Зерттеудің өзектілігі. Соңғы жылдары тіл мен мәдениеттің арақатынасы туралы мәселе өзекті мәселелер қатарында қарастырылып келеді. ХХ ғасырдың аяғында ғалымдардың аталған мәселеге ерекше назар аударуы лингвомәдениет-тану ғылымының дамуына жол ашты. Ол тіл бірліктерінің ұлттық-мәдени семантикасын зерделеуге мүмкіндік береді. Лингвомәдениеттану – ұлттық мәдениет-тің тілдегі көрінісін сипаттау мәселелерін зерттейтін тіл білімінің саласы. Лингвомәдениеттануда тіл коммуникация мен таным құралы ғана емес, ұлттың мәдени коды ретінде қарастырылады. Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі тіл бірліктері мен тілдің ұғымдық-категориалдық құрамындағы мағыналық бірліктерді ұлттың қабылдауы мен дүниетанымы тұрғысынан сипаттайды. Адам когнициясы мен мәдениеттүзу қызметінің негізгі тетіктерінің пайда болуы мен дамуы барысындағы тілдің қызметін зерттеу ақиқат болмыстың тілдегі бейнеленуін сипаттап, осы мәдениет өкілдерінің дүниетанымы, эстетикалық нормалары, діни наным-сенімдері туралы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Лингвомәдениеттануда тіл мен мәдениетті тұтынушы ретінде адам маңызды орын алады. Оның аялық білімі, мінез-құлығы мен тәртібі, ұстанымдары мен дүниетанымы белгілі бір мәдениеттің өкілі ретінде оны басқалардан ерекшелендіріп тұрады. Сол себепті лингвомәдениеттануда адам факторына маңызды орын беріледі. Осымен байланысты белгілі бір аймаққа тән жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі этнолингвистикалық сипаттарға талдау жасау қазақ тіл білімінде әлі де болса өз деңгейінде зерттелмей келеді. Негізінен осы уақытқа дейін жергілікті сөзқолданыстардың лексикалық, грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктері қарастырылып, ондағы талдаулар көбінесе құрылымдық грамматика мәселелері тұрғысынан сөз болып келді. Ал соңғы жылдары антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің жалпы тіл білімінде қарқынды қолға алуына байланысты жергілікті сөзқолданыстарды да әлемнің тілдік бейнесін адам факторы мәселелерімен тығыз байланыста қарастырудың қажеттігі анықталып отыр. Себебі осы тілдік құрылымдардың түзілуіне әсер еткен экстралингвистикалық факторлар анықталғанда ғана осы жерге тән ерекшеліктердің пайда болу себептерін көрсетуге болады. Бұл орайда қазақ тіл білімінде М.Атабаеваның “Қазақ тілі диалектілік лексикасының этнолингвистикалық негізі” атты еңбегін ерекше атап өткен жөн. Онда ғалым жалпы қазақ тіліне ортақ этнодиалектизмдерге тоқталады. Аталған еңбек этносты тіл арқылы танытатын этнолингвистикалық ізденістердің басы болып табылады. Ал нақты белгілі бір аймаққа, оның ішінде Батыс Қазақстан аймағына жататын этнодиалектизмдер осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысаны болмаған. Осымен байланысты жұмыста батыс өңірінің этномәдени сипаты айшықты көрініс тапқан көркем мәтіндерден жинақталған диалектизмдер тіл мен мәдениет сабақтастығында қарастырылды. Тақырыптың өзектілігін осы тұрғыдан сипаттауға болады деп ойлаймыз. Зерттеудің мақсаты – көркем мәтіндердің негізінде Батыс Қазақстан өңіріне тән жергілікті ерекшеліктердің этномәдени сипатына кешенді түрде талдау жасау. Ол үшін мына міндеттерді жүзеге асыру көзделді: - тілдік құбылыстарды лингвомәдениеттанымдық ерекшеліктер ретінде талдаудың теориялық-әдістанымдық негізін анықтау; - осы өңірге тән салт-дәстүр, ырым-жоралғыларда, кәсібінде ономастикалық жүйесінде, өңір тарихы мен мәдениетіне қатысты прецеденттік мәтіндерде, фразеологиялық тіркестердің мазмұнында бейнеленген рухани мәдениетке тән тілдік бірліктердің қызмет ерекшеліктерін талдау; - лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің негізінде қазақ тіліндегі, оның ішінде Батыс Қазақстан өңіріне тән