған бiр топ сұлтан шаруаларды Жайықтың арғы жағына қайтадан өтуге шақырды. 1827 ж. жұт жылынан аман қалған аз малды сақтау үшiн қазақтар Саратов губерниясына көшпек болды. Көктем шығысымен Байбақты руы бiрiншi болып Жайыққа бет алды. Ресми өкiмет орындары бұл көшке қарсы едi. Мұның өзi Кiшi жүз қазақтарының үкiметке наразылығын күшейттi. Содан, 1836 ж. ақпанда, халықтың Жәңгiр ханға қарсы күресi басталды. Исатай, Махамбеттер 1837 ж. қыркүйек, қазан айларында Қарауылқожаның, Балқы бидiң, Шоқы сұлтанның ауылдарын шапты. Ханға Орынбордан подполковник Геке бастаған әскер күшi көмекке келдi. 700 казак-орыс, екi зеңбiрек, ханның 400 сарбазына Исатайдың 2000-нан астам сарбазы бетпе-бет келдi. 1837 ж. 15 қарашада Тастөбе деген жерде шайқас басталды. Күшi басым жазалаушылар тегеурiнiне шыдай алмаған көтерiлiсшiлер топ-топқа бөлiнiп кеттi. 1838 ж. көктемде халық қозғалысы қайта күшейдi. Бұл кезде Сiбiр өңiрiнен шегiнген Кенесары әскерiнiң бiр бөлiгi Орынбор өлкесiне ауысқан-ды. Олардың Исатай тобына қосылуынан қорыққан Орынбор ген.-губернаторы В.А.Перовский көтерiлiсшiлерге қарсы қауырт күш жинады. Орск бекiнiсi жағынан құрамында Орал полкi казактары бар Баймағамбет сұлтанның жасағы, Орынбордан Геке әскерi қарсы шықты. 1838 ж. 12 шiлдеде Исатай жасағы мен подполковник Геке бастаған жазалаушы әскер Ақбұлақ деген өзеннiң бойындағы шайқаста бетпе-бет кездестi. Осы шайқаста Исатай қаза тауып, көтерiлiсшiлер талқандалды. 1846 ж. Махамбет жалдамалылардың қолынан қаза тапты; қ. Исатай Тайманұлы бастаған көтерiлiсi. Отарлау барысында патша үкiметi қазақ жерiндегi хандық билiктi жоюға кiрiстi. 1815 ж. Орта жүзде Уәли ханның билiгiн әлсiрету мақсатымен, екiншi хан етiп Бөкейдi қойды. 1817 ж. Бөкей, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болған соң, патша үкiметi Орта жүздi бiрнеше әкiмшiлiкке бөлдi. 1822 ж. Сiбiрдiң генерал-губернаторы М.М.Сперанскийдiң басшылығымен “Сiбiр қазақтары туралы жарғы”, 1824 ж. “Орынбор қазақтары жөнiндегi жарғы” деген құжаттармен қазақ жерiн басқару тәртiбi белгiлендi. Осы заңдар бойынша Орта жүз бен Кiшi жүз хандықтары жойылды. Кiшi жүзде (соңғы хан Шерғазы Айшуақов) хандық билiктiң орнына Ресейдегi сияқты әкiмш. басқару жүйесi қалыптасты. Ал Орта жүзде “аға сұлтан” деген басқарушы қызмет енгiзiлдi. Iшкi округтер құрылды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлiндi. Болысқа бөлу негiзiне рулық принцип алынды. 19 ғ-дың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңт. Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушiлерiне қарсы жиi-жиi бас көтерiп отырды. 1821 ж. Тентек төре басқарған Түркiстан, Шымкент, Әулиеата маңы қазақтары Қоқан билеушiлерiне қарсы көтерiлiске шықты. Көтерiлiсшiлер Сайрам қ-н шабуылмен алды. 1819 ж. 18 қаңтарда Сүйiн Абылайханов сұлтан өзiне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны туралы ант бердi. 1845 — 47 ж. Ұлы жүз рулары (оңт-те көшiп жүрген, Қоқан хандығына бағынатындарынан басқалары) Ресейге қарады. 1847 ж. Орта жүз қазақтарының басым көпшiлiгi Ресей боданы болып, Қазақстанның империяға қосылу процесi аяқталуға жақындады. Әскери-әкiмш. отарлау 19 ғ-дың 2-жартысына дейiн жалғасты. 