лингвокультуремалардың көркем мәтіндерде берілу ерекшеліктерін анықтау; - сол өңірде қалыптасқан материалдық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін сипаттау; - сол өңірге тән лингвокультуремалардың көркем әдебиеттегі қызметіне талдау жасау, өзіндік ерекше топтарын жіктеу, төркінін анықтау. Зерттеудің жаңалығы. Зерттеуде Батыс Қазақстан аймағына тән жергілікті диалектизмдердің этномәдени сипаты, оның ерекшеліктері, тілдік, стильдік табиғаты алғаш рет арнайы қарастырылып, өзіндік белгілері айқындалып отыр. Зерттеу нысаны: Көркем мәтіндегі Батыс Қазақстан аймағына тән диалектизмдер. Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында салыстыру, тілдік материалды этнолингвистикалық сипатта зерделеу, сөздік дефиницияларға талдау жасау, компоненттік және семантикалық талдау, сипаттама жасау әдістері қолданылды. Зертеудің материалдары. Жұмыста Батыс Қазақстан өңіріне тән жергілікті ерекшеліктердің аймақтық, түсіндірме, фразеологиялық сөздіктердегі деректері, осы өңірлердегі мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің көркем шығармалардағы көрінісі (Қ.Сланов, Х.Есенжанов, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Кекілбаев, т.б.) негізге алынды. Жұмыста 4 мыңға жуық мысал талдауға негіз болды. Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негізі ретінде лингвомәдениет-тану мәселелерімен айналысушы отандық және шетелдік ғалымдар: А.Вежбицкая, В.А.Маслова, Ю.Н.Караулов, И.Г.Ольшанский, Ш.Сарыбаев, Ә.Нұрмағамбетов, Қ.Қалиев, Р.Сыздық, Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева, Н.Уәлиев, М.Атабаева, Қ.Қабитханұлы, К.Күркебаев, Б.Ақбердиева, А.Қ.Сейілхан, М.Жақсыбаева, Г.Снасапова т.б. еңбектері алынды. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: - жергілікті тілдік ерекшеліктер материалдық және рухани мәдениет бірліктер ретінде сол аймаққа тән әлемнің тілдік бейнесін ұрпақтан-ұрпаққа беріп, сол арқылы тілдің маңызды қызметтерінің бірі – ақпарат жеткізуші қызметін орындайды; - әлем бейнесі сөйлермен тілінің жергілікті ерекшеліктері ретінде көркем мәтіндерде айшықты түрде көрініс тауып, қоршаған орта туралы ақпарат жеткізуде басты орын алады; - диалектизмдер көркемдеуші құрал ретінде көркем әдебиет стилінде ғана қолданыла алады, ал ғылыми, іскери тілде қолданылмайды; - диалектизмдер лирикалық жанрлармен салыстырғанда прозалық шығармаларда жиі қолданылады және фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерге қарағанда, лексикалық ерекшеліктер көбірек кездеседі; - мақсатты түрде орынды қолданылған жергілікті ерекшеліктер тілдік экспрессияның тиімді құралы болып табылады. - фразеологиялық диалектизмдерде, аймаққа тән ономастикалық жүйеде, прецеденттік мәтіндерде сол өңірге тән ерекшелік, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс айқын көрінеді; - әрбір лингвокультуремада өзі қалыптасып, пайда болған өңірдің мәдени жүйесінің белгісі, өзіндік қолтаңбасы қалып отырады. Жұмыстың теориялық және практикалық құндылығы. Зерттеу жұмысындағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің этнолингвистикалық сипатын айқындау әлемнің тілдік бейнесінің аймақтық ұлттық сипатын көрсетіп, этнодиалектология мәселелерінің теориясына өзіндік үлес қосады. Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарының филология және журналистика факультетінің студенттеріне, сондай-ақ “Қазақ әдеби тілінің тарихы”, “Тарихи лексикология”, “Қазақ диалектологиясы”, “Этнолингвистика”, “Стилистика”, “Лингвомәдениеттану” пәндерін оқытуда, арнайы семинарлар мен курстарда пайдалануға болады. Жұмыстың талқылануы. Зерттеу жұмысының негізгі түйіндері мен тұжырымдары республикалық ғылыми басылымдарда 12 мақала түрінде жарияланып, 3 халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды. Атап айтқанда: А.