1831 ж. Аягөз, 1847 ж. Қапал, 1854 ж. Верный әскери бекiнiстерi салынды. 1855 ж. Лепсi, Үржар станицалары салынды. Жетiсу өлкесiнде 1847 — 67 ж. аралығында казак-орыстар тұратын 14 станица орын тептi. Бұл бекiнiстер Ресейдiң Iле өз-нiң арғы бетiндегi билiгiн нығайтуға арналған тiрек пункттер болды. 20 — 40 жылдары Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай округтерiн құру аяқталды. Ұлы жүздiң Ресейге қосылған аудандарын басқару үшiн 1848 ж. Бат. Сiбiр ген.-губернаторына бағынатын Үлкен орданың приставы лауазымы белгiлендi. Ресей 19 ғ-дың 40-жылдарында Хиуа хандығына шабуыл жасады. Хиуа хандығы бұл кезде Мервтi басып алып, Маңғыстау, Үстiрт пен Сыр қазақтарына билiк жүргiзiп тұрған болатын. Бiрақ, В.А. Перовский басшылық еткен Хиуаға қарсы жорық (1839 — 40) сәтсiз аяқталды. Бұл кезде Ауғанстан, Иран, Қытайдың батысында, Бұхарада, Хиуада, Қоқанда, Қазақстанның оңт-нде ағылшындар әрекет ете бастаған. 1839 ж. ағылшындар Ауғанстанға басып кiрдi. Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс (1837 — 47). 19 ғ-дың алғашқы ширегiнде патша үкiметi Қазақстанға әкiмш.-саяси өзгерiстер енгiзуге тырысты. 1822 жылғы “Сiбiр қазақтары туралы жарғы” далалық аудандарды басқарудың құрылымын өзгерттi. Ендi басқарудың округтiк жүйесi енгiзiлдi. Қарқаралы (бұрынғы Бөкей ханның иелiгiндегi) және Көкшетау (Уәли ханның иелiгiндегi) округтерiн құрып, Орта жүз бен Ұлы жүздiң рулары мекендеген аймақтардың түйiскен жерiндегi жайылымдарды тартып ала бастады. 19 ғ-дың 30-жылдарында отаршылдық саясатқа қарсы Абылайдың кiшi ұлы Қасым төре бас көтердi. Қоқан хандығына арқа сүйемек оймен, 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына көшiп барды. Оның қоқандықтардан күткен үмiтi ақталмады. Ұлдары Саржан, Есенгелдi, кейiнiрек өзi мерт болды. Отарлық езгiнiң күшеюi, шұрайлы жерлердi тартып алып, бекiнiстер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837 — 47) тудырды. 1838 жылдың көктемiнен бастап Кенесары жасақтары патша әскерiне қарсы жоспарлы күрес жүргiздi. Ақмола қ-н қиратты, Қоңырқұлжа ауылын шапты. 1840 ж. күзде Ырғыз бен Торғай маңында патша әскерiмен қарулы қақтығыс басталды. 1841 ж. қыркүйекте үш жүз өкiлдерi Кенесарыны хан етiп сайлады. Кенесары ел билеу тәртiбiн өзгерттi. Алым-салық реформасы iске асырылды. Егiншiлiктi дамытуға, көршi елдермен сауда-саттық жасалып, керуеннен салық алынатын болды. Хан кеңесi құрылды. Жасақтар жүздiктерге, мыңдықтарға бөлiндi. Кенесары орыс үкiметiмен тату көршiлiк қарым-қатынас орнатуға тырысты. 1841 — 42 ж. Кенесары жасақтары қоқандықтарға қарсы соғыс жүргiздi. Созақ, Сауранды алды. Қоқандықтар Кенесарымен келiссөз жүргiзуге мәжбүр болды. Бұхар әмiрi, Хиуа хандығы Кенесарымен түсiнiстiк қатынасқа көштi. 1843 ж. Орынбор ген.-губернаторы Перовский орнына келген генерал В.А.Обручев Батыс Сiбiр губернаторы П.Д. Горчаковпен бiрге Кенесарыны қуғындауға кiрiстi. Ырғыз өз. бойында патша әскерiнiң бiр тобымен кездескен Кенесары патша үкiметiмен келiссөз жүргiзiп жатқанын айтып соғысты болдырмады. Бұл тұста екi жақ та әскери дайындығын мұқият жүргiзiп жатты. 1844 — 45 ж. көтерiлiс өршiдi. Оған Сыр бойының, оңт-тiң қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерiнiң санын 20 мың адамға жеткiздi. Кенесары жасақтарын құрту, халық қозғалысын басу үшiн 1844 ж. жазда Ор бекiнiсiнен, Ұлытаудан, Тобыл өз. бағытынан шыққан патша әскерiнiң үш тобымен кескiлескен шайқастардан соң, 1845 ж. Кенесары Ұлы жүз жерiне қоныс аударып, халық күшiн бiрiктiрудi, қырғыздармен одақтасып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтiп олардың қол астындағы қазақтарды азат етудi мақсат еттi. Қытаймен келiссөз жүргiзу үшiн, Құлжаға елшi жiбердi. 1845 ж. қазан-қараша айларында Кенесары әскерi Қоқан хандығына жорыққа аттанды. Олар Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекiнiстерiн алды. Патша үкiметi қырғыз манаптарын, Кенесарыға қас бай-сұлтандардың басын қосып, көтерiлiсшiлерге соққы берудi iске асыруға кiрiстi. 1847 ж. сәуiрде Кенесары жасақтарымен қырғыз жерiне басып кiрдi. Қырғыздармен соғыс Ыстықкөлдiң тау шатқалы қойнауында, Шу өз. жоғ. ағысында өттi. Кенесарыны Тоқмақтың маңында Кеклiк-Сеңгiр тауындағы Майтөбе деген жерде қырғыздар мен ген. Вишневский жасағы, Қоқан хандығы әскерi қоршауға алып тұтқынға түсiрдi де, айуандықпен өлтiрдi. Хиуа, Қоқан хандары Сырдың төм. ағысы бойындағы, Ырғыз, Торғай, Ембi өзендерiнiң бойындағы қазақтарды билеуге тырысты. Сырдың төм. ағысы бойындағы Жаңадария және Қуаңдария алқаптарын басып алып, әскери бекiнiстер салды. Қазақтардан зекет пен ұшыр жинады. Сыр қазақтары Хиуа, Қоқан езгiсiне қарсы көтерiлдi. Оны әлiм руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. 1843 ж. Жанқожа батырдың жасақтары Қуаңдария бойындағы хиуалықтар қамалын, кейiнiрек Бесқала қамалын талқандады. Сыр қазақтары солт.-батыс жақтан қауiп туғыза бастаған орыстарға да қарсы шықты. 1849 ж. Райым бекiнiсiне Орынбор казак-орыстарының алғашқы 26 отбасы қоныстанды. Олар қазақтарды отырған жерлерiнен ығыстырды. 1853 ж. орыс әскерi Ақмешiттi басып алды. Сөйтiп, Сырдария әскери желiсi пайда болды. Оған Райым бекiнiсiнен Ақмешiтке дейiнгi жерлер кiрдi. Бұл жерлерде отаршылар қатаң тәртiп орнатты. 1857 жылға дейiн үш мың қазақ отбасы жерiнен айрылды. Ресейге қарсы Сыр қазақтарының көтерiлiсi 1856 ж. желтоқсан айында басталды. Көтерiлiс бүкiл Қазалы өңiрiн қамтыды. Казак-орыстардың Солдатская слободасы кентiн жойып, 1856 ж. соңында Жанқожа Қазалы фортын қоршады. Бiрақ, күшi басым дұшпандарынан жеңiлiп, Жанқожа 20 шақты қазақ ауылдарымен Сырдың оң жағалауына, Хиуа хандығының жерiне өтiп кеттi. 1853 — 58 жылдарда Есет Көтiбарұлы бастаған Кiшi жүз қазақтарының көтерiлiсi болды. Көтерiлiстiң шығуына Арал т-нiң бат. жағындағы Үлкен және Кiшi Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өз-дерiнiң бойын мекендеген шектi руына түтiн салығын салу, әскери мақсат үшiн күш-көлiк алу, бекiнiс салынуы салдарынан жайылымдықтардың тарылуы себеп болды. 