Байтұрсынұлының туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында академик Р.Сыздықтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастылған ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен профессор Р.Әмірдің туғанына 75 жыл толған мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004) баяндалды. ҚР БжҚМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы “Лингвистикалық жұма” атты ғылыми-әдістемелік семинарда жөмыс баяндалып (2005, сәуір), Тіл тарихы мен диалектология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланды, (30 наурыз, 2007 ж.). Сондай-ақ зерттеу жұмысының негізінде жиналған материалдар бойынша “Қазақ тілінің диалектологиясы” университеттердің филология факультеттеріне арналған оқу құралы жарық көрді (2006, желтоқсан). Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. ЖҰМЫСТЫҢ НЕГҚЗГҚ МАЗМҰНЫ Диссертацияның “Диалектизмдерді лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері” атты бірінші тарауында диалектизмдер тіл мен мәдениеттің өзара қатысы тұрғысынан сипатталып, оларды талдауға негіз болатын қағидалар көрсетілді. ґткен ғасырдың соңынан бастап тіл білімінде құрылымдық-жүйелік парадигмалардың орнын антропоцентристік, когнитивтік, динамикалық бағыттағы зерттеулер басып, бұл сала қарқынды дами бастады. Антропоцентристік бағыттағы зерттеулерде адам проблемасы басты назарға алынып, “адамның сөзқолданысы”, “тілдегі адам бейнесі” мәселелері ерекше маңызға ие болды. Бұл мәселе лингвомәдениеттану, психолингвистика, этнолингвистика, когнитивті лингвистика салалары арқылы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары лингвомәдениеттану саласы этнолингвистикадан жеке бөлініп шықты. Лингвомәдениеттанудың міндеті – тіл мен мәдениеттің, тіл мен этностың, тіл мен ұлттық менталитеттің арақатынасын сипаттап, зерделеу болып табылады. Осы жұмыста көркем мәтіндердегі диалектизмдердің этномәдени мәнін сөз етуге талпыныс жасалды. Бұл бағыттағы зерттеулер үшін ең алдымен, лингвомәдениеттану теориясының негізгі ұғымдарын анықтап алу қажет. Осыған байланысты И.Г. Ольшанский: “Цель лингвокультурологии – описание обыденной картины мира в том виде, как она представлена в повседневной речи носителей русского языка, в различных дискурсах и разных (вербальных и невербальных) текстах культуры. Ее материалом являются живые коммуникативные процессы, литературный, философский, религиозный, фольклорный дискурсы как источники культурной информации... Слово, с точки зрения лингвокультурологии, является своеобразным “свернутым текстом”, хранящим культурно значимую информацию, закрепляющим особенности мировидения носителей русского языка”, – деп жазады [1]. Демек, лингвомәдениеттану нысаны – тіл мен мәдениеттің өзара әсері мен арақатынасы, тілдегі рухани және материалдық құндылықтардың көрінісі, яғни адам еңбегінің нәтижесінде пайда болған құндылықтар. Бұлардың бәрі жинақтала келе әлемнің тілдік бейнесін құрайтыны белгілі. Тіл мен ұлттық мәдениеттің өзара байланысы түрлі қырынан сөз болып келеді, атап айтқанда: ұлттық-мәдени компонент аспектісінде (Е.М. Верещагин, В.Г.Костомаров), аялық білім түрінде (Ю.А. Сорокин), мәдениет нышандары түрінде таңбаланған коннотация түрінде (В.Н. Телия) т.б. Тіл ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде халықтың ұлттық болмысын танытатыны, қоғамда болып жатқан құбылыстар, өзгерістер тілде үнемі ізін, таңбасын қалдырып отыратындықтан, тарихпен, этнографиямен тығыз байланыста зерттеуді қажет етеді, сол мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші тілдің кумулятивтік қызметі туралы академик Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде жан-жақты қарастырылды.
|