1855 жылғы 8 шiлдеде Есет жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагерiне шабуыл жасап, оны өлтiрдi. Бiрақ қару-жарақ жетiспей, көтерiлiсшiлер шегiнуге мәжбүр болды. Есеттiң қолға түскен 18 сарбазын патша үкiметi Сiбiрге айдап, 3 адамын атты. 1858 ж. қыркүйекте Сам құмында жеңiлген Есет көтерiлiстен бас тартып, үкiметке адал қызмет етуге уәде бердi. 1854 ж. Верный (Алматы) бекiнiсi салынғаннан кейiн, Бат. Сiбiрден Жетiсуға қазақ-орыс әскерлерi мен орыс шаруалары қоныс аудара бастады. Жетiсуда үстемдiк етуден бiржолата айырылу қаупiнен қорыққан Қоқан ханы қазақ, қырғыздарды өз уысында ұстауға бар күшiн салды. Әулиеата, Мерке, Пiшпек (қазiргi Бiшкек), Тоқмақ, т.б. бекiнiстердiң гарнизондарын күшейттi. 1860 ж. күзде Қоқан ханы Верный бекiнiсiне шабуыл жасауға 20 мыңдай әскер жiбердi. Ұзынағаш түбiндегi шайқаста (1860 ж. қазан) Г.Колпаковский бастаған шағын отряд қазақ жасақтарының көмегiмен Қоқан әскерлерiн жеңдi. Ұзынағаштағы жеңiс Жетiсуды Қоқан үстемдiгiнен құтқарғанымен, ендi Ресей империясының езгiсiне салып бердi. 19 ғ-дың 60 жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу үрдiсi аяқталды. Каспий жағалауынан Алтайға дейiнгi, Тобыл өз-нен Тянь-Шань тауына дейiнгi ұлан-байтақ ел Ресей империясының құрамына ендi. Патша үкiметi осы кең өлкенi басқару мақсатымен реформалар жүргiздi. 1867 ж. Түркiстан ген.-губернаторлығына бағынатын Жетiсу және Сырдария облыстары, ал 1868 ж. Орынбор ген.-губернаторлығына қарасты Орал мен Торғай, Бат. Сiбiр ген.-губернаторлығына қарайтын Ақмола және Семей облыстары құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлiндi. Әкiмш. бөлiктер аум. принцип бойынша ұйымдастырылды. Патша үкiметi “рулық бiрлестiктiң” рөлiн төмендетiп, ру ақсақалдары мен билерiнiң ықпалын жоюды көздедi. Барлық жер мемлекет меншiгi деп жарияланды. Қазақстандағы 1867 — 68 жылдардағы реформалар сот құрылысына да өзгерiстер енгiздi. Қазақстанда Ресей империясының құқығы мен соты қолданылды, сонымен бiрге iшiнара әдеттiк құқық пен билер соты да қалдырылды. Бiрақ билер соты тежелiп, ел басқарудың жаңа жүйесiне икемделдi. Ресейде агр. мәселенiң шешiлмеуi, қазақ даласына қоныс аудару саясатының жоспарлы түрде жүргiзiлуi өлкенiң әлеум.-экон. жағдайына өзгерiстер енгiздi. Бұрынғы жаппай көшпелi шаруашылықтардың орнына ендi отырықшылықпен қатар мал бағу және егiн егу сияқты шаруашылықтың жаңа түрлерi орныға бастады. Үкiметтiң қауымдық жерлердi тартып алып, күнкөрiс жер-судан айыруы қазақ қоғамының әлеум. бөлшектенуiн туғызды. Қазақстанда өнеркәсiп өндiрiстерi, түрлi кәсiпшiлiк ашылып (мыс.: а. ш. шикiзаттарын өңдейтiн — май шайқайтын, терi өңдейтiн, ұн тартатын, т.б.), жедел дами бастады. Шымкент пен Түркiстанда мақта тазалайтын з-ттар, ал Верный қ-нда темекi шығаратын екi кәсiпорын жұмыс iстедi. Арал т-нде, Павлодар уезiндегi Қарабас к-нде тұз өндiру қолға алынды. Әсiресе ғасыр басында оның маңызы күшейдi. Тұз жергiлiктi мұқтаж үшiн де, сол сияқты шетке шығару үшiн де өндiрiлдi. Олардың неғұрлым iрiлерi Iшкi ордадағы 5 мың қазақ жұмыс iстеген Басқұншақ, Павлодар уезiндегi Коряков кәсiпшiлiктерi едi. Жайық, Ембi, Ертiс өзендерi, Арал мен Каспий т-дерi айдындарында балық кәсiпшiлiгi жанданды. Қазақстанда 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында Спасск мыс қорыту з-ты, Успенск мыс кенiшi, Қарағанды көмiр кенiшi, Екiбастұз және Риддер кәсiпорындары шет ел өнеркәсiпшiлерiнiң де (АҚШ, Германия, Бельгия, Швеция) назарын аударып, өлке байлығы талан-таражға түстi. 20 ғ-дың басында алтын шығару, көмiр өндiру (Екiбастұзда, Қарағандыда), мұнай (Бат. Қазақстанда, Орал-Ембi аймағында) шығару арта түстi. Ресейде капитализмнiң кең қанат жайып, оның ұлттық шет аймақтарына таралуы нәтижесiнде Қазақстанда банк бөлiмдерi мен несие мекемелерi құрыла бастады. Мемл. банктiң өлкедегi бөлiмдерi, сауда-өнеркәсiптiк орталықтары Оралда (1876), Петропавлда (1881), Семейде (1887), Омбыда (1895), Верныйда (1912) ашылды. Сауда-саттық, алыс-берiс қүшейдi. Негiзiнен мал сатылды. Әр жазда Ресей орталығына Ақмола, Қарқаралы және Сарысу уездерiнен 60 мыңға тарта iрi қара мал, 200 мыңға тарта қой жiберiлiп тұрды. Сыртқа шығарылатын астық көлемi де артты. Орал, Орынбор, Семей қ-лары астықпен сауда жасаудың iрi орталықтарына айналды. 19 ғ-дың екiншi жартысы мен 20 ғ-дың басында сауда-саттықтың жаңа — жәрмеңкелiк түрi пайда болды. Қарқаралы уезiндегi Қоянды, Петропавл уезiндегi Тайыншакөл, Ақмола уезiндегi Константиновск, Атбасар уезiндегi Перовск, Верный уезiндегi Қарқара жәрмеңкелерi неғұрлым iрi сауда орталықтары саналды. 20 ғ-дың басында қала халқының саны өсе түстi. Орал (47,5 мың адам), Петропавл мен Верный (43,2 мыңнан), Семей (34,4 мың) iрi қалалар саналды. Қазақстанда өнеркәсiптiң дамуында т. ж. зор рөл атқарды. Өлкеде Орынбор-Ташкент, Троицк, Алтай және Жетiсу т. ж-дарын салу жеделдетiлдi. 1917 жылға дейiн Қазақстанда барлығы 2793 км жол төселдi. Су жолдары да (Семей обл-нда) пайдаланылды. Ертiс өз. арқылы “Пароход шаруашылығы мен Батыс-Сiбiр сауда серiктестiгi” компаниялары жүк тасыды. Өнәркәсiптiң дамуы, т. ж., су жолдардың кеңiнен пайдаланылуы Қазақстанда жұмысшы кадрларының қалыптасуына алғышарт жасады. 1913 ж. өлкедегi жұмысшылар саны 75 мың адамға жеттi. Ал Қазан төңкерiсi мен өзгерiстер жүрiп жатқан кезеңде Қазақстан жұмысшыларының саны 90 мыңға жеттi. Фабрика-зауыттарда жұмыс iстеген қазақ жұмысшыларының тұрмыс жағдайы төмен (жұмыстың ең ауырына жiберiлдi, мардымсыз жалақы тағайындалды, көптеген айыппұл салынды, басқа ұлт жұмысшыларынан кемсiтiп, алалаушылық орын алды) болды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында қазақ өлкесi Ресейге толығымен кiрiптар күй кештi. 20 ғ-дың басында өлкенiң жағдайына керi әсер еткен факторлардың бiрi — агр. саясат едi. Қоныс аудару кең қанат жайды. Қазақстанның аумағы бiрнеше қоныс аудару аймақтарына (Торғай, Орал, Семей, Сырдария, Жетiсу) бөлiндi. “Қоныс аудару қорын” жасау үшiн құрылған Қоныс аудару мекемелерi “артық” жерлер iздестiруге кiрiстi. Әрбiр қазақ отбасы 15 десятина үлес жер алып, қалған жер мемл. меншiкке берiлуi тиiс болды. Iс жүзiнде оларға үлес берiлмей, атамекен-шұрайлы жерлерiнен қуылып жатты. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлi мал шаруашылығының құлдырауы, әсiресе “Столыпин реформасы” кезiнде күшейдi. 1906 ж. Ресей империясының премьер-министрi болып тағайындалған П.А. Столыпиннiң реформасы бойынша шаруаларға өз үлестерiмен қауымнан шығып, хутор құруларына еркiндiк берiлдi. Столыпин бұл мәселенi шешуге астық егуге қолайлы өңiр ретiнде қазақ даласын пайдаланды. Ресейден қоныс аударушы (переселен-мұғажыр) шаруалардың Қазақстанда кулак шаруашылықтарын құруына түрлi жеңiлдiктер жасалды. Хутор үшiн 45 десятина қолайлы жер және 15 десятина егiн салатын жер бөлiндi. Жер бөлушi ұйымдарға жергiлiктi халықты атамекендерiнен зорлықпен көшiрiлiп, олардың жерiне шаруа-кулактарды қоныстандыруға рұқсат берiлдi. Қоныс аудару науқаны нәтижесiнде 1895 — 1905 ж. далалық облыстарға 294 296 адам, ал 1906 — 10 ж. 770 мыңнан астам қоныс аударушылар келдi. 1893 — 1905 ж. қазақтардан 4 млн. десятина жер, 1906 — 12 ж. 17 млн. десятинадан астам, ал 1917 ж. барлығы 45 млн. десятина жер тартып алынды. “Столыпиннiң аграрлық саясаты” қазақтарды жерiнен айырумен қоса, олардың өлкеде үлес санының азаюына да себеп болды. Қазақстанды қосып алғаннан кейiн Ресей өлкенiң табиғатын, тарихын, экономикасын зерттей бастады. Қазақ өлкесiн зерттеушiлердiң бiрi Орыс география қоғамының басшысы П.П. Семенов-Тяньшанский (1827 — 1914) едi. Оның басшылығымен көп томдық “Ресей. Отанды географиялық тұрғыдан толық баяндау” деп аталатын зерттеу құрастырылып, басып шығарылды. Оның “Қазақ (қырғыз) өлкесi”, “Түркiстан өлкесi” деп аталатын екi томы Қазақстан мен Орта Азияның геогр. жағдайын, табиғи байлығын, тарихын, халық тұрмысын баяндауға арналды. “Түркi тайпаларының ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi” атты еңбек жазған Петербург академиясының акад. В.В.Радлов қазақ халқының ауыз әдебиетiн зерттеуге зор үлес қосты. Сондай-ақ “Қасым патшалары мен ханзадалары туралы зерттеу”, “Қырғыз-қайсақтар (қазақтар) туралы тарихи мәлiметтер” деп аталатын кiтаптардың авторы шығыстанушы-ғалым В.В. Вельяминов-Зернов қазақ халқы тарихының маңызды кезеңдерiн зерттедi. 1841 ж. Бөкей хандығында, 1850 ж. Орынборда Шекаралық комиссия жанынан қазақ азаматтық мектебi ашылды. 1877 ж. Ы.Алтынсариннiң күш салуымен Ырғызда қыздар уч-щесi жұмыс iстей бастады. 1890 — 96 ж. Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде орыс-қазақ уч-щелерi, 1883 ж. Орынборда қазақ мұғалiмдер мектебi ашылды. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ халқының Ш.Уәлиханов, М.С. Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты азаматтары өмiр сүрiп, шығармашылықпен айналысса, 20 ғ-дың басында олардың қатарын Ш.Құдайбердiұлы, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б. толықтырды. 19 — 20 ғ-дың басында қазақ муз. мәдениетi өрлеу кезеңiн бастан өткердi. Сазгерлер: Құрманғазы, Дина Нұрпейiсова, Тәттiмбет, Ықылас, әншi-сазгерлер: Бiржан сал, Ақан серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Мәди шығармалары халық арасына кең тарады. 1870 ж. 28 наурызда “Түркiстан уәлаятының газетi”, 1888 ж. 1 қаңтарда, “Дала уәлаятының газетi”, 1911 ж. “Айқап” журналының алғашқы сандары жарияланды. 1913 — 18 ж. аралығында шыққан “Қазақ” газетi қазақ қоғамының барлық салаларынан жан-жақты хабардар етiп тұрды.
|